Жаңалықтар

Аймақ ғылымын көкке көтерген Жантөре Әбішевтің туғанына 90 жыл толады

Биыл Қарағанды облысы танымал тұлғаларының айтулы даталар күнтізбесінде атап көрсетілгеніндей, көрнекті ғалым-металлург, отандық металлургия және химия ғылымы мен өндірісін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан абзал азамат Жантөре Нұрланұлы Әбішевтің туғанына 90 жыл толады. Ол ауылда туып, аймақ ғылымын көкке көтерген даңқты жерлесіміз болып табылады.

Сурет авторлардан

Жантөре Әбішев 1936 жылы 18 наурызда Қарағанды облысының бұрынғы Тельман ауданына қарасты 13-поселкеде (кейін Қарағанды совхоз-институты) қызметші отбасында туған. 1952 жылы Қарағандыдағы №20 орта мектепті үздік бітіріп, небары 16 жасында Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтының металлургия факультетіне оқуға түседі де, оны 1957 жылы аяқтағаннан кейін Қарағанды ғылыми-зерттеу көмір институтына (КНИУИ) жіберіледі. Осында байыту бөлімінде ғылыми қызметін бастайды. 1959 жылы аталмыш құрылым Қазақ КСР Ғылым академиясының Қарағандыда жаңадан құрылған Химия-металлургия институты құрамына берілгені мәлім. Бұл ғылым ордасында ол 1992 жылға дейін қызмет етіп, кіші ғылыми қызметкерден осы институттың директорына және ҚазКСР ҒА Орталық Қазақстан бөлімшесінің академик-хатшысына дейінгі жолдан өтті.

Ж.Әбішевтің ғылыми қызметі Орталық Қазақстанда академиялық ғылымның аяқтанып, дамуымен тығыз байланысты болды және ҚазКСР ҒА ірі ғалым-академиктері В.Пономарев пен Е.Бөкетовтің, корреспондент мүшесі В.Ревнивцевтің тікелей қатысуымен қалыптасты. Жантөре Нұрланұлының ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты Орталық Қазақстанның минералды және техногенді шикізатын аралас химия-металлургиялық өңдеуді теориялық жағынан іздестіру және технологиялық негізін жасау, сондай-ақ кен-металлургия өндірісінің жабық аз шығынды материалдық циклын құру болды.

Көрнекті ғалымның тікелей қатысуымен аса ірі, бірақ төменгі сортты Лисаков темір кен орнының шикізатын кешенді пайдалану технологиясының теориялық негіздері жасалды, соның нәтижесінде әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет кедей фосфорлы темір кені өндіріске енгізілді, бұл кен орны осы күнге дейін Қазақстан қара металлургиясының негізгі шикізат қоры болып отыр. Қарағанды металлургия комбинатына өндіріске енгізіліп, жүзеге асырылған ғылыми-технологиялық кешен кезінде КСРО-ның ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Фосфорлы темір кенін өңдеу жөніндегі жаңа технологияны игерудің бірлескен зерттеулер нәтижесі, сондай-ақ, Үндістандағы ұқсас шикізатты өңдеуге негіз болып, сол елде металлургия комбинаты бой көтерді. Бірлескен зерттеулердің нәтижесі кеңес-үнді басылымында қорытылып, әлемнің осыған ұқсас шикізаты бар өңірлеріне ұсынылды. Осы бағыт бойынша Ж.Әбішев 1966 жылы «Домна шлактарынан ванадий алу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Онда оолитті қоңыр темір кенін кешенді өңдеудің маңыздылығы атап көрсетілді, мұның өзі қара металлургияның ғана емес, алюминий өнеркәсібі мен ванадий өндірісінің шикізат базасын кеңейтуді қамтамасыз ететін болды.

Полиметалдық сульфид шикіза­тын магниттік байытудың теория­лық негіздері мен технологиясы Ж.Әбішевтің 1982 жылы қорғалған доктор­лық диссертациясында қаралып, «Термо­магнитное обогащение пиритсодержащего сырья» (1986 ж.) деген монографиясында қорытылды. Осы технология бойынша жасалған ұсыныстар 20 шетелдік патентпен қорғалды.

Жантөре Әбішевтің бір топ институт қызметкерлерімен бірге тотыққан мыс минералдарын автоклавта өңдеу арқылы дәстүрлі флотация әдісімен практика жүзінде байытылмайтын кендерді байыту мүмкіндіктерін көрсетті, бұл зерттеулердің нәтижесі «Комплексное использование оксидного сырья тяжелых цветных металлов» монографиясында (1989 ж.) жарияланды. Тағы бір еңбегінде («Щелочное обескремнивание сырья» (1987 ж.) ол сульфид концентратын автоклавта кремнийден арылту технологиясын қорытты.

Минералдық шикізатты химиялық жолмен байытуға арналған зерттеулерінің негізгі қағидаларын Ж.Әбішев Бухарестте (1977 ж.), Мәскеуде (1980 ж.), Токиода (1987, 1990 ж.), Прагада (1987 ж.), Стокгольмде (1988 ж.), Санкт-Петербургте (1989-1991 жж.), Сеулде (1991 ж.), Сан-Францискода (1995 ж.) халықаралық конгресс, симпозиум, конференциялар мен кеңестерде баяндады.

