«Ауыл аманаты»: ветеринардан кәсіпкерге айналған азамат
Бұқар жырау ауданына қарасты Белағаш ауылында бұрын-соңды болмаған қызмет түрі – шина жөндеу шеберханасы ашылды. Жобаның авторы – 47 жастағы Ерболат Молдабеков. Бұған дейін ветеринар болып жұмыс істеген ол көптен бері көкейінде жүрген кәсіпті іске асыруға «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы көмектескен.

– Жас кезімде қаладағы шиномонтажда жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Өз кәсібімді ашу – көптен бергі арманым еді. Бірақ қаражат жағы қолбайлау болды. Бағдарлама жайлы ести сала құжат жинап, өтінім бердім. Барлық рәсімдер оңай әрі жылдам өтті. Ауыл әкімдігі де көп көмек көрсетті, – дейді Ерболат.
Кәсіпкер 2,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, шеберханаға қажет құрал-жабдықтар сатып алды. Несие 5 жыл мерзімге, 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілген. Алынған қаражатқа дөңгелек шешу және балансировка станоктары, компрессор, көтергіш, домкрат пен қосалқы бөлшектер алынған.
Қазіргі уақытта Ерболат шеберханасын өз ауласындағы гаражда жүргізіп отыр. Мұнда маусымдық дөңгелек ауыстыру, май құю, жүріс бөлігіне техникалық қызмет көрсету сынды бірқатар қызмет түрі көрсетіледі. Оның айтуынша, әсіресе көктем мен күзде сұраныс артады.
– Бұрын қарапайым жөндеу үшін аудан орталығына баруға тура келетін. Енді ауыл ішінде-ақ көлігін реттеп алатын жағдай жасалды. Күніне бірнеше көлік келеді. Жұмысымнан ләззат аламын, – дейді кәсіпкер.
Ерболат әзірге жалғыз жұмыс істейді, алайда оған екі ұлы – 10 және 8 жастағы балалар көмектесіп, алғашқы еңбек дағдыларын меңгеріп жүр.
Келешекте кәсіп иесі шеберхананы кеңейтіп, жеке ғимарат салып, жаңа қызмет түрлерін – қозғалтқыш пен беріліс қорабын жөндеу, сырлау, дәнекерлеу жұмыстарын жолға қоюды жоспарлап отыр.
Белағаш ауылдық округінің әкімі Амангелді Күпеновтің айтуынша, бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан үш бастаманың бірі.
– Ауыл бойынша жеті өтінім қабылданды. Екеуі – мал шаруашылығына бағытталған. Ал Ерболаттың жобасы – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бейім екенін көрсететін жарқын мысал. Біз мұндай бастамаларды қолдауға әрдайым дайынбыз, – дейді әкім.
Қазірдің өзінде Ерболаттың қызметіне көрші ауылдардан да сұраныс бар. Бұл – ауылдағы қарапайым кәсіптің де табыс көзі бола алатынын дәлелдейді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
ortalyq.kz