Балқаш қаласының іргесінде (бұрынғы геологтар кентінде) атакәсіпті өркендетіп, төрт түліктен нәсіп тапқан, қымыз сапырып, май шайқап, құрт-ірімшік кептіріп, көпке үлгі болып жүрген «Өмірсерік» шаруа қожалығының басшысы Алмаш Қауымбекова тұрады.
Шалғай ауылда ғана емес, қала іргесінде де мал бағып, төрт түлік өсіруге болатындығын көрсеткен шаруашылық иесін әңгімеге тарттық. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгініп, қаймақ-майды қала тұрғындарына жеткізіп беріп отырған Алмаш Қауымбекқызы кәсібіңді ашып, тұрмысыңды түзеу – істің көзін таба білер қарымды қабілеті мен қажырлы қайратына ғана байланысты екендігін айтады. Кәсіп иесінің айтуынша, ел ішінде қолынан келетін бір кәсіпті меңгеріп, тұрмысын түзеуге ұмтылушылар аз емес. Оларға мемлекет тарапынан да көп-көрім көмек көрсетілуде.
–Мен көп жылдар қалада тұрдым. Ақтоғайда жүргенде қолымызға мал ұстап, сиырымыздың сүтін сауып ішіп отырдық. 2015 жылы Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне барып, құжаттарымды тапсырып, жылқы шаруашылығымен айналысуға бел будым. Алдымен жерімді заңдастырдым. Мемлекеттік бағдарлама арқылы 9 миллион теңгеге 15 жылқы сатып алдым. Балқаш қаласынан осы жерге көшіп келгеннен кейін тіршілік қамына бірден кірісіп кеттік. Мал шаруашылығы қазақтың атакәсібі емес пе? Біз де сол кәсіптен нәсіп тапсақ деген ойға келдік. Бала күннен жүйрік мініп, ірі және ұсақ малдың сырына қанығып өскендіктен бұл кәсіп бізге қиын болған жоқ. Тек жылқы ғана емес, басқа да түліктерді өсіріп отырмыз. Балам Өмірсерік Әмірханұлы қолқанатым болып, қолдау көрсетуде. Екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мұратхан Ермеков есімді жылқышым және Айнаш Аманжолова деген сауыншым бар. Әрқайсына 103 мың теңгеден жалақы төлеймін, – дейді Алмаш Қауымбекова.
Қазіргі таңда сол жылдардағы 9 бие өсіп, 20 бастан асса, 6 сиыры 14 басқа жетіпті. Ұсақ малдың саны да көбейген. Құрт, ірімшік, сары май базардағы бағадан 15 пайыз арзан. Алмаш апайдың үш баласы және тоғыз немересі бар. Бүгінде кенже ұлы Өмірсерік анасымен бірге шаруашылықтың тізгінін ұстап жүр. Өз еңбегімен өз отбасын асырап, оның үстіне басқаларға да қол ұшын беріп жүрген Алмаш Қауымбекқызының шаруашылығын көпке үлгі болатын-ақ дүние.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz