Нұра ауданына қарасты Қантай ауылына су жүйесін тарту құрылысы аяқталуға жақын. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартуға оңды әсер ететін бұл инфрақұрылымдық жобаның маңызы зор.

Жұмысты биылғы 11 наурыздағы келісімшартқа сай «Теміртау баптау орталығы» ЖШС мердігерлері атқаруда. Жобаға Гүлнәр Ахмаджанова басшылық жасайды. Қаржыландырудың жалпы көлемі 426 миллион теңге болса, оның негізгі бөлігі – 414 миллион теңгесі құрылыс-монтаж жұмысына бағытталған. Сондай-ақ, техникалық және авторлық бақылау шығындары да қарастырылған. Жобаны жүзеге асыру үшін авторлық бақылауды «ASK PROJECT 1» ЖШС, техникалық бақылауды «KAZTECHENGINEERING» ЖШС жүргізеді.
Қазіргі таңда жұмыстың негізгі кезеңдері орындалды. Ұзындығы 7 900 метр ор қазылды (оның біраз бөлігі жартасты қатты қабат болды). Оның бойымен диаметрі 110 миллиметрлік түтік тартылды. 68 су өткізу құдығы құрастырылды. Тұрғындардың дербес жер учаскелерінің шегіне дейін түтіктер тартылды.
Қазіргі таңда су айдау мұнарасы мен су жинақтау қондырғысын монтаждауға әзірлік жасалуда. Сөйтіп, қантайлықтар таза ауыз суға қарық болатын күн алыс емес.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»