АймақБұқар жырау

Ауыл дән риза

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданы ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету ісі қауырт қолға алынып, өз нәтижесін бере бастады. Соның жарқын бір дәлелі – осы аптада өңірдің Алабас, Аюлы ауылдарына ауызсу құбырлары тартылып бітіп, іске қосылуы.

Суретті түсірген Данияр Торжанов

Аудан орталығынан 40 шақырым жатқан Алабас ауылының тұрғындары енді күнделікті ауызсудан тарықпайтын болды. Бұрын олар оны екі құдықтан алып, таситын.

Бұл жұмыстар мұнда былтырдан басталып, жуырда осы нысанның аумағын қоршау мен абаттандыру аяқталып, осы жердегі барлық үйге ауызсу құбырлары тартылып бітті.

Алабаста орнатылған күн сәулесі панелдерімен жұмыс істейтін автоматтандырылған блоктік-модулдық сорғы станциясы электр жарығы сөніп қалған күннің өзінде де ауызсудың тоқтаусыз ағып тұруына мүмкіндік береді.

– Алабастықтар мердігерлердің ауызсу құбырларын тарту жұмыстарын сапалы жасап, оны үйлеріне кіргізіп бергендеріне дән риза, – дейді ауыл тұрғыны Құрман Кәрібаев.

Сол күні ауданның Аюлы ауылының тұрғындары да осындай қуанышқа кенеліп, көптен күткен таза ауызсуға қолдары жетті. Алдында алабастықтардың шаттығын бірге бөліскен аудан әкімі Ерлан Құсайын аюлылықтарды да осынау айтулы оқиғамен құттықтады.

Аудан ауылдарына ауызсу жеткізу ісі мұнымен тоқтап қалмайды. Сол жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Бахтияр Жаңбырбаев:

– Биыл бюджет қаржысы есебінен ауданның тағы да 6 елдімекенінде ауызсу құбырларын тарту жоспарланып отыр. Яғни, Волховское, Бірінші Май, Стан, Севан, Ескі Тұзды ауылдарының тұрғындары таза ауызсудың дәмін татады. Сонымен, жыл аяғына дейін Бұқар жырау ауданының ауылдары тегіс қажетті ауызсумен қамтамасыз етіледі, – деген еді. Ендеше, іске сәт!

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button