Ауыл мектебінің ахуалы алаңдатады
Осылай деп шыр-пыр күй кешкен шалғайдағы мектеп директоры көп. Олар пәндік сабағының бес-алты сағатын саудалай алмай әлек. Әрекеті бар болғанымен, қарекеті жоқ. Ауылға қайырылатын қайраты бар жас мұғалімдер өкінішке орай қаланы қиып кеткісі келмейді. Ал ауыл балаларының білім сапасына кім алаңдайды, кім бас қатырады?
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында білім саласында қордаланып қалған мәселелерді саралай келе, ауыл мектептерін қала мектептерімен теңестіру қажеттігін айтқан болатын. Шынында да, бұл – шалғай ауылдағылардың шымбайына бататын дүние.
Сонымен, облыста жалпы білім беретін 402 мектеп бар. Оның 231-і ауылда. 172 425 оқушының 40 753-і ауыл мектебінде білім алып отыр. Алыс-жақын ауылда 160 шағын мектеп болса, онда бағамдай беріңіз, мұғалім жетіспеушілігі қанша мектепте барын…
Мәселен, Теміртау қаласынан аса қашықта емес Краснонивская ауылындағы мектепте 40 бала білім алады. Жаңа оқу жылы басталғанымен бастауыш сынып мұғалімінде 11 сағат, орыс тілінде 12 сағат, қазақ тілінде 4 сағат бар. Мұнымен қоса, физика, информатика пәнінен сабақ беретін мұғалім жоқ. Бірақ, амалдауға тура келеді. Көрші ауылдың мұғалімдері қатынап істейді. Мәселен, физика пәнінің мұғалімі аптасына бір мәрте келіп, күні бойы сабағын беріп кетеді. Сабақ кестесінің ретін осылай құруға мәжбүр.
– Ешкімге кінә артарымыз жоқ. 4-5 сағатқа қай мұғалім келеді? Бірақ сонда да «enbek.kz» электронды порталына бос жұмыс орнын жүктейміз. Аудандық білім бөлімі де түйіндеме жолдап отырады. Қатынап сабақ беруге ешкім ниетті емес. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мүлдем жас маман есігімізді ашқан емес. Жабылып қалар деген қорқынышымыз да жоқ емес. Жылда бір сынып кеміп отырады. Мысалға биыл алтыншы сынып жоқ. Информатика мұғалімі Қызылжар ауылынан аптасына бір мәрте келеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де аптасына екі рет келіп, 7 сағат өткізеді. Математика пәнінің мұғалімі де аптасына үш мәрте келіп, сабағын өткізеді. Ол мұғаліміміз зейнетте. Жібермей отырмыз. Қолдан келер шарамыз осы болып тұр, өкінішке орай, – дейді мектеп директоры Ағзия Жұмабекқызы.
Онымен қоса, химия, биология, физика кабинеттерінде лаборатория жоқ. Сол себепті аттестациядан өтпей қалған. «Басқа мектептерге қарастырылса, ескі болса да солардан керек-жарақ алар едік. Мектебіміздегі оқушылар зертхана жұмысын көзбен көріп, қолмен ұстаушы еді», – дейді директор.
Директор Теміртаудан ауылдарына қатынайтын автобус кестесін оңтайландырып берсе дейді. Мүмкін сонда қаладағы мұғалімдер емін-еркін қатынап, балалар сапалы білім алар еді.
Бұқар жырау ауданы, Ынтымақ ауылындағы орта мектепке химия пәнінің мұғалімі қажет. Мұнда 43 бала білім алатындықтан 3 сағатқа ғана қажет. Қазір математика пәнінің мұғалімі беріп жатыр.
– Амалымыздың жоқтығынан химиядан математика пәнінің мұғалімі беріп отыр. Көрші ауылдан бір мұғалім қатынап, істеймін деген. Әлі хабар жоқ. Мектебімізде бұрын-соңды асхана болмаған. Үш жылдай болды, бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты. Мектебіміз құлай жаздап, «Ынтымақ» шаруа қожалығы төбені шатырлап берген. Енді спорт залымыз күрделі жөндеуді қажет етеді, – дейді мектеп директоры Бақыт Амандыққызы.
Ақтоғай ауданындағы шалғай мектептерге химия, биология, география секілді пәндердің мұғалімдері жетіспейді. Қайта даярлау курстары арқылы ауыл мұғалімдерін оқытып, сол кісілерге жүктеп, амалдап отырған көрінеді.
Осы жылы Ақтоғай ауданында бала саны жетіспеушілігінен Қарақой, Нұркен ауылы мен Қаратал елдімекеніндегі мектеп жабылды.
Осылайша, шалғайдағы ауыл мектебінде амалсыздан зейнет жасындағы ұстаздар мен басқа пәннің мұғалімдері сабақ беріп отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасынан өкінішке орай қайыр шамалы. Бағдарлама игілігін көремін деген жас педагогтердің шалғайдағы шағын ауылға ат басын бұруы сирек, тіпті, жоқ деуге де болады. Оның басты себебін айналып келіп тағы мектептегі сағат санының аздығына телиміз. Сол себепті жас маман жарытымсыз жалақыға жұмыс істегісі жоқ.
– Ауыл мектептерін дамыту мақсатында мектеп тәжірибесін жетілдіру, материалдық-техникалық базасын нығайту және мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру арқылы «Ауыл мектебі» жобасы жүзеге асырылып отыр. Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 128 магниттік мектепті біріктіретін 32 негізгі мектеп құрылды. Жақын маңдағы білім беру ресурстары қысқа мерзімді сессиялық сабақтар мен оқушыларды аралық және қорытынды аттестаттау үшін біріктірілген. Ауыл мектептеріне әдістемелік және практикалық көмек көрсету, ғылыми-әдістемелік және практикалық бағыттағы жұмыстарды сапалы ұйымдастыру, ауыл мектептерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында облыстағы ауыл мектептері облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарына бекітілген, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Білім саласындағы мәселелерді мәслихат мінберінде салмақты көтеріп жүрген депутат Абай Қалықов қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасы жер мен көктей дейді.
– Ашығын айтқанда, ауыл мектебінің жағдайын түземей, білім көші оңалмайды. Бір ғана мысал, лингафонды және мультимедиялық кабинет, интерактивті тақта қала мектебінде қарапайым оқу құралына айналған. Шалғай ауылдарда мұндай жүйедегі пәндік кабинетті көп кездестірмейсіз. Бұл да баланың терең білім алуына кедергі. Сол себепті, қала мектептері мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының деңгейі жер мен көктей. Салыстыруға мүлдем келмейді. Ауылдағы білім сапасын арттыру үшін бірнеше жоба жасалып, бағдарламалар қабылданды. Сапалы кадр тапшылығы мен мектептің материалдық базасының әлсіздігінен бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей тұр. Ауылға білімді, креативті маман бармайынша, білім сапасы көтерілмейтіні анық. Осы жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Алшақтықты азайту үшін ауылдағы шағын жинақталған мектептерді білікті оқытушылар құрамымен қамтамасыз ету керек», деп айтқан еді. Үкімет деңгейінде шешілетін үлкен мәселе бұл. Шағын мектепті жойсақ, ауылды жоямыз, – дейді облыстық мәслихат депутаты Абай Қобыландыұлы.
Шалғайда жатқан ауыл мектептерінің ахуалы аса мәз емес. Осындай әлжуаз күй кешсе де олар бір-бір ауылды аман алып қалып отыр. Ал шағын мектептің шаруасы тынса, ауыл тозады. Ауыл тозса, одан кейінгі ахуал бәрімізге белгілі…
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz