Ауылда амбулатория ашылды
Бұқар жырау ауданының Самарқанд ауылдық округінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Ондағы құрылыс жұмыстары 2024 жылдың маусым айында басталып, қысқа мерзім ішінде жоғары сапада аяқталды.
Жаңа нысан кең әрі жарық, заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және бірнеше функционалды кабинеттерден тұрады. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова сөз сөйлеп, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады:
– Елді мекендерді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндетіміз. Бүгінгі ашылып отырған жаңа дәрігерлік амбулатория – осы бағыттағы нақты қадамның бірі. Бұл нысан Самарқанд округінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, олардың денсаулығын нығайтуға зор үлес қосады, – деді ол.
Аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Мергенбаева да сөз сөйлеп, амбулаторияның қызметі ауыл халқының қажеттіліктерін толық қамтамасыз ететінін атап өтті:
– Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынған. Медициналық жабдықтармен толықтай қамтылған бұл амбулатория тұрғындарға сапалы және жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай нысандардың ашылуы – денсаулық сақтау саласын дамыту жолындағы үлкен жетістік, – деді ол.
Жаңа амбулаторияның бас мейірбикесі Жұмакүл Алкеева өз пікірін білдіріп:
– Бұл амбулатория біз үшін үлкен сый болды. Енді ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Біздің басты міндетіміз – әр адамға сапалы қызмет көрсету, – деп өз ризашылығын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Күләш Жағыпарова жаңа нысанның ашылуына қуаныш білдірді:
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Жаңа амбулаторияның ашылуы – көптен күткен оқиға. Енді бізге медициналық көмек алу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Барша ауыл тұрғындарының атынан алғысымды білдіремін, – деді ол.
Шара барысында ауыл ақсақалы Сәміш Шұғаев батасын беріп, амбулаторияның халық игілігіне қызмет етуін тіледі.
Жаңа нысан Самарқанд ауылдық округінің бірнеше елді мекеніне қызмет көрсетеді. Ашылу салтанаты шашумен және жылы лебіздермен аяқталды.
Ұлттық жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Осыған байланысты, аудан аумағында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының құрылысы жалғасуда. Жаңа нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Ержан Имаш,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан