Ресми

Ауыл интернетсіз қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумында 2025 жылдың соңына дейін барлық ауылдарды ұялы байланыспен қамтуды тапсырған болатын. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов Beeline Kazakhstan басшысы Евгений Настрадинмен кездесіп, өңірдегі байланыс пен интернеттің сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Онда тұрғындар мен бизнес үшін байланыс жағдайларын жақсарту мәселелері қарастырылды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

2023 жылы Beeline 40 жаңа базалық станцияны қосу және бұрыннан бар 80-ге жуық станцияны жаңарту арқылы аймақтағы желісін кеңейткен болатын. Ал, 50-ден астам адам тұратын ауылдарды қамтитын «50 +» бағдарламасы аясында компания Қарасу, Қойбас және Қоянды сияқты елдімекендерді байланыс және интернетпен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта Босаға ауылын мобильді операторға қосу жоспарда. Одан бөлек, биыл Beeline компаниясы 80-нен астам базалық станцияны қосады.

Облыс әкімінің орынбасары мобильді оператор тарапынан атқарылған жұмыстар мен биылға арналған жоспарларды атап өтті. Сондай-ақ, байланыс пен интернетке қатысты мәселелерге алаңдаушылық білдірді.

– Тұрғындармен кездесулерде ұялы байланыс сапасына қатысты сұрақтар қойылады. Бір жерде мобильді интернет болмаса, келесі біреуінде қоңырау шалу мүмкін емес. Ауылдық жерлерде де осындай проблемалар бар. Сондықтан, Beeline компаниясы өз күштері мен мүмкіндіктерін тек қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарға да жеткізеді деп үміттенеміз, – деді Ермек Алпысов.

Өз кезегінде Евгений Настрадин жергілікті билік органдарымен ынтымақтасуға және Қарағанды облысындағы байланыс және интернет мәселелерін шешу үшін шаралар қабылдауға дайын екенін білдірді.

– Біз ауылға және халқы аз аудандарға жақсы байланыс пен интернетке қол жеткізудің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Бұқар жырау ауданындағы Астаховка және Суықсу ауылдарының әкімдіктеріне, сондай-ақ, жергілікті инвесторларға шағын елдімекендерді байланыс пен интернетке қосу жөніндегі жобаларды іске асырудағы ынтымақтастығы үшін алғыс білдіргім келеді. Компаниямыз Қарағанды облысының әр тұрғынын заманауи сапа стандарттарына сәйкес тұрақты интернетпен қамтамасыз етуде облыс пен жергілікті аудандармен белсенді ынтымақтастық үшін әрқашан ашық, – деп қорытындылады Beeline Бас директоры Евгений Настрадин.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button