Жаңалықтар

Қауіпсіздік берік қолда

Патрульдік полицияның қызметі уақытпен санаспайды. Тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, жолдағы қауіпсіздікті сақтау, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету – олардың міндеті.

Сурет egemen.kz

– Полиция қызметкерлерінің әрбірінің жұмысы оңай емес, – дейді Қарағанды облысы патрульдік полиция батальон командирі Медет Нұрмұханов. – Біздің жұмыс – республикалық маңызы бар қала сыртындағы тасжолда жол қауіпсіздігін сақтау. Облыс бойынша батальон барлық жерде жұмыс істейді.

Құқықбұзушылықты анықтау және алдын алу – Ішкі істер министрлігінің патрульдік полиция қызметкерлерінің алдына қойып отырған міндеті. Оның ішінде, жолдағы қауіпсіздікті сақтау – басты орында.

– Министр биылғы жылды профилактика жылы деп белгіледі. Сырт жолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Жолда ұйықтап кетпеуін, абайлап жүруін сұраймыз немесе жылдамдық асырмаңыз деп қана ескертеміз. Қазір жол сапасы жақсы. Әсіресе, жастар «жаспыз» деп демалмай жолға шығады, жылдамдықты асырады. Сол үшін арасында тоқтатамыз. Халық патруль тоқтатса «айыппұл салады» деп ойлайды. Жоқ, біздікі тек ескерту. Бізге адамдардың амандығы керек. Қазір жылдамдық өлшейтін арнайы құралдар жеткілікті, айыппұл автоматты түрде салынады, – дейді Медет Есенғалиұлы.

Қарағанды облысының патрульдік полиция батальоны құрамында 193 маман еңбек етуде. Оның әрқайсы 12 сағат жұмыс істейді. Мәселен, таңертеңгі қызмет 06:00-де басталады. Кешкі алтыда түнгі ауысым жұмысқа кіріседі. Осы аралықта қырағылық танытып, тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға үлес қосады.
Медет Есенғалиұлының айтуынша, жазғы демалыс кезі – қауырт жұмыс уақыты. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызметкерлер күшейтілген режимде еңбек етіп жүр.

Сурет Медет Есенғалиұлының жеке мұрағатынан

– Маман жеткіліксіз, – дейді батальон командирі. – Зейнетке шығып кетіп жатады, кейбірі «айлығы аз», «күндіз-түні жұмыстамын» дейді немесе жас кезінде өзін басқа мамандықта сынап көрушілер болады. Әрине, оның бәріне түсіністік танытамыз. Дегенмен, патрульдік полиция құрамына қызметкерлер қажет.

Ол өзі 15 жылдық еңбек өтілінде кету туралы ой болмағанын айтады.

– Әр адам әртүрлі. Біреуі қызметтік өсуді қалайды, зейнетке шыққысы келеді. Кейбірі халыққа қызмет етемін деп ойлайды. Қандай кезеңдер болса да кетемін деген ой болған жоқ, халыққа қызмет етуді көздеймін, – дейді ол.

Әр қызметкердің кәсіби дайындығы мен жедел әрекет етуі – тұрғындар қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қоғамдық тәртіп – күн сайынғы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Осы жолда қызметкерлер қаншама жанның өмірін аман сақтап қалып жатады. Медет Есенғалиұлы әріптестерінің жолда қалғандарға қол ұшын созатын азаматтығын, апат жағдайында жедел шешім қабылдап, әрекет ететін қайсарлығын сөз етті.

– Жолда тұрып қалған адамдардың өмір сақтап, көмек жасау – азаматтықтың белгісі. Дөңгелегін ауыстыруға көмектесу, жанар жағармайын әкеліп беру, керек жеріне сүйретіп апару секілді істер – полиция міндетіне кірмейді, бірақ, бұл – адамшылық қасиет. Республикалық маңызы бар тасжол болғандықтан, шетелдік азаматтарға жылы қабақ танытып, еліміздің, өңіріміздің абыройын көтеруге тырысамыз. Қызметкерлердің барлығы дерлік алғашқы медициналық көмек көрсету негіздерін біледі, оқыған. Себебі, көп жағдайда оқиға орнына біздің қызметкерлер бірінші келеді. Сол кезде уақыт жоғалтпау үшін өздері алғашқы көмек көрсетеді немесе жақын жердегі ауруханаға алып барады. Дегенмен, полиция қызметіне шағымданатындар толастар емес. Менің ойымша, цифрландыру кезеңінде ақпарат көп. Жүргізушілерді беталды тоқтатпайды, оған негіз болады. Қызметкерлер тоқтатса, «былай неге сөйлестіңіз?», «неге киіміңіз қисайып тұр?», «формаңыз неге осындай?» деген сияқты басқа арандатушылық сұрақтар қойып, әңгімені бұруға тырысады. Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Қазір барлық қызметкерлер бейнежетонмен қамтылған. Кез келген жағдайды тексеріп, тиісті шара қолдана аламыз, – дейді ол.

Азаматтардың тыныштығы – біле білген адамға баға жетпес байлық. Сол байлықты сақтаймыз деп қызмет барысында қаза болған қызметкерлер де жоқ емес. Мұның барлығы сөзіне берік, ісіне адам қарапайым полицейлердің жанқиярлық еңбегі. Себебі, тыныштық – мызғымас тәртіп пен қажырлы еңбекпен келетін жетістік.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button