Ресми

Ауылға ажар кірсін десек…

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы – 2019 жылы құрылған маңызды жоба. Мемлекеттен қосымша қаржы бөлу тетігі арқылы ауылда өмір сүру сапасын жақсарту – негізгі мұрат. Әсіресе, шалғай жерлердегі елді мекендерде жол құрылысы, сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңарту және жаңа нысандарды салу, жұмыс орындарын құру сынды мәселелер бағдарламаны іске асыруды көздейді. Бағдарлама шеңберінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда, өмір сүрудің қолайлы ортасын құру бойынша бірқатар міндеттер шешілмек. Әйет ауылындағы Набережная, Е.Омаров және Совхозная көшелері жолдарын орташа жөндеу жоспарланған, жобаларды іске асыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 94,264 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді. Жолдарды орташа жөндеуді орындауға тиісті келісімшарт жасалды. Жыл ішінде қаражат жаңа жобаларды да іске асыруға ұлғайтылады. Мәселен, Осакаров ауданында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша ауылдарды жақсарту жалғасады. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Осакаров ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Аудан ахуалы пысықталды

Аудандағы Ақбұлақ ауылында мектеп жөнделеді, ал Озёрныйда фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы аяқталады. Аймақ басшысы бірқатар нысандарды аралап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Молодежный кентіндегі әлеуметтік нысандар мен жолдар жөнделді. Бұл аталған бағдарлама көрсеткіштерінің бір парасы деп бағамдасақ болар. Алайда, жергілікті аурухана күрделі жөндеуді қажет етеді.

Сапар барысында өңір басшысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілгені туралы баяндалды. Осыдан кейін бірден жөндеу басталуы тиіс. Ермағанбет Бөлекпаев жоба бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, Сарыөзек ауылының тұрғындары үшін дәрігерлік амбулатория салынады. Осы сынды жаңа медициналық пункттер Ошағанды, Ақпан, Звездное, Шұңқыркөл ауылдарында пайда болмақ. Тек уақыт пен байыпты жұмыс қажет.

Ауылдық клубтар мәселесі – көптен бері шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелердің бірі. Күн тәртібінде ескірген ауылдық клубтарды жөндеу сұрағы талқыланды. Бұған салалық бағдарлама негізінде аудандық бюджеттен қаражат бөлінетін болды. Түпкі – нәтижесі алдағы күндердің еншісінде.

Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету туралы айтты. Биыл Озерное, Ералы, Пионерское ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау тапсырмасы тұр. Осыған орай, аудан ауылдарына су құбырының жетінші кезегі салыну үстінде. Тағы Николаевка, Сенокосное, Садовое және Трудовое секілді төрт ауылды сумен қамту міндеті жоспарланды.

Аудан басшысының мәліметтеріне сүйенсек, арнайы жоба аясында Есіл және Сарыөзек ауылдарының жолдары жөнделеді.

 

«Нұрлы Жол»: нақты іс пен ­нәтиже

Жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев Осакаровкадағы «Нұрлы жол» кешенді бағдарламасы бойынша 108 пәтерлік тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Тұрғын үй кезекте тұрғандарға арналған. «Нұрлы Жол» бағдарламасы негізінен барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын төмендетпеуге бағытталғаны белгілі. Осындай маңызды бағыттың шеңберінде бағдарламаның негізгі міндеттері де айқындалған болатын. Атап айтқанда, бұлар «шұғыла» қағидаты бойынша тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылымды құру, индустриялық және туристік инфрақұрылымдарды дамыту, бірыңғай электр энергетикасы жүйесін дамыту шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту шараларын қарастырады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері де бағдарламаның аясында жандана түспек. Бұдан бөлек, ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып, «Нұрлы Жол» бағдарламасы өңдеу өнеркәсібі салаларының жекелеген секторларын, агроөнеркәсіп кешенін экспорттаушыларды қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларын, сондай-ақ, ішкі нарықты қорғау және геологиялық барлауды жандандыру мәселелерін қамтып отыр.

Тасқынға тосқын

Сонымен қатар, облыс әкіміне Осакаров ауданының көктемгі су тасқынына дайындығы туралы баяндалды. Қарағанды облысында елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін 14 шақырым қорғаныс бөгеттері мен қорғандар тұрғызылып, нығайтылды. Өңірде өзен арналарына санация жүргізілді, су бұру арналары салынып, жөнделді. Ауылдар мен кенттерде қосымша жергілікті хабарлау жүйелері орнатылған еді. Наурыздан бастап су өткізгіш құбырлар мен көпірлерді тазалау жұмыстары жүргізілуде. Әрі су тасқынына қарсы штаб жұмыс істей бастады. Пионерское ауылын су басу қаупін азайту үшін Есіл өзенінің арнасына санитарлық тазалық жүргізіледі. Аймақ басшысына су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайдың алдын алу және жою үшін арнайы техниканың дайындығы көрсетілді.

– Су басудың алдын алу үшін барлық қосалқы станцияларды тексеру қажет. Қарды жедел шығаруды тапсырамын. Қажет болса, қосымша техниканы таратыңыздар. Барлық тәуекелдерді болдырмау үшін бәрін мұқият тексеріп алыңыздар, – деп атап өтті аймақ басшысы.

 

Өндіріс өрісі

Ермағанбет Бөлекпаев өндірістік нысандарға да барды. Қ.Сәтбаев атындағы каналдың сорғы станциясында оған жабдықты жаңғырту туралы айтылды. Канал құрылысы басталған 60 жылдан бері тек электр жүйесі ғана жаңартылған. Сорғылары мен агрегаттары кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. Бұл резервтік қоймасы бар елді мекендер үшін аса қауіпті емес. Ал, суды каналдан тікелей алып өндіріске пайдаланатын кәсіпорындарда бірден апаттық жағдай туындайды. Мәлім болғандай, 10 жылға есептелген қайта құру бойынша ауқымды бағдарлама әзірленді. Станцияның энергетикалық жабдықтары жаңартылды.

Аймақ басшысы Kazakhmys Coal көмір өндіруші кәсіпорнының қызметімен танысып, «Сарыбел-НАН» ЖШС элеваторын көрді. Элеватор жұмысы Нұра мен Осакаров аудандары арасындағы логистикаға 200 млн. теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 2 мың тонна жүк арту мүмкіндігі бар. Кәсіпорын қызметі барысында бидайды сақтау, кептіру, қабылдау, жөнелту қарастырылған. Бір уақытта 50 вагоннан тұратын теміржол тұйығы салынды. Жөнелтудің негізгі бағыттары – Қазақстанның оңтүстігі және таяу шет елдер.
Сапар соңында Ермағанбет Бөлекпаев ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Егіс жұмыстарына дайындық және мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.

P.S.: Облыс әкімінің жұмыс кестесі – ауқымды. Сапар барысынан түйгеніміз, жоғарыдағы маңызды мәселелер өңірлер әкімдерінің күнделікті бақылауында. Жұмыс барысы нақты сұрақтарға толымды жауаптар форматында өрбіді. Әсіресе, су тасқынына дайындық қашықтықтан байланыс құралдары арқылы жиі талқыланып жүр. Ермағанбет Бөлекпаев сөз соңында «әр ауылдағы әр азаматтың өмір сапасын жақсарту үшін барлық жағдайлар алдын ала қарастырылсын» деген-тін. Түптеп келгенде, ортақ істі ортайтпау мәселесін астарлаған болуы керек. Жөн сөз. Нақты істен нәтижеге бағытталған сапар оң істерге бастап, шалғайдағы ағайынның әрін кіргізе түскей.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button