АймақҚарағанды

Аймақта 90 мыңнан астам адамды біріктіретін 304 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді

Облыста өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл мәселе әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның кезекті отырысында жан-жақты талқыланды. Басқосуда аймақтағы еңбекті қорғау нормаларының сақ­талу деңгейі сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды.

Жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паев мемлекеттік органдар, кәсіподақ ұйымдары және өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Qarmet, «Қазақмыс», «Шұбаркөл Көмір», «Altyn Komir Service» және «Nova Zink» компаниялары еңбек қауіпсіздігін арттыру бағытындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу – басты назарда. Бұл бағыттағы бақылауды Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүзеге асырады. Ведомство жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, өндірістік жарақаттану фактілерін тергейді.

Соңғы бір жылда еңбек инспекциясына үш мыңнан астам өтініш түскен. Тұрғындар көбінесе еңбек шарттарының болмауына, заңсыз жұмыстан босатуға және еңбекақының кешіктірілуіне қатысты шағымданады. Жүргізілген 600-ден астам тексерудің нәтижесінде көптеген заң бұзушылық анықталып, олардың басым бөлігі еңбек қатынастары саласына тиесілі екені белгілі болды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаментінің басшысы Медеу Ахметовтің айтуынша, қазіргі заманғы еңбек қауіпсіздігі тек талаптарды орындаумен шектелмейді.

– Қауіпсіздік – ең алдымен мәдениет. Бүгінде өңірдегі 64 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды. Жалпы алғанда, өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады, оның ішінде өліммен аяқталған жағдайлар да азайды, – дейді ол.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрландырудың рөлі артып келеді. Мәселен, металлургиялық кәсіпорындардың бірінде өндірістік процестер мен ықтимал қауіптерді тәулік бойы бақылап отыратын ахуалдық орталық жұмыс істейді. Бұл жүйе қауіптің алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Облыста әкімдіктер мен кәсіподақтар арасындағы өзара іс-қимыл да жүйелі түрде жолға қойылған. Негізгі бағыт – 2024-2026 жылдарға арналған үшжақты келісімді іске асыру. Қарағанды қаласында жоспарланған 27 іс-шараның басым бөлігі орындалған. Былтыр комиссия жеті рет бас қосып, 14 өзекті мәселені қараған.
Кәсіподақтар да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Еңбек ұжымдарында 63 кездесу ұйымдастырылып, жұмысшылардың құқықтары мен қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Сонымен бірге, дауларды шешу мақсатында кәсіпкерлер қауымдастығы жанынан медиативтік орталық құрылды.

Бүгінде кеншілер астанасында 90 мыңнан астам адамды біріктіретін 304 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Жұмыс орындарын сақтау мақсатында әкімдік, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалуда. Бұл қадамдар жаппай қысқартулардың алдын алып, кәсіпорындардағы тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.

– Өндірісті өлке үшін еңбек қауіпсіздігі – стратегиялық маңызы бар мәселе. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір жұмыс орнында қауіпсіз жағдай қалыптастыру. Бұл үшін мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында тұрақты диалог қажет. Сонымен қатар, өндірісті жаңғыртып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беруіміз керек, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұдан бөлек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де күн тәртібінен түскен жоқ. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту, оларға еңбекақы мен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу мәселелері ерекше бақылауда.

Жалпы, облыста еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік әріптестік институтының нығаюы мен заманауи тәсілдердің енгізілуі өңірдегі еңбек қатынас­тарының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button