Спорт

Аударыспақ: Абадандар аламаны

Қазақтың «Ақ шашу» әнін дүйім жұртпен қосыла шырқаған әйгілі Джеки Чанның бейнесі желіге тарап кетті.

Кейіннен мәлім болғаны Джеки Чан Іле-Қазақ автономиялық округіне фильм түсіру үшін барған көрінеді. Сол мекеннің қазақтары актерге қазақы дәстүрмен ат мінгізіп, шапан жапқан.

Қарап тұрсақ қазақты өзге елден ерек етер жөн-жоралғы, салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары. Мысалы, қазақтың аударыспақ ойынын америкалықтар көріп «Жабайы Батыс» өкілдерінен, яғни, ковбойлардан да асып түседі ат үстіндегі әдіс-айласы» депті.

Естеріңізде болса 2014 жылы Астанада ұйымдастырылған ұлттық спорттан Азия чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақта Американың атақты родео (ат үстінде түрлі трюк жасаушы, асау үйретуші) сайыпқыраны Крид Гарник сынға түскен болатын. Оның бұл спортқа деген қызығушылығы да сол кезеңде туған. Ол аударыспақты өз елінде кеңінен таратуға бел байлап, ойын ережелерін қағазға түсіріп те алған.

Расында, ат үстіне алғаш қонған қазақ болғандықтан қанға сіңген қайсарлық қазақ тамырында ғана бүлкілдемек. Ал, өзге елге бұйырғаны тек тамсану мен таңдану ғана.

Қазақты қиқуға бастыратын, мәдениетіміздің айнымас бөлшегі ол – ұлттық ойындарымыз. Көшпелі қазақтың көне ғұрпы мен ұлттық спорты қазір кең таралуда. Солардың ішінде көкпар, күрес, бәйге секілді көп дәріптелгендері көк жәшіктен де көрсетіліп, ел аузында. Ал, ат үстіндегі күрес саналатын аударыспақ ойыны енді-енді жаңғырып келеді.

Аударыспақ ат үстіндегі кәдімгі күрес. Салмақ ерекшелігіне байланысты қос балуан белді айғырлармен алаңға шығады. Екеуі ат үстінде күреседі. Аттан қайсысы бұрын ауып түссе сол жеңілген болып саналады. Ертеде салмақ ерекшелігіне қарамаған. Сайысқа ниеттенген қос балуан ортаға шақырылып аударыса берген. Қара күшпен ақыләдісті талап етер бұл ойын экстрималды спорт түріне жатады.

Қазіргі ережеге сәйкес спортшылар жас ерекшелігіне қарай 5 салмақ дәрежесінде күш сынасады. Мәселен, 15-18 жас аралығында жасөспірімдер болса, 18-ден жоғары ересектер боп бекітілген. Ал, абсолюттік салмақ дәрежесі 80 келіден жоғары. Мұндай салмақтық категорияға бөлудегі мақсат – оны спорттың бір түріне айналдыру болып отыр. Ал қатысушыларға тең жағдай жасалуы керек.

– Сыртынан қарағанда қарапайым көрінгенімен бұл ойынның өзіндік айла-тәсілдері, тыйым салынған әдістері бар. Мысалы, аяқтан ұстап лақтыру, атты шеңберден итеріп шығару, қолдан ұстап артқа айналдырып лақтыру, қарсыласты белдіктен ұстап жұлып алу секілді айлалар қолданылады. Сондай-ақ, атты қарсы қарап секіртуге, қамшымен қарсыласты ұруға, қолды, саусақты қайыруға, беттен итеруге, аттың жалынан ұстауға, мойнынан құшақтауға, екі қолдап ер-тоқымның басынан ұстауға тыйым салынған. Сайыс алаңының шеңбері 20 метр болады. Сонымен бірге, күш сынасқанда кедергі келтірмес үшін, киімнен ұстамау үшін, аударыспақшылар алаңға кеудесі жалаңаш күйінде шығуы керек. Мұндай белдесуге білектің күші қажет. Сонымен бірге атты да дұрыс тізгіндей білуі тиіс. Бұл ойынға белі мықты, шымыр жылқылар таңдалады. Аттың да биесі немесе азбан аттары (пішілгендері) түсе алмайды топқа. Неге десеңіз, азбан ат пен биеде бет болмайды. Олар қандай күшті болса да бетпе-бет келгенде айғырдың мысы басып кетеді. Артқа тартыншақтап жеңілуге жол беріп қояды. Ал, айғыр жануар не де болса қарсылас астындағы айғырмен жесісіп (таласып), тізгін иесіне барынша мүмкіндік беруге тырысады. Аударыспақ аттың ебі мен балуанның білегі, жүрегі сыналар спорт түрі, – дейді Қарағанды «Бәйтерек» көкпар клубының жетекшісі, аударыспақшы Ерлан Оспанов.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір бұл ойын түрінен республикалық жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Біздің өңірдегі аударыспақпен айналысып жүрген жігіттер де жүлделі орындардан көрініп жүр. Биыл Шымкентте өткен Ұлттық спорт түрлерінен турнирде қарағандылық Мадияр Төлеген бағы жанып, қола жүлдені еншілеген болатын. Ол бұдан бұрын да 2019 жылы жасөспірімдер арасында күміс алып, абыройын асқақтатқан еді. Өңірдегі аударыспақ жайын осы спорт түрінен аға жаттықтырушы Сағат Төлеуовтан сұраған едік.

– 2019 жылы жерлесіміз Нұрбек Аманжолов 50 келі салмақ сапында ең бірінші болып Азия чемпионы атағын алды.

Жалпы Қарағанды ұлттық ойын түрлерінің қай-қайсынан кенде емес. Ал, мына  аударыспақ ойынының айласы көп. Алаңға шыққан көп балуанның қолданар әдісі белбеуден ұстап артына шығу тәсілі. Негізі көп нәрсе астыңдағы атыңа да байланысты. Аударыспақ барысында қолданатын әдісіңе сай жылқы да солай икемделуі қажет. Ол үшін ат та арнайы дайын болуы шарт. Бұл білек күші, айлакерлік пен ептілік сыналатын ойын ғой. Қазір Өскемен, Шымкент, Алматы жігіттері бұл спорт түрінен алдыңғы орынға шығып тұр, – дейді жаттықтырушы.

Көп қаламен салыстырғанда Қарағанды ұлттық ойындарға анағұрлым ден қоюда. Жыл сайынғы ұйымдастырылар шаралар мен астарда аударыспақ жиі ойналады.

– Арқа төсінде ата-бабадан аманат болған ойындарды дамыту жақсы жолға қойылған. Жылда 15-20-дан аса спорт шеберін дайындаймыз. Ел ішіндегі біріншіліктерде орынсыз қайтпаған аударыспақшы жігіттеріміз бар. Жалпы, облыс бойынша 200-ден аса жеткіншек аударыспақпен айналысады, – дейді Сағат Төлеуов.

Бұл бұдан бірнеше жылғы көрсеткіштің көш басына ілгерілегендігі. Әуелгі қарқыннан өрлеу бар. Байырғы байлардың саба-саба қымыз сапырып, аста-төк ас беріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылар үрдісі қалмағанымен қалғаны осы ұлттық ойындар мен оның ережелері. Елдіктің ертеңі, біздің ұлттың беткеұстар қалқаны да осы ұлттық құндылық болса керек.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button