Ауыл мен қала мектебі: айырмашылық азаяды
Соңғы 10 жылда еліміздегі мектеп оқушыларының контингенті 1 млн. балаға артты. Қазіргі таңда жалпы бала саны – 3,7 млн. Орын тапшылығын жою мақсатында қалаларда балаларға арналған қосымша мектептер салу қажеттілігі туындады. Осы бағыттағы «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат заманауи мектептер ашуға мүмкіндік бермек. Жаңа мектептерде оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де жағдай жасалады.
Президент атап өткендей, жоба аясында елімізде 369 заманауи мектеп ашылуы тиіс. Оның ішінде, қалаларда – 205, ауылдарда 164 білім беру нысаны салынбақ. 217 ғимараттың құрылысын 2024 жылы, қосымша 152 ғимаратты 2025 жылы аяқтау жоспарланған.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 12 500 орындық 18 мектеп салынбақ. Биыл 10 мектептің құрылысы басталды. Атап айтқанда, Қарағандыда 4 мектеп, Балқаш қаласында –1, Бұқар жырау ауданында – 3, Шет ауданында – 2.
Құрылыс басқармасы мамандарының айтуынша, барлық білім ошақтары бойынша конкурстар өткізіліп, мердігерлер анықталған. Құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті.
– Қазіргі таңда білім ошақтарының іргетасы құйылып, құрылыс және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік желілер қолға алынуда. Жұмыстардың мерзімдері мен сапасы ерекше бақылауда. Жаңа мектептер жеті түрлі талапқа сай 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орындық болып, ауылда, қалада да жаңа бірыңғай стандарт негізінде салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдары болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Заман талабына сай толықтай жабдықталады, – дейді Қарағанды облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.
Сондай-ақ, кабинеттерге мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылуға мүмкіндік беретін touch-экрандар орнатылмақ. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін ауыстырып киетін киімге арналған жеке сөрелер қарастырылған. Ерекше білім алуды қажет ететін балалардың қалауы да назардан тыс қалмайды.
Мектептердің сапасы маңызды болғандықтан, құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынады. Бірыңғай оператор – «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ өкілдері мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетінін айтады.
– «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарына аса жауапкершілікпен қараймыз. Мердігерлердің жұмысы да бақылауда. Компаниядан апта сайын техникалық есептер талап етіледі. Құрылыс жұмыстары барысында сапаға басымдық береміз, – дейді «SamrukKazyna Construction» басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.
Басқарма төрағасының айтуынша, Қарағандыдағы «Кең дала» шағын ауданында 2000 оқушыға арналған жайлы мектеп салынуда. Жанынан футбол, қыста хоккей ойнауға мүмкіндік беретін көпфункционалды стадион ашылады. Сондай-ақ, «Гүлдер» шағын ауданында салынатын 300 орындық мектептегі спорт ғимаратын заманауи талаптарға сай жасау – жоспарда. Дене шынықтыру сабағын бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізбес үшін, жобалық қуатына қарай спорт залдары ашылады. Оқушыларды мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы да қатаң бақылауда болмақ. Автобустар тоқтайтын аялдамаларды дайындап, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де мердігерлер назарынан тыс қалмайды.
2024 жылға жоспарланған қосымша 8 мектептің (Қарағанды қаласында – 4 мектеп, Приозерск қаласында – 1 мектеп және Абай, Нұра, Қарқаралы аудандары-1) құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, барлық жайлы мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына берілмек.
Жайлы мектептер салуда барынша ашықтық сақталатындықтан, құрылыс барысын интерактивті карта арқылы онлайн қадағалауға мүмкіндік бар. Мектептердің қай жерде және қашан салынатыны IP-камера арқылы көрсетіледі.
Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз жерде білім алуға мүмкіндік береді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz