Биыл облыста төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құтқару қызметтерінің инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар айтарлықтай нәтижесін көрсетті. Аймақта 2025 жылдың 11 айында 931 төтенше жағдай тіркелсе де, қайғылы оқиғалардың көрсеткіші төмендеген. Зардап шеккендер саны – 12%, қаза тапқандар саны – 27% азайды. Бұл – профилактикалық шаралардың күшеюі, құтқару бөлімшелерінің дайындығының артуы және халықпен ақпараттық жұмыстың сапалы жүргізілуінің нәтижесі.
Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының орынбасары Думан Далешов қауіпсіздік мәдениетінің өсуі ең басты жетістік екенін атап өтті. Спикердің айтуынша, өңір бүгінде табиғи және техногендік қатерлерге толық дайындықпен қарсы алуға қауқарлы.

Алдын алу – қауіпті азайтудың басты тетігі
Думан Қайратұлы облыста төтенше жағдайлардың азаюын жүйелі жұмыстың оң әсері екендігін де баса айтты.
– Мақсат – статистиканы әдемі көрсету емес, ең бастысы – әр адамның өмірін сақтау. Биылғы көрсеткіштердің жақсаруы – халықпен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының жемісі. Атап айтсақ, 46 мың ауланы аралап, тұрғындармен 65 мыңнан астам нұсқама өткіздік. Бұл – мыңдаған адамның қауіпсіздік ережелерімен танысып, оны тұрмыста қолдана бастағанын білдіреді, – деді ол.
Сонымен қатар, шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыста 106 ресми шомылу орны анықталған. Ал, тыйым салынған жерлерге 246 ескерту белгісі орнатылып, патрульдеу жұмыстары күшейтіліпті.
Айта кетерлігі, қысқы кезең басталысымен су айдындарында қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түсті. Бірінші қарашадан бері құтқарушылар 45 рет патрульдеу жүргізіп, 1 000-нан астам жадынама таратқан.
– Қыс кезінде мұз қалың болып көрінгенімен, «қауіп мүлде жоқ» деген сөз емес. Азаматтарымызды, әсіресе, балаларды бақылаусыз жібермеуге шақырамын. Бұл – ең көп кездесетін қауіптің бірі, – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Облыста азаматтық қорғау қызметтері толық дайындыққа келтіріліп, 5 мыңнан астам жеке құрам мен 1 700 техника сақадай сай тұр.
Жаңа жыл қарсаңында да қауіпсіздік шаралары назарда тұр. 1-8 желтоқсан аралығында газ баллондарына қатысты республикалық акция өткізіліп жатыр.
– Су тасқыны кезеңіне дайындық та жоспарлы түрде жүргізілуде. Жоспарланған 138 іс-шараның 115-і аяқталып, 22-сі орындалу үстінде. Қазірдің өзінде 22 шақырым қорғаныс білігі, 16 шақырым канал, 3,5 шақырым өзен жағалауы нығайтылып, 25 шақырым өзен арнасына санация жасалды. 54 жол учаскесінде өткізу қабілеті күшейтілді. Су тасқынына дайындық жұмыстары – жыл бойы жүргізілетін үдеріс. Себебі, бір ауылды қорғау – жүздеген отбасының қауіпсіздігі, – деп толықтырды Думан Далешов.
Инфрақұрылым жаңарып, мүмкіндік артуда
Ресми дерекке сүйенсек, ТЖ департаменті бөлімшелері биыл 1 184 адамды құтқарып, 1 004 адамды эвакуациялаған. Думан Қайратұлы мұны қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейінің және техникалық қамтылуының жақсарғанымен байланыстырды.
Нақтырақ айтсақ, Теміртаудағы бұрынғы өрт сөндіру бөлімінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, Қарқаралыда әмбебап құтқару бөлімшесі құрылып, жаңа ангар орнатылды.
Сонымен бірге, биыл құтқарушыларға 25 жаңа техника беріліп, арнайы құрылғылар мен жабдықтар сатып алынған. Балқаш қаласында жедел шығуға арналған 4 жаңа өрт депосының құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстар 2027 жылы аяқталады.
Шалғай ауылдар да назардан тыс емес. «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында биыл Нұра, Осакаров, Ақтоғай, Шет және Бұқар жырау аудандарында 7 жаңа бекет ашылыпты. Жыл соңына дейін Осакаров ауданында тағы 2 бекеттің ашылуы жоспарлануда.
Осылайша, кеншілер өлкесі төтенше жағдайлармен күресте кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Профилактика, инфрақұрылымдық жаңғырту, халықты оқыту және қызметтердің дайындық деңгейін көтеру – аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тірегі..
– Әр адамның өмірі біз үшін қымбат. Қызметіміздің мәні де сол – адам өмірін сақтау. Оған бар күшімізді жұмсаймыз. Қауіпсіздік – тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпайық, – деп қорытындылады Думан Қайратұлы.
Ең бастысы, өңірде қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүру үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



