«Ауру – астан…»
Былтырғы жазда облыста жіті ішек инфекцияларының 400-ден астам жағдайы тіркеліпті. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 70-80%. Сондай-ақ, екі жасқа дейінгі балалар жиі ауырыпты. Ауру себебі – жеке гигиена ережелерін сақтамау. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг жаз маусымында белең алатын осы инфекциялар мен тамақтан улану тақырыбына арналды. Брифингке облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин қатысты.
Гигиена – басты көмекші
Жіті ішек инфекциялары – бактериялар, вирустар немесе қарапайым паразиттер тудыратын асқазан-ішек жолдарының ауруы. Бұл жағдайда интоксикация, іш ауыруы мен өтуі, құсу байқалады. Спикердің айтуынша, инфекция су, тамақ, лас қолдар арқылы таралады және оның қоздырғыштарының көпшілігі сыртқы ортаға төзімді. Инкубациялық кезең 6 сағаттан 2 күнге дейін созылады. Жіті ішек инфекциялары мен тамақтан улану дұрыс дайындалмаған әрі сақталмаған тағамдарды жеген кезде пайда болуы мүмкін.
– Департаменттің эпидемиологиялық мониторинг мәліметтері бойынша жіті ішек инфекциялары 80% жағдайда тамақ өнімдерінен тарайды. Азық-түлік өнімдерінің ішінде аурудың себебі үйде дайындалған өнімдерден – 74%, көкөністер мен жемістерден – 16%, сақтау ережелері бұзылған сүт пен сүт өнімдерінен 10% шамасында болуы мүмкін, – дейді Юрий Залыгин.
Ол аурудың алдын алу үшін қауіпсіз тағамдарды таңдауды, ет және сүт тағамдарын дайындау технологиясын сақтауға кеңес берді.
– Тамақты қажетінен артық пісірмеу, тез бұзылатын тағамдарды, оның ішінде кремді-кондитерлік өнімдерді тек тоңазытқышта сақтау, тамақ дайындамас бұрын қолды жақсылап жуу сияқты қарапайым ережелер аурудың алдын алуға, асқынулардан сақтануға көмек береді, – деді ол.
Кішкентай кенеден үлкен проблема
Сонымен қатар, ол жазда табиғат аясына шаққанда кенеден абай болу керектігін де ескертті.
– Кене энцефалиті – инфекциялық, табиғи-ошақтық вирустық ауру. Салдарынан орталық жүйке жүйесі зақымданып, ауру көбінесе мүгедектік пен өлімге әкеп соғуы мүмкін, – деді спикер.
Кене энцефалитінің инкубациялық кезеңі 3-тен 21-30 күнге дейін созылады, орташа есеппен – 7-10 күн. Аурудың қоздырғышы – кене энцефалитінің вирусы. Кене шаққаннан кейін инфекцияны анықтау үшін оны тексере алатын медициналық ұйымға мүмкіндігінше тезірек бару керек.
– Қарағанды облысы кене энцефалитінің эндемиялық аумағы емес, алайда кене шағуы арқылы басқа инфекцияларды жұқтыру қаупі бар. 25 мамырдағы дерекке сәйкес, облыста 128 адам кене шағу себебімен емдеу-алдын алу мекемелеріне жүгінді. Оның ішінде 26 бала бар, – деді Юрий Леонидович.
Демалыс қауіпсіз болуы тиіс
Брифинг барысында Юрий Залыгин балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де тоқталды. Балалар үшін жазғы демалыстың қауіпсіз болуы ата-анаға байланысты екенін баса айтты.
– Егер бала қала сыртындағы лагерьге баратын болса, ол сауықтыру ұйымының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар екенін анықтау қажет. Баланы лагерьге дайындаған кезде оған жеке гигиена ережелерін, тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының алдын алу туралы ескертіңіз, – деп кеңес берді басшы.
Жазда ата-аналар балаға барынша жеміс-жидектер мен көкөністер беруге тырысатыны белгілі. Алайда, оларды жақсылап жуып беруге қатты мән берген жөн.
Баяндамашы сондай-ақ, облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері коронавирус инфекциясы бойынша барлық карантиндік және шектеу іс-шаралары алынғаны туралы қаулы шығарғанын атап өтті. Десе де, елдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, COVID-19-ға қарсы вакцинация жүргізу жалғаса беретінін ескертті.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz