Жаңалықтар

Қауіпсіздік әліпбиі

Жерлесіміз, жазушы Наталья Инжевская «Қауіпті – қауіпсіз» кітаптар сериясын жарыққа шығарды. Ондағы ертегілер балаларға өмірде кездесуі ықтимал төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігін үйретеді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Аталған еңбек екі тілде жарық көрді. Оны қазақ тіліне аударған ақын Салтанат Қайырбек. Сонымен қатар, осы кітаптардың негізінде бояғыш кітапшалар да дайындалды.

Жаңаша әрі құнды туындының таныстырылымы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында өтті.

– Бұл – өте қажет және пайдалы кітаптар. Қауіпсіздік туралы балаларға түсінікті тілде жиі айту керек. Бізде «Бала құқығын қорғаушылар» альянсы құрылды. Оған еріктілердің көмегі үлкен. Кітап авторы Наталья Инжевская бірден сол қоғамның мүшесі болуға ниет білдірді. Кезекті кездесулеріміздің бірінде балалар қауіпсіздігі туралы ертегілер жазу идеясы пайда болып, Наталья оны сәтті жүзеге асырды, – деп атап өтті Қарағанды облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Ирина Киселева.

Кітапхананың жас оқырмандары, «Думан» балабақшасының тәрбиеленушілері және Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясының үшінші сынып оқушылары кітап бойынша сахналық қойылым ұсынды.

Талапты балаларға бояғыштар мен түрлі-түсті бетбелгілер тарту етілді.

Орыс және қазақ тіліндегі «Қауіпті – қауіпсіз» ертегілер сериясы 6 кітаптан тұрады. Тақырыптары әртүрлі. Жол қауіпсіздігі ережелері, тұрмыстық техниканы пайдалану, салауатты өмір салты, достарымен дұрыс қарым-қатынас жасау туралы пайдалы дүниелер бар. Одан бөлек, терезелерге жақындауға, бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және отбасы туралы бірдеңе айтуға болмайтыны жөнінде және басқа да тақырыптар қамтылған.
Қарағандылық жазушы Наталья Инжевскаяның балалар мен ересектерге арналған шығармалары еліміздің ғана емес, шет елдік оқырмандар тарапынан жоғары бағаланғанын атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button