Жаңалықтар

Қауіпсіз еңбекке әркім хақылы

Қауіпсіз еңбек жағдайлары – адамның негізгі құқықтарының бірі. Халықаралық еңбек ұйымы еңбекті қорғауды, еңбек стандарттарын, әлеуметтік диалогты, қызметкерлердің осал санаттарын әлеуметтік қорғауды дамыта отырып, лайықты еңбек қағидаттарын қалыптастырады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын орындамау кәсіпорындардың экономикалық әл-ауқатына нұқсан келтіреді, оның тұрақты даму стратегиясына және жалпы алғанда ел экономикасына кері әсер етеді. Еңбекті қорғау сапасы, еңбек қауіпсіздігі мәдениетінің жоғары болуы қызметкерге, жұмыс берушілерге және барлық деңгейдегі билік органдарына бірдей тиімді. Сондықтан, еңбекті қорғау еңбек міндеттерін орындау кезінде өндіріс процесінде жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекке қабілеті мен өмірін сақтауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті әрекеттерді жасау міндет. Осындай міндетті көздеген «Қазақстан Республикасындағы еңбекті қорғау перспективалары» республикалық конференциясы Қарағандыда да өтті.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Шараны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, институт бірнеше басқосу өткізген. Олардың барлығы еңбек қауіпсіздігін жақсарту, кәсіби тәуекелдерді бағалауға арналады.

– Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші кәсіптік тәуекелді бағалауды және профилактика жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз жабдықтарға ауыстыру жолымен оны барынша азайту және алып тастау жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Осы норманы іске асыруда жұмыс беруші біріншіден, кәсіптік тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау, екіншіден, технология мен жабдықтың қауіптілігі төмен және зиянды нұсқаларын таңдау арқылы кәсіптік тәуекелді төмендету немесе жою бойынша түзету шараларын жүргізуі керек. Қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру еңбек жағдайларын жақсартудағы және әлеуетін толық пайдаланудағы экономикалық құрал болып табылады, – дейді Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры Шолпан Әбікенова.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда республика бойынша жұмыскерлердің 41 пайызы қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп жүр. Таукен өндірісінде бұл тіпті көп. 70-80, кейде 95 пайызға дейін жетеді.

– Еңбек жағдайын жақсарту әдістерінің бірі – сақтандыру. Сақтандыру ұйымдары кез келген кәсіпорынның әр мамандығы үшін кәсіптік тәуекелдің индикаторын анықтауы керек. Осылайша, сақтандырудың сараланған тарифін белгілеу жұмыс берушілердің еңбек жағдайларын жақсартуға, ынталандыруға оң әсер ете алады. Сақтандыру жүйесі 47 пайызды құрайды. Қалғаны жүйеден тыс қалып отыр деген сөз, – дейді ол.

Шолпан Кәкімжанқызы өз сөзінде Қазқстанда 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті.

– Тұжырымдамада көрсетілген міндеттер елде, біріншіден, нарықтық экономикаға сәйкес келетін, тәуекелге бағдарланған еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін құруға бағытталған. Екіншіден, үздік әлемдік тәжірибеге негізделеді. Үшіншіден, мемлекет пен оның әлеуметтік серіктестері саналатын жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өзара іс-қимылының оңтайлы моделін білдіреді, – дейді Ш.Әбікенова.

Облыстың еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, қазір өндірістік жарақаттарды жасыру байқалмайды. Дегенмен де, мамандарды оқыту, жаңа кәсіпке баулу кезінде талаптар толық сақталмайды.

– Оқыту мемлекеттік сатып алу әдісімен жасалады. Ең төменгі ақыны көрсеткені – ұтады. Сол оқыту орталықтары кейде талапқа сай келмей жатады. Тексеріс немесе профилактикалық шаралар барысында олардың бағдарламаларының ескі екені, нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіру бойынша олқылықтар анықталады. 72 сағаттың орнына 36 сағат оқытады деген сияқты. Нәтижесінде жұмыскер қиналады. Кейбіреулер «бәрін білемдіге» салып оқымауы мүмкін. Өндірістік жарақаттар талдамасына қарасақ, барлық жарақаттың 42 пайызы еңбек өтілі 3 жылға дейінгі жұмыскерлер мен 57 пайызы 55 жастан асқан жұмыскерлер арасында тіркелетінін көруге болады. Қарағанды аймағы министрлікке ұсынып жүрген негізгі мәселелері зейнетке шығу жасын төмендету, регрессниктерде төлем жасау, аралас жауапкершілік. Бұл диалог алаңы болғандықтан, барлық мәселе айтылу керек,– дейді Ирина Любарская.

Аталған институттың Қарағанды облысындағы филиалы еңбек тәуекелдерін төмендету бойынша белсенді жұмыс жасауда.

– Жұмыс беруші бұл қажеттіліктің толық мәні мен маңызын түсінбейді, – дейді Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды облысындағы филиал директоры Ардақ Омарова. – Сондықтан, біз ақпаратты жеткізуге тырысып жатырмыз. Бұл мақсатта кәсіподақ та, еңбек инспекциясы да жұмыс жасап жатыр.

Кәсіптік тәуекелдерді бағалау және тәуекелге бағдарланған тәсіл еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды көздейді. Мысалы, жұмыс беруші арнайы киімдермен қамтамасыз ету керек делік. Ол әуелі қандай киім керек екенін анықтап алуы керек. Тәуекелдерді бағалау арқылы жұмыс беруші қай қызметкердің қай маманға барып қаралуы керек дегенді нақтылайды. Кез келген жұмыскер қауіпсіз еңбекке құқылы. Бұл Ата Заңда да, Еңбек кодексінде де жазылған. Бұл құқық қалай жүзеге асырылады? Оны жұмыс беруші жасауға міндетті.

Ардақ Тілеужанқызының айтуынша, жұмыс беруші кәсіби бағалауды өзі жүргізе алады. Сонымен қатар, тәуекелдерді бағалауды жасап беретін мекемелерге де жүгіне алады. Қазір ондайлар көп. Дегенмен, жұмыс берушілер арасында бұл мәселені түсіну және қолдану әлі де бәсең. 

Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button