Бас тақырыпМедицина

Ауыл дәрігерлеріне қолдау: 8,5 млн теңгеге дейін көтерме төлем мен тұрғын үй беріледі

Қазақстанда ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту мақсатында 2023 жылдан бастап «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келе жатыр. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Аймақта 2026 жылға дейін ғимараттардың 52%-ын жаңарту, 92 жаңа нысан – амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық пункттер салу жоспарлануда.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Биыл 66 нысанның құрылысы жалғасуда. Алғашқы 15-ін мамыр айында, 41 медициналық мекемені маусым айында тапсыру жоспарланған, қалған 10 мекемені қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар, жаңа мекемелерді медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы өңірге 210 жас маман келіп, оның 106-сы ауылдық елді мекендерге жіберілді. Әлі де дәрігерлер тапшылығы бар.

– Дәрігерлерді тарту үшін 8,5 млн теңгеге дейін көтерме төлемдер және тұрғын үй беру қарастырылған. Биыл тағы 70 маманды тартуды жоспарлап отырмыз, – деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абзалиев.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кадрлық қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.

– Бағдарламалар әзірлеңіздер, субсидиялар бөліңіздер, кадр мәселелерін шешіңіздер! Жобаны іске асыруға жергілікті тұрғындарды тартыңыздар! Бұл біздің ортақ жауапкершілігіміз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жаңа ауылдық нысандардың құрылысымен қатар, Балқаш пен Теміртауда заманауи ауданаралық ауруханалардың құрылысы аяқталуға жақын қалды. Онда кардиологиялық хирургиялық, травматологиялық және оңалту бөлімшелері ашылады. Теміртауда ангиографиялық операциялық бөлменің құрылысы аяқталды, Балқашта жұмыстарды күзге дейін аяқтау жоспарланған. Аталмыш ауруханаларды жабдықтау үшін ангиографтар, компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтар сатып алынады.

Құрылыстағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне, полиция мен құрылыс компанияларына қоршалмаған шұңқырға бала құлаған қайғылы оқиғадан кейін бақылауды күшейтуді тапсырды.

– Әрбір нысан сенімді қоршалуы тиіс. Кез келген шұңқырлар, орлар, авариялық және қауіпті учаскелерге адамдар кіріп кетпеуі үшін жабылуы тиіс. Қалалар мен аудандар әкімдері бақылауды күшейтуі қажет. Немқұрайлылық танытқан мердігер ұйымдар заң шеңберінде жауап береді. Адамдардың қауіпсіздігі – біздің басымдығымыз. Бұл ұстаным осы салада жұмыс істейтін және бақылауға жауапты әрбір адамға жеткізілуі тиіс. Алда жаз келе жатыр, балалар демалысқа шығады. Барлық құрылыс учаскелері ерекше назарда болуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button