АймақҚарқаралы

Ауданның әлеуеті артып келеді

Облыс орталығынан екі жүз шақырымнан артық қашықтықта жатқан Қарқаралы ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы кейінгі жылдары едәуір ілгерілеген. Өткен жұмада ауданға арнайылап ат басын тіреген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұндағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жауапты қызметкерлермен кеңес өткізіп, тиісінше тапсырмалар берді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарқаралыда туризм саласын дамыту шараларының қолға алынуы өңір тіршілігіне тың серпін берді. Туристерді тарту үшін мұнда жаңа демалыс орындары ашылып, этнотуризм бағыты дамып жатыр. Биыл Қарқаралыда бөгет жағалауы абаттандырылып, коммуналдық жағажай ретке келтірілді.

Көпшілік серуеніне арналған жаңа алаң жасалды. Алдағы уақытта этноауыл мен жаңа туристік кешен жасау жоспарланған.

Қарқаралы ауданындағы ең өзекті мәселе – жол. Қарқаралы-Қарағанды тасжолы бірнеше жылдан бері біртіндеп жөнделу үстінде. Өңір басшысы трассаның жөнделген учаскелерін аралап, жұмыстардың барысын өз көзімен көрді. Былтыр Қарқаралы қаласынан Матақ ауылына дейінгі 62 шақырым, биыл Матақтан Ащысуға дейінгі 53 шақырым аралықтар жөнделді. Төрт аялдама бекеті ауыстырылды. Жол бойындағы су өткізу құбырлары да қайта ретке келтіріліп жатыр.

– Жол бойында санитарлық-гигиеналық тораптар орнатпақшымыз, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов. – Жұмыстар аудан әкімдігімен бірлесіп жүргізілуде. Әзірге Қарқаралыға кіре берісте бір алаңды белгіледік, онда санитарлық тораптан бөлек сауда павильондары да болады. Жергілікті әкімдік коммуналдық желілерді тарту жұмыстарын жүргізді.

Облыс әкімі жол жөндеу сапасына және жол бойындағы аумақтың санитарлық жағдайына тұрақты бақылау жасауды міндеттеді.

– Аялдамаларды халыққа ыңғайлы жерлерге орнатыңыздар. Көліктер аялдайтын, адам көп келетін жерлерді абаттандыру қажет, – деді Е.Бөлекпаев.

Өңірдегі жағдай туралы мәлімдеген Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов та аудан көлеміндегі жолдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биыл Қарағанды – Аягөз – Бұғаз жолының 16,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталған. Бұл жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы толық аяқталады. Облыстық маңызы бар 53 шақырымдық Қарқаралы – Ақжол – Қоянды тас жолын жөндеу жұмыстары аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша енді Жарлы, Тегісшілдік, Аппаз елдімекендеріндегі ауылішілік жолдар жөнделеді.

Ал, Қарқаралы қаласында Тоқтар Әубәкіров атындағы орталық көшенің бойын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс сапарының барысында облыс басшысына Жарлы-Қарқаралы топтық су құбырының құрылысы туралы баяндалды. Бұл нысан іске қосылған соң қаладағы су тапшылығы проблемасы толығымен шешілмек. Қазіргі уақытта қырық шақырымдық су құбырын тарту жұмыстары аяқталған. Енді қала ішіндегі желілерді жаңарту қажет. Су құбыры алдағы жылы іске қосылады.

Аудандағы Қарағайлы, Матақ, Теректі, Бүркітті, Томар елдімекендерінде де ауызсу құбырлары тартылуда. Тоғыз ауылда блоктық-модульдік сорғы станциялары орнатылды.

Сапар соңында облыс әкімі Қарқаралыдағы М.Әдекенов атындағы колледжде болып, ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлайтын оқу орнының жағдайымен танысты.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button