Қарағандылықтар Жантөре Нұрланұлын өзінің 33 жылдық ғұмырын Химия-металлургия институтына арнаған ұйымдастырушы-ғалым ретінде жақсы біледі, соның 20 жылында ол аталмыш институтты басқарып, Орталық Қазақстанда академиялық ғылымның қалыптасуына зор үлес қосты. Сол кездегі одақтық Ғылым академиясы ғылыми кеңестерінің шешімімен Химия-металлургия институты бейорганикалдық химия, пайдалы қазбаларды байытудың физикалық-химиялық проблемалары және жанудың энергетикалық проблемалары секциясы бойынша халькогендер мен халькогенидтер химиясы мен технологиясы жөнінде Бүкілодақтық кеңестер өткізетін тұрақты орын, жанудың электрофизикасы бойынша Одақтық семинар, «Пайдалы қазбаларды байыту схемаларында химиялық-металлургиялық әдістерді қолдану» Одақтық үйлестіру кеңесі, сондай-ақ «Лисаков кен орнын кешенді пайдалану» жөніндегі аймақтық ғылыми-техникалық конференция өткізетін орын болып белгіленді.

1986 жылдың қорытындысы бойынша институт республикалық жарыста үздік шығып, сол кездегі мәртебелі марапат –республикалық ауыспалы Қызыл туға ие болды.

Индустриялық жағынан жақсы дамыған Орталық Қазақстанда қуатты өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуеттің болуы 1983 жылдың қазан айында Химия-металлургия институтының базасында ҚазКСР ҒА Қарағанды бөлімшесін құрудың алғышарты болды. Бөлімше төрағасының орынбасары болып Ж.Әбішев сайланды. Көп ұзамай, 1984 жылы құрылымы кеңейтіліп, ол ҚазКСР ҒА Орталық Қазақстан бөлімшесі атанды, бөлімшенің академик-хатшысы болып Ж.Әбішев бекітілді, ол сондай-ақ ҚазКСР ҒА президиумының мүшесі болып сайланды.

Бөлімше жанынан Жантөре Нұрланұы ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық кеңес және ғылым салалары бойынша жеті секция құрды, олар: геология және тау-кен ісі; түсті және қара металлургия; химия; автоматты басқару жүйесі, аспап жасау және есептеу техникасы; агроөнеркәсіп кешені; қоғамдық ғылымдар; биология және медицина. Атап өту керек, аталмыш құрылымдар кезінде өңірде ғылымның, техника мен өндірістің тығыз кірігуін қамтамасыз етуге молынан үлес қосты.

1992 жылдың шілде айынан Ж.Әбішевтің ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінде жаңа кезең басталады, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан құрылған Ғылым және жаңа технологиялар министрлігінің ғылыми-ұйымдастыру басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Басқармаға елімізде ғылым мен техника саласында мемлекеттік саясат жүргізу міндеттері жүктелген болатын. Президенттің «Республиканың ғылымын ұйымдастыруды жетілдіру мен ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы» 1993 ж. 21 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Қазақстанның технологиялық серпілісін қамтамасыз ету мақсатында Ж.Әбішевтің қатысуымен елімізде ғылыми орталықтар торабы құрыла бастайды.

1993 жылы өзі сондай ірі құры­лым­ның бірі – Минералдық шикізатты кешенді өңдеу Ұлттық орталығының бас директоры болып бекітіледі. Орталық тау-кен ісі, пайдалы қазбаларды байыту және металлургияны басым дамыту жөніндегі республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша басты мекеме еді. Бұл қызметте де жерлесіміз өзін бар қырынан танытып, халқына адал қызмет ете білді. Алайда, ол 1999 жылы ауыр науқастан қайтыс болып, ғылым саласында іске асырмақ талай жобалары аяқталмай қалды. Бірақ Қарағандыда жүргенде ХМИ-лік әріптестері Ә.Жәрменов, А.Терлікбаева, С.Байсанов, М.Толымбеков, С.Дүйсембаева және Б.Ха­сенмен бірге қолға ал­ған ферросиликоалюминий және күкірт қышқылының таза сортын алу жөніндегі әлемдік деңгейге сәйкес жұмысы жемісін беріп, 2001 жылы (қайтыс болғаннан кейін) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен аталып өтті.

