АймақҚарағанды

Қауіпсіздік қаперден шықпасын

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин жазғы демалыстың көңілді және қауіпсіз өтуі ата-аналарға байланысты екенін баса атады.

Сурет massaget.kz

– Егер балаңызды қала сыртындағы лагерьге жіберетін болсаңыз, әуелі сауықтыру ұйымының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар екеніне көз жеткізіңіз, – дейді ол.

Биыл облыс көлемінде қала сыртындағы 10 балалар лагерінің жұмысы жоспарланған. 20 мамырдағы дерекке сәйкес аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жазғы лагерьлерге қорытынды алуға өтініш түскен жоқ. Қазір оларда объектіні дайындау жұмыстары жүргізілуде.

– Баланы лагерьге сапарға дайындаған кезде онымен жеке гигиена ережелері, тамақтан улану және жіті ішек инфекцияларының алдын алу туралы әңгіме жүргізіңіз. Тез бұзылатын тағамдарды, соның ішінде, үйде дайындалған тағамдарды, лимонадтарды, үлкен пакеттердегі шырындар мен нектарларды, консервілерді сапарда өзімен алып жүруге немесе балаларға лагерьде беруге болмайды. Азықтүлікті сақтаудың қажетті шарттары мен мерзімдерін сақтамау тамақтан улануға және ішектің жұқпалы ауруларына әкелуі мүмкін, – деп ескертеді департамент басшысы.

Жаздың ыстық күндерінде ересектер мен балалардың тоғанға шомылуға деген қызығушылығы артады. Алайда, ластанған су өткір ішек инфекцияларының, паразиттік инфекциялар, терінің саңырауқұлақ инфекциялары, лямблиоздың өршуіне әкелуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Осыған байланысты, балаларға бекітілмеген немесе тыйым салынған су айдындарында, субұрқақтарда шомылуға рұқсат бермеген дұрыс.

– Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары балалардың сауықтыру ұйымдарының жанында орналасқан ашық су айдындарындағы судың жай-күйіне мониторинг жүргізеді. Суды зерттеу нәтижелері департаменттің интернет-ресурсында жарияланады. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес облыс бойынша су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге арналған орындардың тізбесі бар. Оған 89 нысан кіреді.
Вирустық, паразиттік және басқа да аурулардың алдын алу мақсатында аумақтық басқармалар мамыр айынан бастап, санитариялық-эпидемиология­лық мониторинг шеңберінде рекреация аймақтарынан санитариялық-химиялық, микробиологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық көрсеткіштерге, тырысқақ вибрионының болуына ашық су қоймаларынан және топырақтан су сынамаларын алу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, санитариялық ережелердің талаптарына сәйкес, шомылу маусымы басталар алдында объектілердің иелері өндірістік бақылау шеңберінде су қоймаларының суы мен жағажайлардан құмға зертханалық зерттеулер жүргізуі қажет, – деп атап өтті Юрий Залыгин.

Жазғы кезеңде елдімекенді абаттандыру элементі ретінде субұрқақтар қолданылады. Субұрқақтардың негізгі қызметі – эстетикалық және ауаны ылғалдандыру. Субұрқақтар жүзу үшін жабдықталмаған әрі ондағы су қосымша тазартудан немесе дезинфекциялаудан өтпейді. Сол себепті, субұрқақтарда шомылуға, қолды, жемістерді жууға болмайды.

Қарағанды облысының санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды балаларына субұрқақтардағы су ойындарының жарақат алу қаупі, қауіпсіздік және жеке гигиенаны сақтау ережелері, сондай-ақ, оларға шомылуға жол бермеу және тыйым салу туралы түсіндіруге шақырады. Ашық су қоймалары ыстық мезгілде инфекция көзіне айналатындықтан, шомылу үшін ұйымдастырылған жерлерде суға түсу қажет.

Брифинг барысында спикер алдағы мерекелерде тамақтану кезінде сақтық танытып, қауіпсіз орындарда тамақтануға кеңес береді.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button