Бас тақырып

«Ауру – астан»

Қазіргі уақытта дімкәс емес адам табу – қиын. Ең аяғы белі бесіктен шықпаған сәбидің өзін жағалап жүреді ауру. Әсіресе, соңғы буын өкілдерінің денсаулығы алдыңғы ұрпаққа қарағанда – әлсіз. Денсаулығы кемшін, әлжуаз ұрпақ қалыптасып келе жатқандай көрінеді кейде. Бала күнімізде әке-шешемізге көрсетпей қар жеп, мұз жалап өскенбіз бәріміз. Бірақ осы күнгі баладай ыңқыл-сыңқылымыз көп емес-тін. Жылына бірер рет қана тұмауратып тұрар едік. Осы күні үлкен де, кіші де «үп» еткен желге, «сүф» еткен суыққа қалпақтай ұшып жатады. Гәп неде? Гәп – алдымыздағы аста…

Сапасыз азық-түлік тоннаны құрайды

Ас болғанда, оның сапалы, құнарлығы туралы. Бұл күні таза экологиялық өнімнен гөрі қоспасы мол азық-түлік тұтынатын болғанбыз. Таза экологиялық өнім өндіруге қауқар да, қабілет те, жер де, ел де жетіп тұр. Бірақ, сырттан шекара асқан, сан аулан қоспасы бар тағамға әуеспіз. Бұған қоса, қазіргі шығарылатын азық-түлік өнімдерінде сапа – кемшін. Өзгені айтпағанда, жерімізде өндірілді деген өнімдердің өзі – талапқа сай келмейді кейде. Осы орайда тұтынушылар құқын қорғау қызметі де құрылды. Алайда, одан құрықталған сапасыздық жоқ. Дұрыс ауқаттанбаудың, азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етілмеудің астарында – ұлттық, қауіпсіздік, экономикалық, демографиялық проблемалар жатыр.

Нақтыласақ, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 22-бабына сәйкес «азық-түлік қауіпсіздігі экономикалық қауіпсіздігінің бір бөлігі болып табылады және мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейді». Мәселе – сол сапада.

Былтырғы жылы Қарағанды облысының өзінен 6 тоннаға жуық сапасыз азық-түлік дүкендер сөресінен алынғаны белгілі. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті мәлімдеген болатын. Құзырлы орындар жария еткен деректерге сүйенсек, 369 тамақ өнімдерінің сынамасын алды. Оның 62-сінде сәйкессіздік анықталған. Олардың арасында ішек ауру таяқшалары, көгерген тағам, өнеркәсіптік залалсыздануы секілді жайттар орын алғаны мәлім. Сөйтіп, былтырғы жылдың 10 айының өзінде 580 келі қауіпті азық-түлік жойылған. 5 тонна өнім утилизацияға кетті. Жарты тонна азық-түлік тасымалдаушыларына кері қайтарылған. Аталған деректер біраз мәселенің мәнісін аңғартса керек. Яки, азық-түліктегі қауіпсіздігіміз мығым емес.

Қарны тоя тамақ ішпеген

Азық-түлік қауіпсіздігі – жаһандық қатердің бірі деп жиі айтылады. Интернетте жария етілген зерттеушілердің мәліметтері әлемдегі адам саны 2050 жылдары 9,5 млрд-қа дейін жетеді деп отыр. Жалпы, азық-түлікке әлем алаңдаулы. Олай болса, азық-түлікке сұраныс арта түспек.

Қазіргі күннің өзінде нәрлі тамаққа қол жетімсіздік бар. Мұның басында ең әуелі – сапасыз азық-түлік тұр. Одан кейін – тұрғындардың азықтүлік алудағы қалтасының жұқалығы. Яғни, бүгінгі таңда біздің елімізде кезкелген тұрғынның қалағанын алып жеуге қалтасы көтермейді. Мұны жасырып, жабудың еш қажеті жоқ. Мамандар «Қазақстанда ештеңеден таршылық көрмейтін, не қаласа соған қол жеткізе алатын әлеуеттілердің үлес салмағы 3 пайызды құрайды» дейді. Бұлар – бірінші санатты тұрғындар. Екінші, Алматы мен Астанадан пәтер сатып алуға қаржысы жетпесе де, қалғанын ойланбай-ақ сатып алатын тұрғындардың үлесі 10-12 пайыздың айналасында екен. Оларды орта тап өкілдеріне жатқызады. Сонымен, халықтың 15 пайызы кетті. 85 пайызы ше? Еуропалық стандарт бойынша орта тап өкілінің бір айлық жалақысы 200 мың теңгенің айналасы немесе 1500 доллардан кем емес. Айталық, АҚШ-та орта тап өкілдері барлық тұрғынның 50 пайызы болса, еліміздегі азаматтардың көбі 50 мың теңгені капитал деп есептейтінін айтатын да мамандар.

Тіпті, күнкөріс себетіндегі тағамдар тізімі туралы айтудың өзі – ұят. Себеттегі тізім шетелдіктермен салыстыруға әсте келмейді.

Құрамы 43 тамақтан ғана тұратын себет ел ішінде ауру-сырқауды көбейтпегенде қайтеді? Мәселен, бұл себетте Ресейде – 150, ал АҚШта 360 тұтыну тауары бар екен. Бірақ, сол өзіміздегі 43 тауардың өзін еліміздегі кез келген отбасы сатып алып қарық болмайтыны тағы анық.

Қайтпек керек мұндайда?

Бұл орайда бірқатар елдердің бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясаты – үлгі аларлық. Мәселен, күнкөрісі төмен халықты субсидиялау бағдарламаларын АҚШ жүзеге асыруда екен. Оның көлемі әр жылдары 100 миллиард АҚШ долларын құрапты. Сөйтіп, 85 миллион американдықты қамтыпты. Бұдан бөлек, американдық отбасының кірісі кедейлік деңгейінен төмен болса, азықты жеңілдікпен сатып алу бағдарламасына белгілі бір карта арқылы қатыса алатыны және бар. Балалар мен әйелдерге арналған бағдарламасы да табысты дейді зерттеулер. Бұл – тәжірибелер мен әдіс-тәсілдер өзінің тиімділігін көрсетіпті.

Азық-түлік қауіпсіздігі – даму тетігі

Тағам өнімдері қауіпсіздігінің ең жоғары стандарты – Еуроодақ елдерінде. Ал, бұған олар қалай қол жеткізді екен? «Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Еуропа ашаршылық пен азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларына тап болды. Бұл проблемаларды шешу үшін азық-түліктегі ішкі мұқтаждықтарды қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін ынталандыру үшін шаралар әзірленді» дейді. Әлбетте, бізде аграрлы кешенге, тамақ өндірісіне аз қамқорлық жасалған жоқ. Түйткіл – оның жүйесіздігінде. Қаржы – құмға құйған сумен тең. Салдары – азықтүлік қауіпсіздігіне қауіп. Ол үшін арнайы заңның шығуы мен салалық комитеттің құрылу қажеттілігі күн тәртібінен әлі түспей тұр.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Back to top button