Жаңалықтар

Ауыл жастарын қолдау жобасы қорытындыланды

Қарағанды облысында ауыл жастарының әлеуетін арттыруды мақсат еткен «Ұлт Қазынасы» жобасы аяқталды. Үш айға созылған бағдарлама барысында қатысушылар түрлі саладағы үздік мамандардан бағыт-бағдар, теориялық білім және тәжірибелік машық жинады деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігі сайтына сілтеме жасап.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

Жоба ұйымдастырушылары – облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма. Бірінші үш айда онлайн дауыс беру арқылы таңдалған 13 ментор 40-тан астам қатысушыны тәрбиеледі. Тәлімгерлердің тізімі медицина, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік және әлеуметтік қызмет салаларын қамтыды.

Менторлар 35 ауылдық елді мекенге барып, жастарды таңдады, оларға тренингтер, кәсіби бағдар беру сабақтары мен экскурсиялар ұйымдастырды. Жалпы жобаға 2000-нан астам ауыл жастары қатысты.

Жобаның ең жас қатысушысы – Бұқар жырау ауданындағы Ақбел ауылының тұрғыны 13 жастағы Ерасыл Айбек. Ол ата– шаруашылықта көмектеседі және фермер болуды армандайды. Оның айтуынша, жоба оның болашағын өзгертуге мүмкіндік береді.

– Мен фермер болып, ауылда қалып, оны көтергім келеді. Бұл жоба біз үшін – жақсы мүмкіндік әрі үлкен жігер, – дейді Ерасыл.

Оның менторы – шаруа қожалығының басшысы Анар Бозаева.

– Мен жастарға дұрыс бағыт беру және тәжірибеммен бөлісу үшін қатысуды жөн көрдім. Ерасылдан тамаша фермер шығады деп ойлаймын. Көз жанары жанып тұрғанын көремін. Ол ауылын жақсы көреді, мақтанышпен айтады. Ауыл шаруашылығы бойынша теориялық білімімді қуана бөлістім, – дейді ментор.

Тағы бір ментор – Долинка кенті әкімінің орынбасары Жасұлан Хамитов – өз шәкірттерін олардың зор ынтасы мен даму ниетін көріп таңдағанын айтады.

– Олардың көздерінен болашаққа деген шынайы қызығушылық пен өсуге деген құлшынысты көрдім. Бұл – адам өзіне жаңа көкжиектер ашып, өз күшіне сенетін сәт, – дейді Жасұлан Хамитов.

Оның оқушыларының бірі, 11-сынып оқушысы Руслан Құлмұхамедов, жобаға дейін мамандық таңдай алмағанын айтады. Менторымен танысқаннан кейін мемлекеттік қызмет саласын таңдауға бел буыпты.

– Бұл жоба ауыл жастарының ой-санасын өзгертеді, өз жолын табуға көмектеседі. Мемлекеттік қызметтің жұмысын ішінен көріп, бұл саланың маған жақын екенін түсіндім. Адамдарға көмектескім келеді, маңызды мәселелерді шешуге атсалысып, қоғам дамуына, елдің өркендеуіне үлес қоссам деймін, – дейді Руслан.

 

Жобаның соңғы кезеңі – менторлар мен шәкірттер өз жұмыстарының нәтижесін таныстырған қорытынды фестиваль болды.


Тәлімгерлерге «Ұлт мақтанышы», ал шәкірттерге «Ұлт үміті» марапаттары табысталды.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button