Медицина

«Ауру – астан» десек те…

«Еліміздің басты құндылығы – адам» деп көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөліп, аса маңызды дүниелерді ретке келтіруге баса мән беріп келеді. Әлбетте, кез келген елдің дамуы оның халқының орташа өмір сүру ұзақтығынан көрінеді. Ал, деннің саулығы алдымен дұрыс тамақтануға тікелей байланысты. Жаз шыға тамақтан улану, сондай-ақ, ішек инфекциясы әлі де тұрғындар үшін айтарлықтай қауіпті. Оның басты себебі – санитариялық талаптар мен жеке гигиена ережелерін сақтамау, сондай-ақ, тамаққа улы микробтық немесе микробтық емес заттарды тұтыну, дайындау, сақтау және шығу орны белгісіз, мерзімі өткен өнімдерді сатып алу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин мәлімдеді.

Сурет: doslovno.com

Тазалық – денсаулық кепілі

Облыстың бас санитариялық дәрігерінің айтуынша, жазда болатын мерекелік іс-шаралар қарсаңында жаппай мерекелер, одан бөлек, көшпелі сауданы ұйымдастыру жоспарлануда. Дәл осы кезде санитариялық ережелердің талаптары бұзылып, тамақтан улану қаупі туындайды.

– Тамақ токсикоинфекциясы – ауру адамның өз бактерияларынан емес, адам ағзасынан тыс бактериялардың тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болатын токсиндермен ластануы. Токсиндерді шығаруға қабілетті бактериялардың түрлері көп. Олар ластанған тағамдарда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Ал, бірқатарлары өңдегенде, тіпті, бірнеше рет қайнатқан кезде де өлмейді, – дейді Юрий Леонидович.

Адам токсин жұқтырған өнімді тұтынғаннан соң инкубациялық кезең отыз минуттан жиырма төрт сағатқа дейін созылады. Уланған адамда алдымен жүрек айну, құсу байқалады. Содан соң дене қызуы 38-39℃-қа дейін көтеріліп, бас ауруы, әлсіздік пайда болады, терісі құрғайды.

Осыған байланысты тамақтан улану, токсикоинфекция, жіті ішек инфекциялары, оның ішінде, сальмонеллездің алдын алу мақсатында тұрғындарға рұқсат етілмеген сауда орындарында тамақ сатып алмауға, сатып алу кезінде өнімнің дайындалған күнін, сақтау шарттарын және сату мерзімін тексеру керектігін ескертеді Юрий Залыгин.

– Тамақ өнімдеріне арналған бір реттік ыдысты пайдалану, қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу, бүліну белгілері бар, қаптаманың тұтастығы бұзылған және таңбаланбаған тамақ өнімдерін сатып алмау, демалыс орындарында болған кезде, қарапайым гигиена ережелері ескерілмеген сауда орындарында азықтүлік сатып алмау да уланудың алдын алады, – дейді ол.

Жіті ішек инфекциясынан сақтанудың тағы бірден-бір жолы – тамақтанар алдында су болмаған жағдайда қолды гигиеналық майлықтармен сүрту.

Кәсіпкер де жауапты

Жазда жұмсақ балмұздақ жемейтін адам жоқ. Дәмі тіл үйіретін бұл тағамның қауіпті өнім екенін де есте ұстаған абзал. Сауда орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаса, ішек инфекциясы немесе сальмонеллез дәл осы балмұздақтан жұғады.

Осыған байланысты Юрий Леонидович жұмсақ балмұздақ сатып алу кезінде есте ұстайтын ерекше талаптарға да тоқталды.

– Өндірушінің зауыттық қаптамасына оралған балмұздақты таңдаған жөн. Сондай-ақ, сатушылардың өнімді қабылдау, сақтау және сату шарттарының бұзылмауына, балмұздақ сақталатын жабдықтардың тазалығы мен жалпы күйіне назар аударуы керек. Тамақ өнімдерінің бүтіндігіне, оларға бөгде заттардың түсуіне жол берілмеуі тиіс. Бұл ретте сатушының сыртқы келбеті де маңызды. Атап айтқанда, бір реттік қолғап пайдалануы және таза арнайы киімнің болуы керек. Сапалы балмұздақтың құрамы қант пен мұздың бөлшектерінсіз біркелкі болады, – дейді Юрий Залыгин.

