Ауылға кино барады
Қазақ киносының онкүндігі Қарағандыдан басталды. Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қажымұқан» киносының шығармашылық ұжымы жұма күні «Сарыжайлау» кинотеатрында көрерменімен қауышты. Онкүндіктің олжасы – қазақ кинолары ауылға барып, тегін көрсетілуінде.
Бұл қазақ киносының көші Мәдениет және ақпарат министрлігі және Кино орталығының қолдауымен жолға шықты. Көрермен назарына отандық бірнеше фильм ұсынылады.
– Көрсетілімді Қарағанды облысынан бастауымыздың өзіндік сыры бар. Бұл аймақ – өндірістің қайнаған ортасы. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Сол себепті де, ауқымды шараны осы аймақтан бастауымыздың символикалық мәні бар. Қарағандыдан бастап, еліміздің әр бұрышында қазақ киносының күндерін өткізу отандық кинематографияны ілгерілетуге серпін сыйлайды деп білеміз. Себебі, әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біздің мақсатымыз да ұлттық киноны халық назарына ұсыну, – дейді Кино орталығының Басқарма төрағасының киножобалар мониторингі жөніндегі орынбасары Әділет Омаров.
Ұйымдастырушылар отандық киноның көкжиегін кеңейтіп жүрген қазақстандық киногерлердің жетістігін ел-жұрт білсе дейді. Осылайша аудан-қала мен шалғай ауылдағы ағайын қазақ кинематографиясының ел тарихы мен мәдениетін айшықтайтын үздік фильмдерімен қауышады.
Бұған дейін Кино орталығының қолдауымен 117 картина жарыққа шықты. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильмдер. Айналымға шыққан туындылардың да қатары көбейіп келеді.
«Кино күндері аясында көрсетілетін «Қажымұқан» ұлттық рухымызды асқақтатса, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «ДосМұқасан» фильмдері арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығады. «Операция Набат», «Время патриотов» құқық қорғаушыларымыздың еңбегін паш етіп, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. «Боксер» фильмінің басты прототипі жерлестеріңіз Серік Сәпиев екенін де айта кету керек. «Бауырына салу» деп аталатын кинода дәстүріміз дәріптеледі. Кішкентай көрермендерге арналған «Тайқазан» деп аталатын анимациялық фильм де назарларыңызға ұсынылады. «Алматы, я люблю тебя!», «Соңғы үкім», «Дала қасқыры», «Стоп, ночь!», «Шулама» фильмдерінің де айтар ойы бар. Биыл тағы оннан аса туынды прокатқа шығады деп жоспарлануда», – дейді Ә.Омаров.
«Сарыжайлау» кинотеатрында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» киносы көрсетілді.
Режиссер Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кірісіп, тақырыпты 10 жылдан аса зерттепті. Түсірілімі 2020 жылы басталған кинотуынды былтыр көрермен назарына ұсынылған еді.
«Осы бір фильмді түсіру үшін көп жүгірдім. Қолдау таппадым. Сөйтіп жүргенде отандық киноны қолдау орталығы ашылды. Бірден сценарийімді алып барып, қорғап шықтым. Қажымұқан атамыздың тағдыры қандай қиын болса, киноны да түсіру ауыр болды. Еліміздегі прокаты аяқталды. Енді Ресейде көрсетіледі. «Борец. Кажымукан – чемпион мира» деген атаумен. Өзбекстан мен Қырғызстанда дубляж жасалып жатыр», – дейді фильм режиссері.
Басты рөлдерді ағайынды Ербол мен Диас Төлепберген сомдап шығады. Балуанның жас кезін сомдаған Диас та Қарағандыға арнайы келді. Жас актер ағасы екеуі 1,5 жыл бойы мамандар әзірлеген рационмен тамақтанғандығын айтты. Тіпті, ет жеуге шектеу қойылыпты. Бұлшық етін өсіру үшін бодибилдингпен айналысып, жаттығу залында тер төккен. 2,5 ай каскадерлік тәсілдерді үйреніп, фильмде дублерсіз барлық қимылдарды өздері жасап шыққан.
Көрсетілім соңында кинотеатр директоры Саят Әбдіғали меймандарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»