Қауіпсіздік ережелерін сақтау – басты назарда
«Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде 2024-2025 оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша кешенді сабақ өткізілді. Онда жауынгерлік іс-шараларды өткізу, әскери техника мен қару-жарақты қолдану, шаруашылық жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды оқып үйрену қамтылған. Ертеңгілік таралымға сапқа тұрғызылған жеке құрамға әскери бөлім командирі полковник Нүркен Жүнісәлиев кешендік сабақ жоспарын жеткізді.
Қауіпсіздік ережелерін сақтаудың кешендік сабағы белгіленген орындарда бірнеше топқа бөлініп жүргізілді. Алдымен, лейтенант С.Қабдығалиев жеке құрамды алғашқы медициналық көмек көрсету тәртіптерімен таныстырып өтті. Келесі кезекте капитан В.Щербаков аккумуляторлық батареяларды қолдану кезіндегі сақтық ережелерін көрсетті.
Кешенді сабақты өткізу барысында капитан К.Шаянов әскери қызметшілердің қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қолдану кезіндегі сақтық ережелерін түсіндіріп жеткізсе, майор М.Дүйсембаев әсери техникалар мен қару-жарақтарға жөндеу жұмыстарын жүргізу және оларға қызмет көрсету, техниканы тіркеп сүйреп алу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін пысықтады.
Ашық алаңдағы артиллериялық ауыр техникалар орналасқан орында капитан Д.Жақсылықов орудиядан ұрыстық атуды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды, сондай-ақ белгіленген уақыт тәртібінің нормативтерін оындау ережелерін жеткізді. Жалғасын үзбеген кешендік сабақты өткізу кезінде бөлімнің жеке құрамына капитан М.Ильясов электр құралдарын қолдану ережелерін түсіндірсе, кіші сержант Б.Әбдіқадыров дене шынықтыру дайындығының нормативтерін орындау кезіндегі қауіпсіздікті сақтау тетіктерін жеткізді. Аға лейтенант С.Қамаш бөлімнің жеке құрамын өрттен сақтану мен өрт сөндіру құралдарын қолдану кезіндегі сақтық ережелерімен таныстырды.
Іс-шараға бөлімнің барлық санаттағы әскери қызметшілері мен азаматтық персонал қатысты. Қауіпсіздік ережелерін сақтауға арналған кешенді сабақты ұйымдастыру мен өткізуде бөлім командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Ж.Мәмбетов белсенділік танытты.
Думан ЖҰМАШҰЛЫ,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.