Ресми

Ауылдар көркейіп, маман тапшылығы жойылады

Ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыста ауқымды шаралар атқарылғанын білеміз. Мәселен, дәл осы жоба арқылы биыл 67 мың адам тұратын 41 ауылдың жағдайы оңалды. Яғни, жолдар ретке келтіріліп, су құбырлары мен әлеуметтік нысандар салынды. Бағдарлама келесі жылы да жалғасатынын айту керек. 2025 жылы 31 ауыл мен кентте жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиналысында белгілі болды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Бүгінде 28 жоба бойынша жұмыстар аяқталса, бесеуі аяқталуға жақын. Ал, он жоба келесі жылға ауысады. 2025 жылға «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 31 ауылдық елдімекенді қамту жоспарланған. Білім беру, тұрғын-үй шаруашылығы, мәдениет және спорт салаларында, сондай-ақ, жолдарды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізіледі, – деді облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Басқарма басшысы биыл орындалған жұмыстардың дені кентішілік жолдарды жақсартуға бағытталған. Одан бөлек, Бұқар жырау ауданының Доскей және Үштөбе ауылдарында клуб салынды. Сарышаған, Ғ.Мұстафин кенттерінде жаңадан дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылады.

Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінің мәдениет үйін жөндеу жұмыстары аяқталуда. Ал, Осакаров ауданының Тельман ауылында су құбыры іске қосылады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігінен облыс аудандарының ешқайсысы шет қалмайды. Атап айтар болсақ, келесі жылы Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде спорт кешені, Нұра кентінде өнер үйінің құрылысы жалғасады. Көкпекті ауылында клубты аяқтау қажет.

Ал, Сарышағанда тазарту ғимараты бар су құбыры сорғы станциясын кеңейту жүргізілуде, сондай-ақ, мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұқар жырау ауданының Трудовое ауылында су құбыры желілерін реконструкциялауды аяқтау жоспарланған. Атқарылып жатқан жобалардың жай-күйі туралы аудан әкімдері баяндады.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев «Ауыл – ел бесігі» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік ортаны жаңғырту екенін атап өтті. Ол барлық жобалардың уақытылы тапсырылуын қамтамасыз етуді және жұмыстардың сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.

Одан бөлек, аппарат жиынында облыста дәрігерлер тапшылығын төмендетудің жаңа тәсілдерін қарастыру қажеттігі айтылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыста соңғы екі жылда медицина мамандарының тапшылығы 62%-ға төмендеген. Бұған көтерме ақы көлемін көтеру, қызметтік тұрғын үй беру сияқты шаралар ықпал етті.

Жалпы, денсаулық сақтаудағы кадрлық стратегия бір орында тұрмайтынын ескерсек, келесі жылдан медицина университетіне бакалавриатқа түсуге облыс әкімінің гранттары беріле бастайды.

– Соңғы екі жылда денсаулық сақтау жүйесіне 563 медициналық маман тартылды. Ауылдық жерлерге келген жас қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 2024 жылы жергілікті бюджеттен 63 жас маманға жалпы сомасы 407 млн теңгеге көтерме ақы төленді. Тағы 106 адам «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақылар мен бюджеттік кредиттер алды. Облыс бойынша жас дәрігерлерге 203 қызметтік пәтер берілді, – деді облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Келесі жылы Нұра ауданындағы дәрігерлер үйін тапсыру жоспарланған. Ал, облыс орталығында «Жаңа қала» шағын ауданында медицина қызметкерлеріне арналған тұрғынүй кешенін салуға 1 га жер учаскесі бөлінді.

– Жергілікті бюджет есебінен резидентурада мамандар даярлау да өз нәтижесін көрсетуде. Қазір 200 адам оқып жатыр. Бұл бейінді мамандарға деген қажеттілікті жабады. Одан бөлек, шетелде дәрігерлердің біліктілігін арттыру бюджеттен қаржыландырылады. Биыл 106 дәрігер Германияда, Финляндияда, Ресейде, Испанияда балалар нейрохирургиясы, кардиология және кардиохирургия, инсульт орталықтары, анестезиология – реаниматология, онкологиядағы нейрохирургия және т. б. салаларда тағылымдамадан өтті, – деді Бибігүл Төлегенова.

Мамандыққа деген қызығушылықтың артуына мектептердегі медициналық сыныптар ықпал етеді. Олар 94 қалалық және ауылдық оқу орындарында жұмыс істейді.

Басқарма басшысы маман даярлау бағдарламасы аясында, сондай-ақ, әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2025 жылы алғаш рет облыс әкімінің бакалавриатқа 20 гранты бөлінетіні айтып отыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас мамандарды қолдауды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

– Біз нәтижелерді көріп отырмыз, бірақ, медицина мамандары тапшы. Бұл мәселені шешу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануы керек. Бакалавриатқа білім беру гранттарын беру бойынша конкурс тәртібін пысықтау қажет, – деді өңір басшысы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button