Қауіпсіздік бейқамдықты кешірмейді
Қарағандыда 500-ден астам дәмхана бар екен. Басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан. Сондағы аспаздар асты пешке пісірмейтіні анық. Әлбетте газ жағады. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Газ жарылса, 10 қабатты үйде алаңсыз жатқан қаншама тұрғынға қауіп төнері сөзсіз. 4 қаңтарда Орал қаласындағы дәмханалардың бірінде болған жарылыстан үш адам қаза тапты. Міне, сол қайғылы жағдайдан кейін біршама жұрт үйлеріне жапсарлас орналасқан дәмханалардағы қауіпсіздік мәселесіне үңілді. Қарағандыда газ құрылғыларының қауіпсіздігіне кім жауапты?

Көгілдір отынды газ баллондармен қолдануға мүлде болмайды. Бұл ереже бекігелі қашан. Талапқа сәйкес газ құбырлармен тартылуы тиіс. Қарағандыдағы дәмханалардың барлығы дерлік газды осылай қолданады. Бірақ, құбырмен тартудың шығынынан, машақатынан қашып, баллонмен жағатындар да болуы әбден ықтимал. Бір жарым ай сайын мамандар тексеріс жүргізеді.
– Газды міндетті түрде құбыр арқылы пайдалану керек. Бұл – әуелі қауіпсіздік. Ал, оған қаражатты аяуға болмайды. Өмірден қымбат ештеңе жоқ. Дәмхана иесі мекемесіне келген қонақтардың да өміріне және денсаулығына жауапты. Жанып жатқан оттың қасында газ баллондарын қоятындар болуы да мүмкін. Соларға осы сөзім жетсе екен. Заң бұзушыларды бұл күнде анықтау мүмкін емес. Сондай бассыздықты байқаған тұрғындар болса, бірден мамандарға хабарлассын, – деді жеке кәсіпкер Сабыржан Серазутдинов.
Жиі тексеріс жүргізуге де болмайды. Бұл – заңға қайшы. Тек тұрғындардың шағымынан кейін ғана тексеріс жүреді.
– Орта және шағын кәсіпкерлікке жататын нысандарды жиі тексере алмаймыз. Тек тұрғындардың шағымынан кейін шаралар қолданамыз. Заң бұзушылықтарды анықтау оңай емес. Ешкім айыппұл арқалағысы келмейді, әрине. Сондықтан, тұрғындардан атсалысуларын сұраймыз, – деді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері Әлішер Аманбеков.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz