Бас тақырып

«Ауыл – ел бесігі» жобасы ауыл ажарын ашуда

Биыл өңірде 67 мың адамды қамтитын 41 ауылдық елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бітқатар игі жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, жолдар ретке келтіріліп, су құбырлары мен әлеуметтік нысандар салынды. Ал, 2025 жылы дәл осы жоба аясында 31 ауыл мен кентте жаңғырту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппарат кеңесінде талқыланды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева бүгінгі таңда 28 жоба бойынша жұмыстардың атқарылғанын мәлімдеді.

– Аталған бағдарлама аясында 28 жоба аяқталса, тағы бесеуі аяқталуға жақын. Тағы бір 10 жоба келер жылға қалдырылды. Сонымен қатар, 2025 жылы 31 ауылдық елді мекенді бағдарламаға енгіземіз. Білім беру, ТКШ, мәдениет және спорт саласына айрықша ден қойып, жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – деді.

Биыл орындалған жұмыстардың басым бөлігі – кентішілік жолдардың жөнделуі. Бұқар жырау ауданының Доскей және Үштөбе ауылында мәдениет үйі бой көтерген. Сонымен қатар, Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінде, Бұқар жырау ауданы Мұстафин кентінде жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Ал, Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентіндегі Мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Осакаров ауданы Тельман ауылында су құбыры іске қосылады. Одан бөлек, Қарағайлы кентінде салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы, Нұра кентіндегі өнер үйінің құрылысы келер жылы да жалғасады. Ал, Көкпекті ауылында салынып жатқан мәдениет үйнің құрылысы жақында аяқталады деп күтілуде.

– Сарышағанда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша тазарту қондырғысы бар су құбыры сорғы стансасы кеңейтіліп, мектеп-интернаты күрделі жөндеуден өтуде. Бұқар жырау ауданының Трудовое ауылында су құбыры желілерін реконструкциялауды аяқтау жоспарланған – деді Татьяна Аблаева.

Аппарат кеңесінде аудан әкімдері жобалардың жай-күйі жайында аймақ басшысына баяндап берді. Ал, Ермағанбет Бөлекпаев «Ауыл – Ел бесігі» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік ортаны жаңғырту екенін атап өтті. Ол барлық жобалардың уақтылы тапсырылуын қамтамасыз етуді және жұмыстардың сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button