Қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады
Еуроодақ елдері 2050 жылға қарай экономиканы көмірсутектен арылтуды мақсат етіп отырғанын білесіздер. Ал қазірдің өзінде әлемнің кейбір жетекші елдері осы мақсатта жұмысқа белсене кірісіп кетті. Олар тіпті 2050 емес, 2035-2040 жылдарға дейін осы талапқа жетпек ниетте. Осы орайда Қазақстанның болашақта таза қуат көзі АЭС-ке көшуі құптарлық іс. Өйткені, атом – таза генерация түрі.
Мәселен, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы 2021 жылғы мамыр-қазан айларында жүргізген зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ, СО2-ні (көмір қышқыл газын) көмір – 1095 г, газ – 513 г, гидростанциялар – 147 г, күн энергиясы – 122 г, жел энергиясы – 23 г, ал, атом энергетикасы – 6,4 г бөледі. Осыдан-ақ, өзіңіз пайымдай беріңіз. Оның үстіне атом энергетикасынан таза энергия өндіру үшін жел энергиясына қарағанда, әлдеқайда аз жер көлемі қажет етіледі.
АЭС десе, әлі де халықта үрей басым. Халықтың бір бөлігі мұны атом бомбасы деп түсінеді. Сөйтеді де, шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сенеді. АЭС-те радиоактивті қалдықтар сыртқа шықпайтынын қайталап айтқым келеді. Өйткені, онда бірнеше контур болады. Сол контур бойында салқындатылады.
Біз суды не үшін қолданамыз? Ең алдымен реакторды салқындату үшін. Бұл суды тоғандардан, жанындағы көлден аламыз. Контурдағы құбырмен жүретін су көл немесе тоғандағы сумен жанаспайды. Сондықтан «радиоактивті қалдықтар Балқаш көліне құйылады» деген пікір дұрыс емес. Екіншіден, су буланады, қайнап кетеді дегенді де естіп жүрміз. Олай болуы мүмкін емес. Бәрі есептеулі. Су жылына 0,04 пайыз мөлшерде ғана буланады. Бұл өте аз. Сол себептен Балқаш көлі қайнап, тартылып, ішіндегі жәндіктер, балықтарға әсер етеді деген де шындыққа мүлдем жанаспайды. Тіпті, бір қызығы, АЭС орналасқан шетелдегі аймақтарда үнемі балық аулаудан жарыс (чемпионат) өткізіледі. Яғни, балық аулап, оған дозиметрлік тексеріс жүргізеді. Соның нәтижесінде дозаның мөлшері асып кеткен жоқ па, суға радионуклидті қалдықтар тараған жоқ па, бәрін тексеріп, балықты суға қайта жібереді. Сондықтан АЭС салынып, жұмыс істесе Балқаш көліне ешқандай қауіп төнбейді.
Талап бойынша АЭС халық тұратын жерден 40 шақырым қашықтықта болуы керек. Бұл қағидат қатаң сақталады. Мысалы, Үлкен ауылы Алматы, Талдықорған қаласынан 350-360 шақырым жерде. Арнайы құқықтық-нормативтік құжат бар. АЭС салатын баламалы аумақ таңдалғанмен оның өзі тағы да қосымша зерттеледі. Экологияға, қоршаған ортаға, жан-жануарларға кері әсері болмайды. Мұның бәрі әлемдегі 60 жыл бойы жұмыс істеп тұрған АЭС аясында зерттелген.
Әлемнің 31 елінде 400-ден аса реактор бар. Олардың барлығы дерлік сәтті әрі қауіпсіз жұмыс істеп тұр.
Қорыта айтқанда, атом электр станциялары көмір немесе табиғи газ қондырғыларына қарағанда отынды әлдеқайда аз тұтынады, бұл көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оның үстіне ол – сарқылмас қуат көзі оның үстіне үздіксіз әрі тұрақты энергия өндірудің жалғыз көзі.
Асуан СИЯБЕКОВ,
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері.