Ауыл шәкірттерінің жетістігі: республикалық додада 7 медальмен үздіктер қатарында
Қарағанды облысының ауыл мектептерінің оқушылары жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсетіп, екі алтын және бес қола медаль жеңіп алды. Биылғы зияткерлік сайыстың финалына еліміздің ауылдық өңірлерінен 475 оқушы қатысып, олардың 200-і жүлдегер атанды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олимпиада 13 пән бойынша төрт кезеңнен тұрды. Мектепішілік кезеңге 125 мыңнан астам оқушы қатысса, финалға шамамен мың бала жолдама алған. Оның ішінде 475-і жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша бақ сынады. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бес ректорлық гранты табысталды, оның екеуін Қарағанды техникалық университеті ұсынды. Сондай-ақ математика, физика және информатика пәндері бойынша І дәрежелі диплом иегерлері Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқу мүмкіндігіне ие болды.

Финалға қатысқан барлық оқушы республикалық сырттай «Дарын» мектебіне қабылданады. Ал жеңімпаздар 2026 жылдың наурызында өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне тікелей қатысады.

Физика пәнінен алтын медальді Шет ауданының оқушысы Ислам Құрманбай еншіледі. Ол РФММ-ға қабылданды.
– Ислам – еңбекқор, білімге құштар оқушы. Өткен жылы ол қола медаль алған болатын, биыл мақсатымыз – алтын болды. Әріптесім Жекебай Аманжолмен бірге теорияға, практикаға және эксперименттік тапсырмаларға ерекше көңіл бөліп дайындалдық. Жүйелі еңбек өз нәтижесін берді, – деді физика пәнінің мұғалімі әрі жеңімпаздың тәлімгері Гүлмира Шыныбекова.
– Олимпиада ауыл оқушылары үшін жақсы мүмкіндік береді. Мұғалімдердің және «Сарыарқа дарыны» орталығының қолдауының арқасында тапсырмалар қолжетімді болды. Енді мен Алматыдағы РФМШ-да білім алу мүмкіндігіне ие болдым, – деді Ислам Құрманбай.
География пәнінен алтын алған Кирилл Ерофеев олимпиадаға қатысу оның басты мотивациясына айналғанын айтты.
– Бұл сайыс – өз біліміңді тексеріп, мықтылармен бәсекеге түсуге берілетін бірегей мүмкіндік. Жеңіс мені одан әрі биік мақсаттарға ұмтылуға шабыттандырады, – деді Кирилл Ерофеев.
География пәнінің мұғалімі Жанар Серекбаева Кирилдің жетістігі ұзақ дайындық пен алдыңғы жылдар тапсырмаларын терең талдаудың нәтижесі екенін атап өтті.
– Ең бастысы – өз еңбегімен келген білім. Мұғалімнің міндеті – бағыт-бағдар беру, қателерді талдауға көмектесу. Бұрынғы жылдардың тапсырмаларын қарастыру – ең тиімді әдістердің бірі, – деді Жанар Серекбаева.
Қола медаль иегерлері: Нұржігіт Рысхан, Расул Құрманов, Ернұр Шалдыбаев, Ерасыл Игілік және Мәди Нұрмағанбетов.
Ал қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада 9–14 желтоқсан күндері Астанада өтеді. Бұл сында Қарағанды облысының намысын 24 оқушы қорғайды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



