Ауыл медицинасы қаладан қалыспайды
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы ел көлемінде қарқынды жүріп жатыр. Ауқымды жоба ауылдық елдімекендерді медициналық ұйымдарымен қамтамасыз ету, білікті медициналық кадрларды тарту және ауыл халқына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру міндеттерін шешуі тиіс. Қарағанды облысында жоба аясында салынуы тиіс 92 нысанның 40-ы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 25-сі қолданысқа берілді. Құрылысы жүріп жатқан 51 нысан биыл жыл соңына дейін табысталады. Жобаның жүзеге асырылу барысы, оң әсері мен кемшіліктері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешовтің қатысуымен талқыланды. Жиынға аудандық ауруханалардың басшылары, ауыл медицинаның өкілдері, жоба жетекшілері мен сарапшылар қатысты. Бәріне ортақ – медициналық көмекті сапалы әрі қолжетімді ету мәселесі, жан-жақты, бастысы, еш бүкпесіз айтылды.

Нысандар биыл беріледі
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Кенжибаев мәлімдегендей, жоба аясында аймақта 11 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт және 47 медициналық пункт салынады. Оның ішінде, 25 нысан бұған дейін медициналық инфрақұрылым болмаған ауылдарда, ал, 67 нысан қазіргі заман талабына сай келмейтін ескі немесе бейімделген ғимараттардың орнына бой көтеруде.
– Облыстың ауылдық аймақтарындағы 180 084 тұрғын медициналық көмек алып отыр. Қазіргі уақытта жеті аудандық аурухана, 4 ауылдық аурухана, 59 дәрігерлік амбулатория, 49 фельдшерлік-акушерлік және 136 медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Жалпы, медициналық 187 нысан бар. Оған жаңадан салынған 98 нысан қосылады: ұлттық жоба бойынша – 92, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша – 6 фельдшерлік-акушерлік пункт. Бүгінгі күні 40 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, олардың 25-і пайдалануға берілді. 2023 жылы – 7, былтыр 18 нысан аяқталған, – деді басқарма басшысы.
Атап айтқанда, Ақтоғай ауданында бір нысан, Бұқар жырау ауданының 8 ауылының төртеуінде, Қарқаралы ауданында жоспарланған 13 нысанның 11-і, сонымен қатар, Шет ауданының 16 ауылының тоғызында, сонымен бірге, Абай ауданының екі ауылында құрылыс жұмыстары аяқталып тұр.
Қазіргі уақытта 51 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жұмыс жоспарға сәйкес биылғы жылдың қазан айына дейін айқталады. 44 нысан маусымда, қалған жетеуі қыркүйекте берілуі тиіс.
Сонымен қатар, биыл Теміртау мен Балқаш қаласындағы орталық аурухананың құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталады. Қазірдің өзінде Теміртауда пайдалануға беру актісін тіркеу және жабдықтау қолға алынған. Балқашта демонтаж, жер жұмыстары, іргетас және бірінші қабат плитасын бетондау аяқталған, ғимараттың қаңқасы тұрғызылған, ішкі жұмыстар жалғасуда.
Нәтижесінде Теміртау мен Балқашта кардиология, хирургия, травматология және реабилитация бөлімшелері бар заманауи ауданаралық ауруханалар ашылады. Олар МРТ, ангиограф және КТ аппараттарымен жабдықталады. Әрі жаңа мамандармен толығады. Қазіргі уақытта 2-3 курста білім алып жатқан резиденттер есебінен реабилитолог, рентгенолог, кардиолог, терапевт, нейрохирург сынды 40 маман тартылады деп жоспарланған.
Кемшіліктер жойылуы тиіс
Кездесу барысында жобаны жүзеге асыру барысындағы кемшіліктер де айтылды. Серік Балғатайұлы заң шығарушы органның өкілі ретінде өңірлердегі өткір мәселелерді сол елдімекен тұрғындарының аузынан естігісі келетінін жасырмады.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саян Мұратұлының айтуынша, пайдалануға берілген 25 нысанның 16-сында ақаулар анықталған. Қарқаралы ауданындағы 11 нысанның үшеуі, Шет ауданында тоғыз нысанның сегізі, Ақтоғай ауданында бір нысан, Бұқар жырау ауданында сегіз нысанның төртеуі талапқа сай емес.
– Негізгі ақаулар – шатырдан су ағу, төбенің ылғалдануы, қабырғалардағы жарықтар, плиткалар мен плинтус желімінің түсуі, электр сымдарының салбырауы, гараж қақпасына басқару пультінің болмауы, су ағызу жүйелерінің орнатылмауы, резервтік дизель генераторының қосылмауы. Бұдан бөлек, басқа да ақаулар бар. Кейбір нысандарда жұмыс кешігіп жатыр. Екі мердігермен келісімшарт бұзылып, қазіргі таңда жаңа мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалды, – деді ол.
