Бас тақырыпЖаңалықтар

Қауіпсіздік – басты назарда

Жыл санап заң да, заңға деген талаптар да күшейіп келе жатыр. «Заң бар жерде тәртіп те бар, тәртіпке бағынған құл болмас», – демекші, алға басудың, ілгерілеудің, дамудың алғышарты тәртіп екенін әсте естен шығармаған жөн. Осы орайда, қоғамдағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын бақылайтын тәртіп сақшыларының еңбегі ерен. Елбасымыздың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында сөз болатын тәртіп пен заңдылық мәселе Қарағанды қаласында қалай жүзеге асырылуда, бұл бағытта қандай шаралар қабылданғанын егжей-тегжейлі білу үшін Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасы бастығы Нұрсұлтан МҰҚАШЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Нұрсұлтан Маратұлы, біреудің ырыс несібесіне өзгеге жұғым болып жаратпасы анық. Десек те, көп жасалатын қылмыс – ұрлық екені белгілі. Бұл келеңсіздіктің күрес қалай жүргізілуде, осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз?

– Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған Бағдарламасын іске асыру бағдарламасы» бекітілген болатын. Онда ұрлықтардың алдын алу мен ашудағы маңызды міндеттердің бірі ғылымитехникалық құралдарды, жедел-анықтамалық және есепке алудың өзге де жүйелерін, сараптама мен зерттеуде, сондай-ақ, қызметтік іздестіру иттерін пайдалану. Ұрлықтың алдын алу мақсатында халыққа түсіндіру іс-шаралары, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Жержерлерде полиция қызметкерлері әкімдіктің, күзет мекемелерінің өкілдерімен бірлесіп отырып, халықпен кездесулер өткізуде. Сол кездесулер барысында халыққа сақтық шаралары, қылмыс пен құқық бұзушылыққа бой алдырмау тәсілдері мен құқықтық сауаттылықтарын арттыру мәселелері сөз болады. Міне, ұрлықтың алдын алудың бірден-бір тәсілі осы. Мүліктік қылмыстардың жаппай белең алып кетпеуі мақсатында – Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасының бастамасымен 2018 жылы қаладағы белгілі бір қылмыс түрімен зақымданған аудандарда «Айдап әкету», «Пәтер», «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шаралары өткізілді.

– Қазіргі таңда автокөлік қоғамда өзіндік орны бар мүлікке айналып, жол қозғалысының ажырамас бір бөлігін құрайды. Көлік түрлері мен оның санының артуы салдарынан көлік қылмыстарының көрсеткіші өсіп, онда зардап шеккендердің күрт өсімі байқалады. Осы кезекте жол ережесінің қауіпсіздігіне қатысты қандай жұмыстар атқарылуда?

– Әрине, бұл жол-көлік оқиғалары мен оның қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына тигізетін теріс салдарын ескерсек кезек күттірмей шешуді талап ететіні рас. Мәселен, 2018 жылдың 4 айында Қарағанды қаласының аумағында 66 жол көлік оқиғасы тіркелді. Тарқата айтсақ, 10 азамат қаза тауып, 60 адам әртүрлі ауыр дәрежедегі жарақаттар алған екен. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жол көлік оқиғасының саны 15,8%, яғни 57-ден 60-қа дейін өскен. Жарақаттанғандар саны бойынша бір қалыпты 60-тан 60-қа дейін және қаза тапқандардың саны 150,0%, дәлірек айтқанда 4-тен 10-ға дейін артқан екен.

– Бүгінгі күні ұлт денсаулығына қауіп төндіріп тұрған өзекті мәселенің бірі есірткіге құмарлық. Осы бағытта алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр ма?

– Иә, расында бұл дерт уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деуге болады. Бұған дәлел күн сайын әртүрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандардың қатарының көбейгендігінен аңғарылады. Қарағанды қаласының Ішкі істер басқармасы тарапынан есірткі бизнесімен және нашақорлықпен күресу саласында жедел жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қажетті ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар қолданылуда. Ағымдағы жылы заңсыз айналымнан 35 келі 305 гр. әртүрлі есірткі зат тәркіленді. Қарағанды қаласының қатысуымен 11 іс-шара, он үш дәріс өткізілді. Бұл шаралардың мақсаты бір – болашақты салауатты өмір салтын насихаттау. Есірткі затының адамзат баласына тигізер зиянын егжей-тегжейлі жеткізу арқылы осы үшін қылмыстық жауапкершілікті түсіндіру. Бүгінгі таңда заңсыз есірткі айналымына байланысты қылмыстық құқық бұзушылық бойынша қала аумағында 41 қылмыстық іс қозғалды.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ішкі істер органдарының басты мақсаты. Бұл бағытта қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің жұмысы туралы әңгімемізді әрі қарай өрбітсек.

– Бұл сала қоғаммен байланысты болғандықтан құқық бұзушылықтың және қылмыстың алдын алу үшін нақты жұмыстар жүргізілуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, саптық бөліністердің қатысуымен 333 қылмыс, 44 қылмыс ізін суытпай ашылған екен. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында 8 жедел алдын алу іс-шаралары, 14 жергілікті жұмыстар атқарылды, 18 алдын алу рейдтері өткізілді. Ата-аналар тарапынан балалар тәрбиелеуде өз міндетін орындамағаны үшін 270 ата-ана есепке қойылды. 7 ата-ана ата-аналық құқығынан айрылды, 123 ата-ана тиісті көңіл бөлмегені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 127 бабы негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 – Әңгімеңізге рахмет!

Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ.

 ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button