Жаңалықтар

Ауыл – елдің жүрегі

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында “жаға ұстатар” жағдайды айтты.

Сурет: автордан

– 2 млн. ірі-қара, 3 млн. ұсақ малды өтірік есепке қосып, бір кәсіпкерлер субсидия алған. Мемлекетті алдаған! Бұған жол берген операторлар жауапқа тартылсын, – деді Президент.

Жолдауда айтылған ауылға қатысты жаңалықтарға тоқталайын.

Ауылдың жанайқайы – жер. Жайылымға жер жоқ, малды өріске жіберсе айыппұл төлетеді. Ал, ен дала бос жатыр, бірақ бір-бір латифундист меншіктеп алған.

Егер жерді игермесе, жергілікті халықты жұмыспен қамтымаса, ауылды көркейтуге үлес қоспаса, бұл жерлер мемлекетке қайтарылсын” деді Президент.

Мыңдаған шақырым қашықтықта тұрса да, ауылға ауыз салып, жерден жер қоймаған латифундистардан жауап алатын кез жетті.

«Ауылға қандай қамқорлық жасадың?!» Енді жеріме малыңды жіберме, деп бос жатқан ен даланы қызғанғандарға осы сауалды қоятын боламыз.

– Ауылға бөлінетін қаржының 70% бюджеттен бөлінеді. Банктер мен қаржыгерлер де ауылды дамытуға қаржы қарастырсын, – деді Президент.

Ауыл – елдің жүрегі. Мемлекет қана емес, болдым-толдым деген азаматтар да ауылды өркендетуге үлес қосатын кез келді.

Ауыл қазір тек шикізат өндіріп отыр. Сүт пен ет, дәнді-дақылды сатудан түсетін табыс аз. Оларды өндіріп-өңдесе ғана табысы еселенеді. Сол себепті Президент ауыл халқына тауар өндіруді үйрететін орталықтар ашуға тапсырма берді.

Ауылға тек субсидия емес, төмен пайызды несиелерді де көбейту керек.

Өнімді сату үшін инфрақұрылым жасап беру қажет. Сонда ауыл халқы қалаға жөңкіліп көшпей-ақ, қаланы асырайтын әлеуетті күш ретінде қала береді.

Жолдауда Президент ауылдың мұңы мен жанайқайын ашып айтты. Ауылды сақтап қалу – елдігімізді сақтап қалумен тең.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Ұлттық құрылтай мүшесі, «Отбасын қолдау орталығы» ҚММ басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button