Ауыл «қартайып» барады
«Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.
Бұл қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Тура мағынасында. Ауылдарда тап қазіргі күні кәрі-құртаң, қария-қарттар күнелтіп отыр. Өз қағынан өзі жеріген құландай жастары қалаға жосып кеткен. Әйтеуір, әлгі ертегідегі қарттар ауылынан айырмашылығы – арасында бюджеттік мекемелерде еңбек ететіндердің барлығы. Сосын күтпеген, тосын сый боп, төбеден топ еткен «жиендер» мен қалада қарайтын адам жоқтан ата-әжесіне амалсыз «жер ауып» жеткен шынашақтай немерелер.
Рас, тоқсаныншы жылдағыдай емес. Ауылдағы ағайынның қалаға көші сиреді. Бірақ, аңсары әлі де шаһарға ауып тұратын кептен арылған жоқ. Қаладағы әлеуметтік-мәдени мүмкіндіктердің молдығы магнит секілді. Үлкен-кішісін ықтиярсыз тартып әлек. Қызыл-жасыл, түрлі-түсті, әлем-жәлем әлемі – ауыл баласына әсіре қызық. Сол себепті ес жиып, етек жапқан соң алды-артына қарамай қалаға безе қашады. Содан ауылдар қазір «қартайды». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруды тапсырды. Онда ауылды көркейту арқылы жастарды ауылда ұстап қалу мүмкіндігін атаған еді. Бұл жоба шау тартқан ауылдарға жастықтың отын сыйлар ма?
Жолдың жыртығын жамай беру ауылды пұшпаққа шығармайды
«Нұр Отан» партиясының XVIII сьезінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ауыл – Ел бесігі» атты арнайы жобаны іске асыруды тапсырған. «Ең алдымен Үкімет әкімдер мен мәслиxаттармен бірлесе отырып, болашағы бар ауылдарды іріктеп алуы тиіс. Сол жерде әлеуметтік саланы дамытып, интернаттар салу қажет. Ауылдарды тұрақты даму ошақтарына айналдыруымыз керек. Осы орайда Қытай Халық Республикасының тәжірибесіне сүйеніп, ауылда xалық тұтынатын тауарларды шығару, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және басқа да шараларды қолға алған жөн. Ондай ауылдарда баспана мен жолдарды салып, шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Ал болашағы жоқ елді мекендердің тұрғындары сол ауылдарға көшуге тырысады. Ауылда ақша тауып, лайықты өмір сүруге болады. Осыған байланысты Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» деген арнайы жобаны іске асыруға қатысты ұсыныстарды әзірлеуді тапсырамын. 2019-2021 жылдары оған 90 миллиард теңге бөлу керек. Соның арқасында жастарды ауылда ұстап қалуға мүмкіндік бар», – деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы аты дардай бағдарламаның тек инфрақұрылыммен шектеліп қалғанын да сынға алған еді «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінде. Жобаның басты мақсаты – ауыл жастары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, оларды ауылда тұрақтату болғанымен, бағдарлама өз жүгін алып жүре алмай отырғанын атады. Сол себепті Үкіметке осы мәселелермен айналысып, тиісті шараларды қолға алуды және жүктеген-ді.
Бұған дейін мәлімдегеніміздей, облыста биылғы жылы үш аудан орталығына бағдарлама игілігін көру бұйырған еді. Ал, келесі жылы бағдарлама еншісінде 4 елді мекен бар. Атап айтқанда, Ақтоғай, Қарағайлы, Осакаровка, Ақсу-Аюлы кенттері. Онда 27 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде, 9 білім беру, 3 спорт нысанын жөндеу және 15 автожолды қалыпқа келтіру жоспарланған.
Алдаған кім? Алданған кім?
Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қосымша бөлінетін қаржы-қаражат тағы бар. Яғни, Үкімет беретін қаржыны дер кезінде алып, ел игілігіне жарату – әкімдердің міндеті. Үкімет «алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» дейді. Сол асты төкпей-шашпай, қақалмай-шашалмай іше білу – әкімдердің парызы. Дәл қазіргі қаржы берілген сәт аспанға қарап, ай санап жүретін кез емес. Осыған байланысты бұрынғы аймақ басшысы Ерлан Қошанов аудан әкімдеріне қаржыны алып, ауылдың дамуына жұмсауда әбжіл қимылдауды тапсырған еді. Ол үшін бағдарламаға енген аудан әкімдері жобаларын ұсынып, жылдам әрекет етуі тиіс. Ал, ауылда проблема жоқ емес. Инфрақұрылымын былай қойғанда, әлеуметтік қажеттіліктерін өтейтін нысандары қат. Сондай нысандардың бой көтеруіне мұрындық болатын Президенттің өзі бере салған бағдарлама тұр. Әкімдер неге қимылсыз? Елбасы айтқандай, тек жолдың жабынын түзеп, су құбырларын қайта-қайта қазып-жапқаннан ауыл көркейе ме?
Бағдарламаның әуелде көздегені не еді? Ауылдарда жұмыс орнын ашып, онда жастардың тұрақтап қалуына ұйытқы болу. Сол арқылы ауылдарды дамыту. Ал, қазіргі бағдарлама шеңберіндегі инфрақұрылымдық жөндеулерде ашылған жұмыс орындары маусымдық сипатқа ие. Яғни, жолды, я болмаса, қандай да бір желіні жөндеп біткен соң, ол да аяқталады. Жұмыс тоқтайды. Қайтадан сол адамдар жұмыссыздыққа тап болады. Қазір «бәленбай жерде түгенбей жұмыс орны ашылды» деген деректермен кімді кім алдайды? Түсініксіз. Жұмыс орны дегенде, Ұлт Көшбасшысы маусымдық емес, тұрақты жұмысты айтты. Қандай да бір өнеркәсіп, кәсіпорынның құрылуын меңзеді. Сол арқылы ауылдарда тұрақты жұмыстың ашылуын атады. Ауылдарда жөндеу жұмыстарымен шектелетін жобалар мұндай тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ете алмайды. Сонда алдаған кім? Алданған кім?
Әжептәуір бағдарламаны әкімдер қор қылмасын
Ресми мәліметтерден көріп отырғанымыздай, бағдарлама аясында қолға алынған жобалардың көбі жол жөндеу, мектептің іші-сыртын сырлау, әктеу, сипау, сол сияқты нысандарды өңдеуден аса алмайды. Ау, сонда Елбасы айтқан ел-жұрт нан тауып жеп, нәпақа қылатын тұрақты кәсіпорын, өнеркәсіп, бизнес ошағы қайда қалды? Әжептәуір әйдік бағдарламының аяғын қылдай қылмаса етті әкімдер. Жалпы, ауылды өсіру, я өшіру әкімдердің қолында тұр. Ендеше, ауылдардың обал-сауабы да соларда. Үкіметтің өзі берген қыруар қаржысын жер қазумен, жол жабуға ғана жұмсаудан әрі аспайтын әкімдердің жұртқа не қажеті бар деп ойлайсыз кейде…