Бас тақырыпКоронавирус

Қауіп сейілер күн жақын

Облыста карантин шаралары жеңілдетілді. Бірақ, бұл енді коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы мүлдем тіркелмейді деген ой тудырмауы тиіс. Ахуал біршама тұрақтанса да, науқастармен қарым-қатынаста болып, карантин жағдайында оқшауланғандардың сараптама нәтижелері олардың ағзаларында инфекция бар екенін көрсетуде. Мәселен, өңірде сараптама талдауы оң нәтиже көрсеткендермен жақын байланыста болған 5980 адам анықталса, 24 нысанда карантин режимі сақталуда.

ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Облыстың тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, 20 наурыздан өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 159 оқиғасы және 2 ажал құшу жағдайы тіркелген. Жазылып шыққандар – 73 адам.

 – Қарағандыда инфекция жұқтырған – 66, Теміртауда – 63, Шахтинскіде – 7, Абай ауданында – 2, Жезқазғанда – 4, Сәтбаев қаласында – 1, Саран қаласында – 1, Шет ауданында – 1, Бұқар жырау ауданында 1 адам тіркелді. Инфекция анықталған аудандарда, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарда және оған іргелес аумақтар, яғни, супермаркеттер, азық-түлік дүкендері және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында залалсыздандыру ісшаралары күшейтілді, – деді Қанат Асқаров.

ЖАҢЫЛЫСҚАНҒА ЖАЗА БАР

Инфекцияға қарсы іс-шаралар аясында сырқаттармен байланыста болған 5980 адам анықталған. Оның 1513-і жақын байланыста болса, 4467-і – қарым-қатынаста болуы мүмкін деген күдікпен тіркелгендер. Одан бөлек, 24 нысанда, атап айтқанда, тұрғын үйлердің кіреберістері және Теміртаудағы көпбейінді емхана мен №3 көпбейінді аурухананың химиотерапия бөлімшесі карантинге жабылған.

Қазірдің өзінде Ұлттық сараптама орталығы мен жеке зертханалар 17 мың адамды коронавирус инфекциясына тексерген.

 Қанат Асқаров, сондай-ақ, облысымызда карантин режимін бұзған 346 нысан бойынша құқық қорғау органдары іс қозғағанын айтады. 96 нысан бойынша жауаптылар әкімшілік қамауға алынса, 186 нысанның иелеріне айыппұл салынған.

АУРУ ЖЕҢІЛ ТҮРДЕ ӨТУДЕ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев облыстағы жұқпалы ауруларға арналған 5 аурухананың 2-і – Қарағандыда, қалғандары Теміртау, Балқаш және Сәтбаев қалаларында екенін айтады. Облыста тіркелген 159 жағдай болса, оның 34-інің денсаулығы – қалыпты. Ал, қалған науқастарда ауру жеңіл, тіпті, бірқатарында ешқандай белгілері байқалмайды. Одан бөлек, 860 адам тәуліктік бақылауда болса, 1074 адам – үй карантинінде. Қауіп тобындағы адамдарды вирусологиялық тестілеу жалғасуда.

 – Облыста 154 өкпені жасанды желдету аппараты бар, оның 48-і жұқпалы сырқаттар ауруханаларында орнатылды. Қосымша тағы 36 аппарат жеткізіледі деп отырмыз. Карантин енгізілгелі үш ауыр науқас қана аппаратқа қосылғанын ескерсек, бұл цифр облыс үшін жеткілікті, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсамбаев.

ДЕРТ ЖҰҚТЫРУ ЖАҒДАЙЫ

Теміртауда – жоғары Қала әлі де болса ерекше карантин аймағында. Алдымыздағы аптада Теміртауда карантин шаралары жеңілдетіле қоймайтын тәрізді. Себебі, қалада коронавирустың таралуына бақылау жасауды жалғастыру туралы шешім қабылданған. Қала басшысы Ғалым Әшімов те ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, жағдайдың әлі де күрделі екенін айтып отыр.

– Бірінші кезекте ерекше бақылаудағы қалаішілік автобустар залалсыздандырылды. Кәсіби компаниялар 566 ауланы өңдегеннен кейін, бұл жұмысты қаладағы төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери бөлімдер жалғастырды, – деген Ғалым Әшімов теміртаулықтарды шыдамдылық танытып, карантин шараларына төзімді болуға шақырды. Тұрғындарды жуық арада қалыпты өмір салтына өтеміз деп сендірді.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button