Бұдан басқа, мереке күндері көшпелі сауданы ұйымдастыру кезінде бизнес субъектілеріне де талаптар қойылады. Атап айтқанда, азықтүлік өнімдері сату сөрелерінде сатылуы тиіс. Ал, жерде сатуға жол берілмейді. Одан бөлек, тез бұзылатын өнім қатаң түрде тоңазытқышта сақталады. Тиісті санитариялық жағдайда меншікті және іргелес аумақты таза ұстау да тамақтан уланудың алдын алады.

«Сатып алудан бастап, тамақ ішуге дейінгі барлық кезеңдерде қолданылатын алдын алу шаралары тамақтан улану мүмкіндігін едәуір азайтады», – дейді бас санитариялық дәрігер.

Шомылудың да тәртібі бар

Жазда суға түсу маусымы басталады. Осыған байланысты, департамент мамыр­дан тамызға дейін суға түсу үшін пайдаланылатын су айдындарындағы судың және рекреациялы аймақтардың, жағажайлар топырағының сапасын бақылауды жүзеге асырады.

– Мамыр айының басынан бастап, микробиология, паразитология, вирусологиялық көрсеткіштерге және тырысқақ вибрионының болуына 102 су сынамасы алынды. Бұл ретте бірқатар сынамаларда сәйкессіздіктер табылмағанын айту керек, – дейді Юрий Залыгин.

Бірақ, бірқатар сараптама нәтижелері нормаға сәйкес келмегенін де айту керек. Атап айтқанда, Шерубай-Нұра өзенінен алынған алты сынама нәтижесі минералды құрамы құрғақ қалдық бойынша нормадан жоғары екенін көрсеткен.

Бұдан бөлек, тұрғындар арасында жұқпалы және паразиттік аурулардың эпидемиологиялық жағдайының асқынуын болдырмау мақсатында суға түсу маусымында жағажай иелері мен жалға алушылар да жауапкершілікке ие. Атап айтқанда, жағалау белдеуін абаттандыру, жаппай демалу орындарын дезинсекциялық және дезинфекциялық өңдеу, су түбін тазарту, құмды қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануы тиіс.

Одан бөлек, су айдындарында, жағажай аумақтарында судың сапасына өндірістік бақылауды ұйымдастыру, дәретханалармен, киім ауыстыратын бөлмелермен, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнермен және қоқыс жәшіктерімен жабдықталады.

«Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін арнайы белгіленген жерлерде шомылуға кеңес береміз», – дейді бас санитариялық дәрігер.

Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – ата-аналар үшін жауапты кезең. Оның бала үшін қауіпсіз болуы алдын ала дайындыққа да тікелей байланысты.

– Егер баланы қала сыртындағы лагерьге жіберу керек болса, онда сол балалар сауықтыру ұйымының санитария­лық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы қорытындысы бар екеніне көз жеткізуді ұсынамыз. Баланы лагерьге дайындаған кезде онымен жеке гигиена ережелері, тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының алдын алу туралы әңгіме жүргізу керек. Жазда қоршаған ортада ішек инфекцияларының қоздыр­ғыштарының сақталуы және көбеюі үшін қолайлы жағдайлары орын алады, олар лас қол, сапасыз тағамдармен ағзаға енуі мүмкін. Жазда тамақтанар алдында және кейін қолды жуу ережесі бұрынғыдан да маңызды, – дейді Юрий Залыгин.

Жазда баланы бақшадағы жидектермен, көкөністермен тамақтандыруға тырысамыз. Дәл осы кезде жуылмаған немесе дұрыс жуылмаған жемістер балада түрлі ішек инфекцияларының дамуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, оларды қолданар алдында мұқият жууды ұмытпау керектігін де ескертеді бас санитариялық дәрігер.

– Сапарларда, жорықтарда балаларға өзімен бірге апаруға немесе лагерьге тез бұзылатын, оның ішінде, үйде дайындалған тағамдарды, лимонадтарды, үлкен пакеттердегі шырындар мен нектарларды, консервілерді беруге болмайды. Азықтүлікті сақтаудың қажетті шарттары мен мерзімдерін сақтамау тамақтан улануға және ішектің жұқпалы ауруларына әкелуі мүмкін, – дейді Юрий Залыгин.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button