1985-1991 жылдар арасында Жантөре Әбішев одақтық академияның Физика-химия және органикалық материалдар технологиясы бөлімшесінің ғылыми қызметін үйлестіру жөніндегі кеңесінің мүшесі, академияның Геология-геофизика және геохимия бөлімшесінің пайдалы қазбаларды байытудың физикалых-химиялық проблемалары бойынша ғылыми кеңесінің бюро мүшесі болып, одақтық ғылымды өрістетуге де ерен үлес қосты. Республикамызда да көптеген ғылым кеңестердің жұмысынан бас тартқан жоқ. Мәселен, 1993 жылдан ҚР Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі сарапшылар кеңесінің мүшесі, Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталықтың «пайдалы қазбаларды байыту» және «қара металлургия» мамандықтары бойынша докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі мамандандырылған кеңесінің төрағасы, 1994 жылдан Пайдалы қазбаларды байыту жөніндегі халықаралық конгрестің ғылыми комитетінің (Лулео қ., Швеция) мүшесі болды. Сондай-ақ бірнеше дүркін «ҚазКСР ҒА жаршысы» (1986-1989 жж.), «ҚазКСР ҒА хабаршысы» (1986-1993), «Минералдық шикізатты кешенді ұқсату» (1991 жылдан) ғылыми журналдарының редакциялық алқа мүшесі міндеттерін атқарды.

Жантөре Нұрланұлы ғылыми жұ­мыстармен қатар қоғам өміріне бел­сене араласып, ғылыми-педаго­гикалық қызмет те атқарды. Қарағанды облысы ректорлары кеңесі құрамында болды, оған 80-жылдардың ортасында бірнеше жыл жетекшілік етті де. Сол 80-жылдары Ж.Әбішев Қазақстан Компартиясы Қарағанды облыстық комитетінің бюро мүшесі ретінде ғылым саласын дамытуға жауапты болды. 1984 жылы ол ХМИ жанынан ҚарМУ-дің бейорганикалық химия кафедрасының филиалын құрып, студенттердің ғылыми жұмыстармен айналысуына мүмкіндік жасады. Өзі бес жыл бойы «Минералдық шикізатты химиялық қайта өңдеу» пәні бойынша лекциялар оқып, студенттердің курстық және дипломдық жұмыстарына жетекшілік етті. 1987 жылы оған «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы бойынша профессор атағы берілді.

Жантөре Нұрланұлының ғылыми және қоғамдық жұмысы жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Ғылым академиясы тарапынан Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағына ие болды. Оның Химия-металлургия институтының дамуына қосқан баға жетпес еңбегі және ғылыми ортада мәртебесін көтергені үшін 2000 жылғы 20 қазандағы Үкімет қаулысымен аталған институтқа академик
Ж.Әбішевтің есімі берілді.

Қарағанды қаласы әкімі мен қалалық мәслихаттың 2016 жылғы 26 ақпандағы 08/ 01 және № 447 бірлескен қаулысымен облыс орталығындағы жаңа көшенің бірі Жантөре Әбішевтің атымен аталатын болды.
Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша ғалым КСРО-ның 76, шетелдің 29 авторлық куәліктер иегері, 300-ден астам ғылыми еңбек, соның ішінде 8 монография (жеке және авторлармен бірге) жариялады. Оның ғылыми жетекшілігімен 1 докторлық және 10 кандидаттық диссертация қорғалды.

Қазақстан ғалымдары Жантөре Әбішевтің Орталық Қазақстанның металлургия және химия ғылымына қосқан үлесін жоғары бағалап, 1983 жылы КазКСР ҒА корреспондент-мүшесі етіп сайлады, 2003 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы жалпы жиналысының шешімімен Ж.Әбішевке академияның толық мүшесі атағы берілді.

ҚР Минералды шикізатты кешенді өңдеу Ұлттық орталығының басшылығы мен қызметкерлері дәстүрлерді берік ұстап, Орталықтың негізін қалаушы және алғашқы басшысы болған академик Әбішевтің ісін лайықты жалғастыруда.

Жантөре Нұрланұлы беделді ғалым, талантты зерттеуші, отандық ғылым жетістіктерін жалықпай насихаттаушы бола білді. Ол сондай-ақ әріптестерімен, шәкірттерімен, ағайын-туыстарымен қарым-қатынаста қарапайым, ата-анасына қамқоршы, жан-жақты, білімді, мәдениетті азамат болды. Адал жары Раиса Уәлиқызымен бірге ұл-қыздарына, немерелеріне сапалы білім, саналы тәрбие берді. Қызы Сәуле Ленинград университетін бітірген, психолог, ұлы Жандос Мәскеудің болат және қорытпа институтын аяқтаған, инженер-металлург, техника ғылымдарының кандидаты, әке ісін жалғастырушы.

Жакеңнің немерелері де 2010-2020 жылдары шетелдің беделді оқу орындарын тәмамдап, бүгінде еңбекке араласқан: Сейдана – экономист, Сеул университетін, Амангелді – дипломат және қаржыгер, Пекин дипломатия университетін, Алтынай – қаржыгер және психолог, Лидс университетін бітірген. Олар алған білімдері мен тәлім-тәрбиені қоғамға адал қызмет ету ісіне арнап, ата есімін ардақтап өсіп келе жатқан және болашағынан зор үміт күтер ұрпақ өкілдері.

Сайлау БАЙСАНОВ,
Ж.Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының директоры,
техника ғылымдарының докторы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Айдархан МҰХТАР,
ХМИ-дің зертхана меңгерушісі,
техника ғылымдарының кандидаты,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Парасат» орденінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button