Облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы жолы өткізген баспасөз турында Абай ауданын аралап, атқарылып жатқан көптеген игі істерге қанықты. Біздің сапарымыз «Қарағанды-Жезқазған» ұзын жолының бойындағы Дубовка кентінен басталды. Соңғы бес-алты жылға дейін Бұқар жырау ауданына қарап келген бұл елдімекен адамның да, Құдайдың да назарынан тыс қала берген. Енді іргесіндегі Абай ауданының құрамына кіргелі шешімін таппаған біраз мәселелер қолға алынып, 4 мыңнан аса халық тұратын ауыл оның игілігін көретін күн де жақын.

– Соның бірі біздегі 29,6 шақырым кәріз жүйелерінің 90 пайызы ескіріп, тозығы жеткен еді, – дейді Дубовка ауылдық округінің әкімі Ерғали Қысырауынов. – Құны 3 миллард теңгедей болатын бұл жұмыстарды 2023 жылдан бері «Астана-инжиринг» ЖШС атқарып, бүгінге дейін кәріз жүйелері толық жаңартылып, 1 кондициялық сорғы станциясын жаңғырту аяқталып қалды. Одан әрі осындай екінші станцияның құрылысына кіріседі олар.
Осы шаруалар біткен соң осындағы 22 көпқабатты және 500-ге тарта жер үйлер оған қосылып, 27 көшенің 13 шақырым жолдары асфальтталмақ. Оған да бөлінген 700 миллион теңге қаржыны «Ғимарат» ЖШС 2 жыл ішінде орындап шығу ниетінде.
Дубовканың байырғы тұрғыны, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Юлия Шатилова осы іске, бұдан бөлек кейінгі 5 жылда өздеріндегі орта және өнер мектептерінің күрделі жөндеуден өтіп, стадионның жаңғыртылып, үйлердің сырты еурошарбақпен қоршалып жатқанына қуанышын білдірді.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін де айтумен келеді. Соған байланысты Абай ауданының келесі Мичурин ауылдық округіне қарасты Садовое және Ягодное ауылдарында да ауыз су құбырларын тарту ісі қарқынды жүргізілуде.
Абай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бақтияр Мұрсаловтың айтуынша, Ягодное аулындағы жұмыстарды «Нури және Д» ЖШС өткен жылы бастап, оған бөлінген 338 миллион теңгені толық игеріп, 3,2 шақырым ауыз су құбырларын төсеп, су бөлу станциясын салып, оны осы маусым аяғында іске қосқалы отыр.
Ал, Садовое ауылына да 4,2 шақырым ауыз су құбырлары тартылуда. Аталған округтің әкімі Елдос Баймағамбетов құны 343 миллион теңгелік бұл жұмыстарды да жоғарыдағы «Нури және Д» ЖШС 1 қыркүйекке дейін тәмамдауды жоспарлап отырғанын айтады. Сөйтіп, екі ауылдың тұрғындары сапалы ауызсуға қарық болатын күн де алыс емес. Садовое ауылында алпыс жылдан аса тұрып келе жатқан Лидия Павлюшенко сол үшін барша тұрғындардың ризашылығы мен алғысын білдіріп жатыр.
Ендігі біздің бет алғанымыз Топар кентіндегі демалыс аймақтары болды. Мұндағы су қоймасының жағасында орналасқан 20 жеке меншік және 25 ведомстволық демалыс орындарының әлеуетін арттырып, келешекте оларды туристтерді қабылдайтын жерге айналдыру Абай ауданы әкімдігінің жоспарында бұрыннан бар.
– Сол мақсатта оларға баратын 11 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланып, қазірде оң жағалауға баратын 2,6 шақырым жол асфальтталды. Ал, қалған асфальт жол сол жағалауға төселеді. Егер жылда жазғы маусымда мұнда кемінде 30 мың адам келіп, демалса, алда олардың саны өседі деген ойдамыз. Себебі, ауданда туризмді дамыту бағытында бұл іске жеке инвесторларды тартудамыз, – дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Дәріжан Мырзахметова.
Осы сөздің шындығына сол жағалаудағы «Серенити» демалыс аймағын барып көргенде, көзіміз жетті. Оның қожайыны Любовь Токупова осында салынып жатқан 32 орындық қонақ үй мен жеке үйлердің құрылысын көрсетсе, «Холидей» демалыс аймағында қазірдің өзінде демалып жатқан адамдардың қарасы аз емес екен. Бұл демалыс аймағының қожайыны Галина Киберча жаз мезгілінде күніне 500 адамды қабылдап, жыл бойы үзіліссіз жұмыс істейтіндерін мәлімдеді. Оған қажет қолайлы жағдайдың бәрі жасалып, қонақ үйі де, балалардың ойын алаңдары, арнаулы моторлы қайықтары да бар көрінеді.
Сонымен, Абай ауданын аралағанда, көргенімізге көңіліміз толып қайттық.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы