АймақБас тақырыпБасты тақырыпБұқар жырауЖаңалықтар

Бұқар жырау ауданы биыл ауызсу мәселесін шешуде тың серпін танытты

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жылдың соңына дейін ауыл-аймақты ауызсумен толық қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Бұл бағытта аймақта да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазіргі таңда қала халқының 99,4 пайызы, ауыл тұрғындарының 97,9 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұл тапсырмаға белсене араласқан Бұқар жырау ауданы биыл ауызсу мәселесін шешуде тың серпін танытты. «Су – ырыстың көзі» демекші, баспасөз туры аясында ауызсу тартылған ауыл тұрғындарының тұрмысының едәуір жеңілдеп, көңілі орныққанын көзбен көріп қайттық.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Күн көзінің көмегі – су тегін

Бұқар жырау ауданында барлығы 68 елдімекен бар. Жыл басында олардың 62-сінде орталықтандырылған ауызсу жүйесі болды. Биыл аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, қалған алты ауылға да ауызсу жеткізілді. Қазір тек техникалық рәсімдер – құжаттандыру мен баланс­қа алу жұмыстары жүріп жатыр.

Аудан орталығынан шалғай жатқан Алабас ауылында ауызсу мәселесі заман талабына сай жаңашыл әдіспен шешілді. Мұнда арнайы автоматтандырылған блок-модульді сорғы станциясы орнатылды. Ең қызығы, ол күн энергиясымен жұмыс істейді. Бұл – облыс аумағында алғаш рет жүзеге асқан қанат қақты жоба.

– Станция толықтай автоматтандырылған. Ұңғыма (скважина) суды 80 метр тереңдіктен тартып, үш ірі резервуарға жинайды. Әр резервуардың сыйымдылығы 5 тонна болса, жалпы қор – 15 тонна. Одан әрі заманауи итальяндық сорғылар арқылы су ауыл ішіне тарайды. Жобаның тағы бір ерекшелігі – ауыл халқы суды тегін пайдаланады. Себебі күн энергиясы қондырғыға тұтынуға толықтай жеткілікті. Қондыр­ғының барлығы энергия үнемдеуші жасанды зерде (интеллект) арқылы басқарылады. Қажет кезде ғана іске қосылып, артық қуатты ысырап етпейді, – деді мердігер Айдос Ыдырысов.

Жобаның артықшылығы – қондырғы тек су өндіріп қана қоймай, қажетті электр қуатын өзі өндіретіндігінде. Ауыл халқының шағын екендігін ескерсек, бұл шешім өте оңтайлы. Қазіргі таңда қондырғыға 31 күн панелі орнатылған. Әрқайсысының қуаты – 550 Ватт. Жылына шамамен 40 мың кВт-сағат энергия өндіріледі. Ал, станцияның қажеттілігі 30 мың кВт-тың айналасында ғана. Артық қалған 10 мың кВт электр қуаты желіге беріліп, қайта пайдаға асады.

– Бұрын біз үшін су тасу – машақаты мол жұмыс еді. Қазір әр үйге құбыр кірген, су тасудың қажеті жоқ. Ең бастысы – тегін. Күнделікті тұрмысымыз, шаруа да ыңғайланып қалды. Осындай жағдай жасап отырған әкімдік пен мердігер компанияға риясыз ризашылығымызды білдіреміз, – дейді ауыл азаматы Асылбек Дүйсебеков.

Ащы судан – тұщы суға

Халық саны небәрі 22 адамды құрайтын Ескі Тұзды елдімекенінде де биыл ауызсу түйткілінің түйіні тарқатылды. Ауылдың аты айтып тұрғандай су – ащы болатын. Биыл ауылға шағын блок-модуль жасақталды. Жоба аясында арнайы ұңғыма қазылып, контейнер ішіне су сүзгілеу жүйесі мен шағын су қоймасы орнатылды. Қондырғы суды тазалап, тұрғындарға сапалы ауыз­су өндіреді.

Қазір ауыл халқы ауызсуды сол блок-модульден алып кетеді. Осылайша, шағын ауылға шағын қондырғы орнату – қарапайым әрі тиімді шешім болып шықты.

Екі айда келген игілік

Бірінші Май ауылында биыл ауызсу тарту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Бар болғаны екі айдың ішінде ауылға жалпы ұзындығы 6,2 шақырым құбыр жүргізілді. Оның 800 метрі магистральға жалғанса, ал, қалғаны ауылішілік желіге жұмсалды.

Мердігер Марлен Жұмановтың айтуынша, бастапқыда жоба тек магистральдық және ішкі желілерді тартумен шектелген екен. Алайда, компания басшысы өз бастамасымен әрі әкімшілікпен бірлесе отырып, қосымша қаражат есебінен үйлерге дейін су жеткізуді қолға алған. Қазір жұмыстың 95 пайызы орындалды, тек аздаған абаттандыру жұмыс­тары ғана қалды.

Түйін

Су – тіршілік нәрі. Аймақтағы ауылдардың ауызсумен қамтылуы – ел ертеңіне жасалған нық қадам. Әр үйге жеткен таза су – тұралап қалған тұрмысты жандандырып қана қоймай, елдімекендердің де еңсесін тіктей түседі. Бұқар жырау ауданындағы жасалып жатқан игі істер – соның айқын дәлелі.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button