АймақНұра

Ауыл естелікпен емес, ертеңмен өмір сүреді

Ауылдың шетінен басталған құрылыс, дала төсінде иілген егін, жасыл желек пен жаңарған жол – бәрі бір тінмен өрілген серпілістің белгісі. Қаңырап тұрған ғимараттар енді – дәрігерлерге баспана, құлазыған алқаптар – үміттің дәні себілген егістікке айналды. Ауылдағылар енді тек естелікпен емес, ертеңмен өмір сүргісі келеді. Бұл өзгерістердің басында – халықпен ашық жүздесіп, әр ұсынысқа құлақ түрген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұр. Нұра жаңғыру үстінде. Кеше армандаған дүниелер – бүгін нақты жоспар, ертең – жүзеге асатын мүмкіндік.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Дән себілген далада үміт те бүр жарды

Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев егіс алқаптарын аралап, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты. Агрономдармен, жас фермерлермен тілдесіп, биылғы жылдың бағыты мен мүмкіндіктерін бірлесе саралады.

Көктеммен бірге жаңарып, түлеген Нұраның кең даласы тағы бір берекелі маусымға кірісті. Қарағанды облысының ең ірі аграрлық өңірлерінің бірі биыл 342 мың гектар алқапқа егін себуді жоспарлап отыр. Бұл – былтырғыдан 18 мың гектарға артық. Дән себудің жаңа кезеңін Нұра өзіне тән қоңыр тірлікпен, бірақ, үлкен жоспармен қарсы алды.

Ауылдағы шаруаның күнкөрісі де, үміті де – жерден. Мәселен, Кенжарық ауылдық округіндегі «Отқанжар» ЖШС-де ата-баба дәстүрін жаңғыртып, құйрықты қой өсірумен айналысады. Ал, «Байтуған» қожалығы – ауыл жұртының қажетіне жарап жүрген шағын, іргелі шаруа. Олар жыл санап суармалы жерлерді көбейтіп келеді.

– Бірінші жаңбырлатқыш құрылғыны былтыр алдық. Енді бес стационарлық машина қосылып, жұмыс қыза түсті. Жоңышқа егіп, төрт рет шабындық алуды көздеп отырмыз. Бидай да ектік. Бұл – өнімділікті бірнеше есеге арттырады. Бір гектардан 60-70 центнерге дейін өнім алғымыз келеді, – дейді «Байтуған» ҚСШҚ басқарушысы Константин Приб.

Жердің әр түйірі – еңбек, әр дәні – үміт. Бұл маусым Нұра үшін өнім көлемін ғана емес, сапасын да арттырудың мүмкіндігіне айналмақ. Әсіресе суармалы егіншілікке бет бұру – уақыт талабынан туған шешім.
Ауданға сапары барысында облыс әкімі саланы мемлекеттік қолдау тетіктеріне де назар аударып, фермерлердің ұсыныстарын тыңдады. Асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылып, аграрлық әлеуеттің ауқымы айқындалды.

– Біз Нұрадағы көктемгі дала жұмыстарын көрдік, фермерлермен кездестік. Суармалы егіншілікті ұлғайту көзделіп отыр. Жас фермерлер белсенді, жоспарлары нақты. Біз олардың жанынан табыламыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Егінмен бірге елдің жолы да жаңаруы тиіс. Аудан жұртшылығы көптен күткен «Жараспай – Нұра» бағытындағы тасжолдың жөндеу жұмыстары биыл басталмақ. Қазір тиісті құжаттар сараптамада. Сондай-ақ, аймақ басшысы республикалық маңызы бар «Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» жолының Көбетей тұсындағы учаскесін аралап, мердігерлерден нақты жұмыс кестесін сұрады.

«ҚазАвтоЖол» өкілдері ресайклингтен соң асфальт төселетінін, ал, жоба биыл толық аяқталуы тиіс екенін жеткізді. Облыс әкімі болса, басты талап – жол сапасы екенін қадап айтты. Себебі, сапалы жол – ауылдың келешекке апарар нақты жолы.

Нұра биыл тек дән егіп қана жатқан жоқ. Ол – еңбек пен үміттің жаңаруын, даланың жаңғыруын күтіп жатқан шаңырақ.

Қаңыраған ғимараттан – қайырлы мекенге

Көптен бері қаңырап бос тұрған ғимарат енді дәрігерлерге жаңа үй болмақ. Нұра ауылында пайдаланылмай жатқан нысан бүгінде толықтай қайта жаңғырып жатыр. Көп ұзамай мұнда ақ халатты абзал жандар үшін 14 қызметтік пәтер дайын болады. Бұл – жас мамандарды ауылға тартуға, сондай-ақ ауданға қажетті кадр мәселесін шешуге жасалған нақты қадам.

Қайта құру жұмыстары облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Нұра ауданына сапары кезінде көрсетілді. Ғимарат шатыры жаңарып, инженерлік жүйелері түгел ауыстырылып, ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алған. Болашақ пәтерлер жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталады, орталық жылыту жүйесі тартылады, ауласы абаттандырылады. Жай ғана баспана емес – толық өмір сүруге дайын кеңістік пайда болмақ.

Бұл – аудандағы денсаулық сақтау саласындағы жалғыз жаңалық емес. Ұлттық «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Нұрада 10 жаңа медициналық нысан бой көтеруде. Соның бірі – Ізенді ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП). Бұл нысанның құрылысы ауыл тұрғындарының талай жылғы үмітін ақтамақ.

Нұрада тек медицина емес, басқа да инфрақұрылым жаңарып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында Ізендіде су құбыры тартылып, жолдар жөнделсе, Қайнар ауылында тасжол ретке келтірілді. Аудан орталығында жаңа Өнер үйі бой көтеріп, құрылысы мәреге жақындап қалды.

Бұл күні облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Nura Nomad Next балалар этнолагерін де аралап көрді. Биыл алғаш рет есік ашатын лагерь 250 баланы қабылдамақ. Ерекшелігі сол – балалар киіз үйлерде тұрып, көшпенділер өмірімен етене танысады. Қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен рухани мұрасын ұрпақтың жүрегіне ұялатуға бағытталған бастама – ауданның жаңа рухани тынысына айналғалы тұр.

Ауыл үніне құлақ түрген күн

Бір жыл бұрын Нұра ауданына арнайы келген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев биыл аудан халқымен қайта жүздесті. Ашық форматта өткен кездесуде атқарылған істер мен алдағы міндеттер талқыланды.

Басты назар – сапалы ауыз сумен қамту мәселесінде. Қазір ауданда орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 95,7%-ға жеткен. Аққолқа, Бестамақ, Топаркөл ауылдарына блокты-модульді станциялар орнатылған. Биыл Жараспай, Құланөтпес және Қантай ауылдарына су жүйесі тартылып, көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Ахметауыл тұрғындары республикалық трассаның жарықтандырылуын сұрап, бұл мәселе облыс басшысының бақылауына алынды. Сонымен қатар, «Жараспай – Нұра» жолы жөнделеді.

Сапар барысында әкім Изендідегі жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысын көрді. Биыл облыста 60-қа жуық денсаулық сақтау нысаны іске қосылмақ. Сондай-ақ, Нұрада Отбасын қолдау орталығы ашылып, тұрғындарға тегін психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі.

Кездесуде ардагерлер жайылым тапшылығын көтерді. Мемлекет пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, тиімді бөлу жұмыстарын қолға алған.

Сапар соңында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке қабылдап, көтерілген мәселелерге нақты жауап берді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button