«Ауыл аманаты» бағдарламасы Қарағанды облысында қалай жүзеге асуда?
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған кешенді жоба екені белгілі. Қарағанды облысында биылғы жылдың басында басталған бағдарлама қазірдің өзінде 70-ке жуық ауылдық округті қамтыған.
Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту үшін ұзақ мерзімді және аз пайызбен несие алу мүмкіндігін пайдалануда. Қазіргі таңда 203 жобаға жеңілдетілген шағын несие берілген, жыл соңына дейін олардың саны үш есеге артпақ.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5-7 жыл мерзімге жылдық 2,5 пайызбен шағын несие берілуде. Қарағанды облысында 2023 жылы оны жүзеге асыруға 3,4 млрд теңге бөлініп, 600-ден астам жобаны қолдау жоспарлануда. Қазіргі таңда 247 жоба мақұлданды, 203-іне несие берілді, тағы 44 жоба бойынша келісім-шарт жасалып жатыр, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының шағын несиелеу, өңірлік даму және ауыл шаруашылығы кооперациясы бөлімінің басшысы Қуандық Ахметов.
Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Мұндағы мақсат – бастапқы капитал арқылы кәсіп ашып, түскен табысын қаржылық жағдайын жақсартуға жұмсау. Бұл мемлекеттік жәрдемақы алу қажеттілігін жояды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Қуандық Ахметовтың айтуынша, аудан тұрғындары бағдарлама туралы біледі. Ауылдарға ақпараттық топтар барып, мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктері мен шарттары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер де, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де ақша ала алады. Шаруалардың кооперативтерге бірігуі тиімді. Жеңілдікті демалыс бір жарым жылдан екі жылға дейін беріледі. Ауылдық жылжымайтын мүлік те кепіл бола алады. Қаражат негізінен мал шаруашылығын дамыту үшін мал сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері техникаларын жаңарта алады.
Жеке кәсіпкерлер үшін несиенің максималды мөлшері 2500 АЕК (8,6 млн теңге) құрайды. Бағдарлама ауылдық жерлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге де ықпал етпек.
Өтініштерді облыс тұрғындарының кірісін арттыру жобасын қолдау жөніндегі уәкілетті агент болып табылатын «Сарыарқа» ӘКК қарайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы толығырақ ақпаратты, құжаттар тізімі мен өтініш формасын корпорацияның веб-сайтынан табуға болады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