АймақҚарағанды

Қауіпсіздік пен үнем

Биыл Қарағандыда 4, 5 және 6 іске қосу кешені бойынша көгілдір отынға қосылу жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Аймақты газдандыру қарқыны мен алдағы жоспарлар туралы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев баяндағандай, Қарағанды мен Теміртауда 9 589 жеке тұрғын үйге газ берілді. Бүгінде орталықтандырылған көгілдір отынға қосылу 52,7%-ды құрайды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Теміртау бойынша жеке секторды газдандыру жобасы биыл аяқталады. Шахтинск пен Солтүстік-Батыс кентін газдандыру жұмыстары да жалғасуда. Осы орайда Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасында Құрылыс және құрылыс индустриясы кеңесі жанындағы газдандыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Бұған дейін белгілі болғандай, Теміртау қаласында үшінші іске қосу кешені бойынша 909 жеке тұрғын үйді газдандыруға қосылуы тиіс.

– Теміртау бойынша биыл жеке секторды аяқтаймыз. Кәсіпорынды табиғи газға көшіру жобасы белсенді іске асырылуда. Газ құбыры тартылып жатыр. Газдандыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мақсаттарының бірі. Экологиялық жағдайды жақсарту және ең бастысы – халықтың өмір сүру сапасын арттыру көзделген. Облысты газбен қамтамасыз етуден басқа, біздің міндетіміз – тұтынушылар үшін қосылуды қолжетімді ету. Ол үшін бөліп-бөліп төлеу бағдарламасын іске қостық. Алдымен газды қосу, сосын үстеме пайызсыз бөліп төлеу қарастырылады, – деген болатын Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.

Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және облыстың басқа да елдімекендерін газдандыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы үнемі назарда. Энергетика және ТКШ басқармасы, құрылыс бөлімі, мәслихат, «ҚазТрансГаз Аймақ», техникалық және авторлық қадағалау өкілдері, сондай-ақ жобаларды іске асыруға тартылған кәсіпкерлер жабдықтардың сапасына ден қоюда. Сондай-ақ, технологиялық жағынан орын алған бұзушылықтарға тиісті техникалық қадағалаудың болмауына және тұтынушылар үшін туындайтын қауіп-қатерлер де қаперде.

«КарГорГаз» ЖШС директоры Саламат Айрамбаев мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс дейді.

– Газдандыру – бұл тек құбырлар мен іске қосу кешендері ғана емес, ең алдымен – қауіпсіздік. Егер шкаф бірінші маусымда істен шықса, егер клапан жұмыс істемесе, бұл дабыл. Оның үстіне, елеулі дабыл, – деді ол.

Кәсіпкерлер тарапынан мердігер ұйымдарға сын да жоқ емес. Олардың айтуынша, нысандар жиі авторлық және техникалық қадағалаусыз тапсырылады. Бизнес өкілдерінің сөзіне сүйенсек, «Техникалық мамандар мүлде жұмысқа тартылмаса, бұл жұмыс емес, тек формалдылық».

Облыстың энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Айдар Болатов ведомствоға мұндай түсініктердің түсіп жатқанын растап, жүйелі әрекет етуге дайын екенін жеткізді.

– Барлық анықталған фактілер тіркеліп жатыр. Біз көшпелі тексерулер жүргізуге, қадағалауға және жобалық құжаттаманы түзету қажеттілігіне қатысты мәселені талқылауға дайынбыз. Газдандыру жұмыстары заманауи талаптарға және бастысы – халықтың үмітіне сай болуы керек, – деді Айдар Болатов.

Жабдықтардың мерзімінен бұрын тозуы, газ жеткізудегі үзілістер мен жобалық қателіктерге байланысты типтік шешімдерді қайта қарау қажеттігі де бар. Кәсіпкерлер жабдықты күтіп-ұстау мен ауыстыру бойынша жеткізушілердің нақты кепілдік міндеттемелерін енгізуді ұсынуда.

Сонымен қатар, газ шаруашылығындағы маман тапшылығы мәселесі де бар. Сала өкілдері «Біз жүйені дамытамыз дейміз, бірақ, ол мамандарсыз жұмыс істемейді. Келесі жылдары маман тапшылығына ұрынбас үшін оларды даярлау тәсілдерін қазірден бастап қайта қарау қажет» дейді.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button