Бас тақырып

Ауылдан адам көшпейді

«Халқымыздың 40% ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті, мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде. Ауыл шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі. Президент агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру, жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларының қолжетімділігі, экспорттың әлеуетін күшейту, инвесторлық жобаларды іске асыру секілді басымдықтарға тоқталды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Аймақ һәм ауыл

Бүгінде аймақта 400-ден астам ауыл бар. Ауыл халқының басты күнкөріс көзі – ауыл шаруашылығы. Осы орайда, ата қонысымыз – ауылды сақтап қалу әрі ауыл шаруашылығын өркендету мақсатында халық қоныстанып отырған елдімекендерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту мақсатында бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асып, ауылдың еңсесі көтеріліп қалғаны бар. Іле осы жобамен қатар жүзеге асқан ауыл шауашылығын дамытуға арналған «Ау­ыл аманаты» жобасы – ауыл тұр­ғындарының табысын арттыру жә­не өмір сұру сапасын жақсартуға бағытталған бірден-бір тиімді жоба. Аймақ еңбеккерлері бұдан бөлек мемлекеттік қолдаулардың да игілігін көріп отыр.
2024 жыл аймақ қамбасы астыққа толған, берекелі жыл болды. Рекорд­тық көрсеткішке қол жеткізді. Өнім­нің жалпы көлемі 490,7 млрд теңге, нақты көлем индексі – 116%.
Мал шаруашылығы саласының да­муында да қол жеткізген көрсеткіштер жоқ емес. Нақты айтқанда, мал басының өсуімен қатар, ет өндірісінің көлемі де 2,9%-ға артып, 100,4 мың тоннаны құрады. Сүт өндірісі 2023 жыл­мен салыстырғанда 2,8% артып, 211 мың тонна болды. 625 млн дана жұ­мыртқа өндірілді.
Мал басы да өскен. Ірі-қара 16,5% ар­тып, 431,7 мың басты, жылқы 13%-ға көбейіп, 370 мың басты, ұсақ мал 4,8%-ға өсіп, 685,6 мың басты, құс 4,8% артып, 3 млн 440 мың басты құрады.
Мал шаруашылығындағы негізгі бағыт – асыл тұқымды мал басын көбейту. Сол арқылы алынатын өнім көлемін ұлғайту.

Қолдаудың үлесі қомақты

Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың ақсап тұрғандығын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы «Биыл мемлекет бұл мәселені шешіп, бөлінетін қаржы көлемін айтарлықтай арттырды» деп атап өтті. Аймақтағы шаруашылығы құрылымдарын қолдауға бағытталған мемлекеттік қаражат көлемі де жылдан жылға ұлғайып келеді. Өткен жылы 23,5 млрд теңге көлемінде 3169 шаруашылық қайтарымсыз субсидия алған. 2023 жылы бұл қаражат 22,6 млрд теңге. Осы қолдаудың нәтижесінде жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші 5,1% көтерілді.

Былтыр 30 инвестициялық жоба қабылданды. Мал шаруашылығын дамытумен қатар, өсімдік шаруашылығын өркендету, қайта өңдеу саласын жетілдіру мақсатында жүзеге асырылуда.

Инвестициялық жобаны ұсынумен бірге оның нәтижелі болуына да баса назар аударылуда. Әрі ауыл шаруашылығының дамуына қандай да бір үлесін қосуы жобада нақтыланып, назарға алынады. Осы орайда, Қарқаралы ауданындағы «Ата Мұра-Табыс» шаруашылығы мал бордақылау алаңын ашты. Салмағы 200 келі болатын малды сатып алып, семіртіп, 450 келі салмақпен сатып жатыр.

Нұра ауданында орналасқан «Шахтер» элиталы тұқым шаруашылығы тұқым тазартатын құрылғы алды. Нәтижесінде, тұқымды тазартып, улап, қапқа салып беретін мүмкіндік туды. Сондай-ақ, «Рамадан» сүт өңдеу фермасы өткен жылы жобаларын сәтті қорғап, мал базасын салды. Биыл шетелден сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара әкеледі. Ферма 1100 сиырға арналған, жылына 29 мың тонна сүт тапсырылады деп жоспарлануда.

Абай ауданындағы Вольный ауылдық округінде орналасқан құрама жем агроөнеркәсіп кешені мал азығы дақылдарына қажетті дәрумендерді қосып, жергілікті шаруашылықтарды жеммен қамтамасыз етуде.
Ақтоғай ауданындағы «Сақакес» шаруашылығы мал сою пунктін ашып, етті өңделген түрде өткізіп отыр. Сонымен қатар, Нұра ауданында еттен жартылай фабрикат дайындайтын, Шет ауданында бие сүтін өңдейтін цех ашылып, жұмыс істеуде.

Ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қосалқы шаруашылықтарды қолдауға арналған «Ауыл аманаты» жобасы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруда. Былтыр 8 жобаға қаржы бөлінсе, биыл бұл жұмыстар әрі қарай жалғасуда.

Ауыл шаруашылығын дамытудағы басты көмек – субсидия. Мал шаруашылығы бағыты бойынша шаруашылыққа асыл тұқымды бұқа әкеліп қосса немесе қойға селекциялық жұмыстар жүргізсе, субсидия ала алады. Жалпы алғанда, субсидия талаптарына сай келетін кез келген шаруашылық электрондық нұсқада өтінім бере алады.

– Бүгінде өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 93,3 млн теңге, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеуге – 628,8 млн теңге, технологиялық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасының кредиттері, сондай-ақ, лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға – 360 млн. теңге көзделген.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button