Спорт

Ауыл баласының арманы

Қолында – ракетка, доп немесе асық. Қалтада – телефон. Бірақ, көзі смартфонда емес. Себебі дәл қазір ол – ойын алаңында. Ол – жарысқа келген ауыл баласы. Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде басталған V облыстық жазғы ауылдық жасөспірімдер ойындары дәл осындай ерекше көрініс­термен есте қалуда. Жарысқа Қарағанды өңірінің 7 ауданынан 840 жасөспірім қатысты. Бұл спорттық дода ғана емес. Бұл – ауыл баласының арманының алаңы.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

15 мамыр күні ойындардың ресми ашылуы Бұқар жырау ауданы орталығы – Ботақара кентіндегі «Сарыарқа» стадионында өтті. Спортшылар сап түзеп, жалаулар желбіреп, жеңіске деген құлшыныс стадионға лық толды. Салтанатты шараға Олимпиада чемпионы, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысып, спортшыларға шын жүректен сәттілік тіледі.

Жарыс бағдарламасына волейбол, шағын футбол, армрестлинг, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату, бес асық, дзюдо, қазақ күресі және стритбол сияқты спорт түрлері енгізілген. Ойын алаңдары мен залдарда күн сайын тартыс пен толқу қатар жүруде.

– Бұл – менің алғашқы ірі жарысым. Атмосферасы ерекше. Спорт, бәсекелестік, жаңаша сезім. Бәрін жеңгіміз келеді, – дейді Абай ауданынан келген 10-сынып оқушысы Арина Махамбетова.

Арина – волейболшы. Бірақ, одан да бұрын – ауылдың намысын арқалап келген қарапайым қыз. Оның қуанышы – шынайы. Мақсаты – таза. Қолындағы волейбол добы – арманға апарар жол.

Былтырғы ауылдық ойындарды Абай қаласы өткізген. Ол кезде Шет ауданы чемпион атанған-тын. Абай мен Бұқар жырау аудандары – екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Биылғы жарыс – кім жеңеді, кім жеңіледі дегеннен бұрын, баланың өз-өзіне деген сенімін қалыптастыруды көздегенін аңғардық.

Жарыс барысында тек дене емес, мінез, тәртіп, төзім сынға түсуде. Бұл – жасөспірім үшін жаттығумен бірге, өмір мектебі. Қолына ракетка ұстаған бала – ертең қалам ұстап саясаткер болар, бозкілемде белдескен ұл – болашақ дәрігер шығар. Бірақ, дәл қазір олардың бәрі – бір ғана атаудың өкілі: ауыл спортының сарбаздары.

Әр ауданнан келген командаларда 120 спортшы мен жаттықтырушылар болды. Бұқар жырау ауданының құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, сегіз жүлделі орынды иеленді: волейбол (қыздар), мини-футбол, армрестлинг, үстел теннисі (қыздар), тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату бойынша І орын және дзюдо бойынша ІІ орын.

Қатысушылар арасында Бұқар жырау ауданы, Көкпекті ауылының жаттықтырушысы Сергей Шпякин де болды. Ол шәкірттерінің үш жылдан бері жаттығып жүргенін, аудандық спартакиадаларда бірнеше рет жеңіске жеткенін айтты. Осы жетістіктердің арқасында олар облыстық деңгейге жолдама алып, өз шеберліктерін тағы да дәлелдеді.

Үстел теннисі бойынша командалық есепте қыздар І орынға ие болса, жекелей сында барлық үш жүлделі орынды да иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша Бұқар жырау ауданының командасы жалпыкомандалық есепте І орын алды. ІІ орынға Шет ауданы, ІІІ орынға Абай ауданының командалары ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық бұқаралық спортты дамыту орталығы тарапынан кубоктар, дипломдар және медальдар табысталды.
Алаң ортасында – ауылдың баласы. Бір күніміз емес, бүтін ұрпағымыз сонда.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button