Жаңа нысандарға лицензия алу да шешімін таппай отыр. Бүгінгі күні пайдалануға берілген бірде-бір нысан лицензия алмаған. Санитариялық-эпидемиялық бақылау органдары тарапынан лицензия беруден бас тартуға нысандардың нормаларға сай болмауы – себеп. Жиналғандар бірқатар кедергілерді атады. Мәселен, босанатын әйелдерге арналған изолятордың болмауы және жеке кіреберісінің жоқтығы, фельдшер бөлмесінде дәріхана пунктінің болмауы, сондай-ақ, қатты, сұйық немесе газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін жылыту жүйесінің болмауы. Айта кетерлігі, бұл кемшіліктер жобалау кезінде министрлік тарапынан ескерілмеген. Енді құрылыс қарқынды жүріп жатқан кезде оларды жою бірінші кезектегі мәселеге айналуда.
Серік Өтешов те аталған мәселелерді тезірек шешу қажеттігін баса айтты. Себебі, бұл нысандар мемлекет қаражатына, ортақ бюджеттен жүзеге асып жатыр.
– Саян Мұратұлы, жобалардың сапалы аяқталуын талап етіңіз. Бұл – ұлттық жоба. Оның сұрауы болады. Сапалы орындауға тырысу керек, бұл мәселеге қайтып оралмайтындай, – деді Серік Балғатайұлы. Әрі бұл жерде медициналық көмекке мұқтаж қаншама адам, науқастың өмірі мен денсаулығы басты орында тұрғанын да атап өтті.
Сенатор ауылдық медицинаның жай-күйін, бүгінгі таңда қолда бар мүмкіндіктер мен орындалуы тиіс міндеттер туралы сұрады жиналғандардан. Осакаров ауданының аудандық ауруханасы директоры Ольга Травнева халықтың медициналық көмекке қанағаттануы артып келе жатқанын айтты.
– Бізде заманауи құрал-жабдықтар бар. Науқастар разы. Бірақ, жедел жәрдем көлігі күрделі. Парк жаңартуды талап етеді. Жолдың бойында болғандықтан, жол-көлік оқиғалары жиі, – деді Ольга Николаевна.
Бұл турасында Самат Кенжибаев облыстық жедел медициналық көмек станциясы 100-ден астам жедел жәрдем көлігін алуға сұраныс бергенін және барлық аудандар қамтылатынын жеткізді.
Шет ауданы аудандық ауруханасының басшысы Алпыс Жанатұлы ауылдық медицинаның негізгі екі мәселесі – кадр тапшылығы мен материалдық-техникалық базаны жаңғырту екенін алға тартты.
Маман тапшылығы азаяды
– 2023-2024 жылдары әр жылы ауданға 9 маманнан келді. Бұл кейінде қолға алынған қолдау шараларының нәтижесі деп білемін. Бейінді мамандар тапшы еді. Бүгінде ауданда екі орталық аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт, 28 медициналық пункт бар. Бұл аудан халқын толық қамтуға жеткілікті. Айтпағым, келген жас мамандарды баспанамен қамту мәселе туғызып тұр. Төрт қызметтік пәтер берілген, бірақ, ол жеткіліксіз. Келген мамандар үйлердің орталық жылыту жүйесіне қосылғанын сұрайды. Осы мәселені шешуге көмек қажет, – деді Алпыс Жанатұлы.
Расымен, ауылдық жерлердегі медицинаны жаңғырту аясында ауылдарға мамандар бара бастады. Бұл үшін 2024-2026 жылдарға арналған кадрлық стратегия әзірленді. Оған сәйкес 2023 жылы көтерме жәрдемақы мөлшері 1,5 млн теңгеден 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Былтырдан бері мұндай көмекті ауылға барған мамандар ғана емес, Балқаш, Теміртау сынды қалаларға барған акушер-гинекологтар, педиатрлар, анестезиологтар және басқа мамандар алуда. Жобаның алғашқы жылында 63 маманға 407 млн теңге төленді. Биыл 419 млн теңге қарастырылған. 70 маман келеді деп күтілуде. Оларға баспанамен қамту да назардан тыс қалған жоқ. Былтыр жас мамандарға Қарағанды, Балқаш қалалары мен Доскей ауылында – 169 пәтер берілді. Одан бөлек, Нұра ауданында 13 пәтерлік үй берілуге дайын болса, Теміртауда жыл соңына дейін 35 пәтер табысталады. Қарағандыда 350 пәтерлік тұрғын үй кешенін салу жоспары бар. Ол «Жаңа қала» ауданында бой көтермек. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталады.
Сонымен қатар, ауылға барған мамандар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша да көмекке құқылы. 106 маман аталған бағдарлама бойынша көтерме көмек алды, 40-ы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды. Көтерме төлем көлемі – 100 айлық есептік көрсеткіш (393 200 теңге). Ал, баспанаға бюджеттік несие 2 500 айлық есептік көрсеткішті, яғни, 9 830 000 теңгені құрайды.
Басқосуда айтылған бірқатар мәселелерді сенатор түртіп алды. Облыс атынан ұсыныс әзірлеуді облыстық мәслихаттың Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова мен Самат Кенжибаевқа тапсырды.
– Жұмыс жалғасады. Жобаны барынша сапалы аяқтауымыз керек. Бастысы, ауыл тұрғындары бұл өзгерістерді сезінуі керек, бұл солар үшін жасалып жатқанын білуі керек. Ең шалғай деген ауылдың өзінде халық медициналық көмекке қолы жететіндей болуы тиіс, – деді Серік Өтешов кездесу соңында.
Делегация бұдан кейін Шет ауданына барып, ұлттық жобаның өңірлерде жүзеге асу барысын көріп қайтты.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»