Қарқаралыдағы Ш.Жандарбекова атындағы мәдениет үйінде Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстаным» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты шараның барысында өңірімізге еңбегі сіңген үш адамға «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Атап айтқанда, осынау жоғары атаққа білім беру саласының ардагері Мұхитбек Қапсаттарұлы Адамов, білім беру ісі мен мемлекеттік қызметтің ардагері Серік Смағанбетұлы Дүйсетаев және ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет және спорт саласының ардагері Бағдат Түшкенұлы Шахмерденов ие болды. Қасиетті Қарқаралының құрмет төріне озған Мұхитбек Қапсаттарұлы, Серік Смағанбетұлы, Бағдат Түшкенұлы – осы ауданның өрлеуіне, өркендеуіне ерен еңбек сіңірген, ақсақал жасына жетіп, қалың елдің абызына айналған танымал тұлғалар. Ауданның үлкен-кішісі бірдей сыйлап, құрмет тұтатын бұл кісілердің әрқайсысы қандай да болсын жоғары марапатқа әбден лайық.
Мерекелік жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген жандардың тағы біразы облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Осы кеште ән әуелетіп, би билеген аудан мен облыстың өнерпаздары мерекелік салтанаттың сәнін келтірді.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы.