Медицина

Ауыл медицинасының өрісі кеңи ме?

Алдағы екі жылда ауыл халқын медициналық қызметпен қамтуға баса назар аударылатын болады. Ол – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Бұл үдеден шығу үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Оны іске асыру аясында ауылдық жерлерде жаңа медициналық мекемелер пайда болып, жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

ortalyq.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, бүгінде ауылда шамамен 8 млн. адам тұрады. Бұл – ел халқының 41%-ы. Дерек бойынша республика көлемінде ауыл тұрғындары жүгінетін 5 мыңнан астам медициналық ұйым көмек бар. Аймақтың денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауылдық жерлерде жеті орталық аудандық аурухана жұмыс істейді. Олардың құрамына төрт ауылдық аурухана, 60 дәрігерлік амбулатория, 47 фельдшерлік-акушерлік пункт, 142 медициналық ұйым кіреді. Баса айта кетері, сол мекемелердің жартысынан астамының тозығы жетіп тұр.

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында алты ФАП құрылысы аяқталады. Жаңартуды талап ететін 92 ауылдық елді мекендегі нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына енді. Аталған нысандарды 11 дәрігерлік амбулатория, 34 ФАП және 47 медициналық пунктпен байланыстыру үшін жергілікті бюджеттен 608 млн. теңге бөлінетін болады.

Балқаш және Теміртау қалаларының ауруханалары базасында ауылдық аудандарға қызмет көрсету аймағын айқындап және «алтын уақыт» стандартын сақтай отырып, белгілі бір патологиясы бар пациенттерді, инсультпен, миокард инфарктісімен, жарақаттармен, хирургиямен және оңалтуға жатқызылатын науқастарды жеткізу үшін ауданаралық ауруханалар құрылады. Осы ауруханаларды күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 865 млн. теңге бөлінді. Ангиографтарға жапсарлас құрылыстар салу үшін қосымша жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде, оларға 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінетін болады.

Өңірде барлығы 7 099 стационарлық төсек орны бар. Оның 5 792-сі – мемлекеттік секторда (77,4%) және 1 307-сі – мемлекеттік емес секторда. Денсаулық сақтау нысандарының басым бөлігі тозған. Оның 70%-ы 1960-1980 жылдары салынған. Қазір жергілікті бюджет есебінен 14 млрд. теңгеден астам сомаға 59 нысанды жөндеу жоспарланды.

Соңғы төрт жылда 12 млрд. теңгеге 116-дан астам нысан (оның ішінде Ұлытау облысының объектілері де бар) жөнделді. Сондай-ақ, алдағы үш жылда медициналық техника паркін 18 млрд. теңгеден астам сома болатын 995 бірлікке жаңарту жоспарланған. Бұл – негізінен медициналық көліктер.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы үш міндетті қамтиды: Бірінші міндет – фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екінші міндет – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Үшінші міндет – ауылдық денсаулық сақтау нысандарын медицина кадрларымен қамтамасыз ету.

Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, сондай-ақ, ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған. Министрлік келтірген деректерде ауыл халқы тыныс алу ағзалары ауруларынан зардап шегетінін көрсетеді. Оның жиі кездесетіні соншалықты, 42,7%-ды құрайды. Одан кейінгі орында ас қорыту органдарының аурулары 9% кездеседі. Жалпы ауылдағы ағайынның денсаулығы жақсарып, өлім-жітім 21,3%-ға төмендеген.

Бүгінде дертті асқындырмай ерте анықтау үшін жаппай скринингтер де қолданылады. Былтырдан бастап 18 жасқа толған әрбір ауыл азаматы профилактикалық тексерулерден өту мүмкіндігіне ие болды. Бұрын мұндай тексерулер 30 жастан басталатын еді. Скринингтік тексеріс аясы да артты. Мәселен, асқазан-ішек жолдары мен қуықасты безінің ауруларын анықтауға бағытталған скринингтер қосылды. Бұл мақсатта медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы 478 млн. теңге жұмсамақшы.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button