Бас тақырып

АУДАНДАРЫ – алдында, ҚАРАҒАНДЫ қайтпек?

Қарағанды қайда қарайды? Қарағанды – Ақтоғай, Қарқаралыға қарайды облыс орталығы басымен. Өйткені, тәуелсіздіктің темірқазығын қаққан Алаш арыстарының ескерткіші іргесіндегі осы екі аудан орталығында. Бұрын бір емес, екі мәрте жазғанбыз. Қарағандыға Алаш арыстарының ескерткіші керектігін. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Спаскіге барғаннан гөрі, Алаш арыстарының ескерткішін орнатып, сонда барған әлдеқайда қайырлырақ деп. Соны қайта қопсытпақпыз, бұл жолы басқашарақ, бірақ…

АЗАЛЫ ТАРИХТЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСІ

Қарағандыда Қазыбек би мен Бұқар жыраудың ескерткіштері бар. Қаныш пен Қасым бар. Әлихан мен Әлімхан жоқ. Есесіне Ақтоғай, Қарқаралы сияқты аудандарында бар Алаш арыстарының ескерткіштері… Қазыбек, Бұқар бабалардың ұлы мұратын ғана емес, адамзат мәдениетінің асылдарын негіз етіп, қазақты ел қылу жолында қападар боп, қапасқа түсіп, атылып кеткен Алаш арыстарына келгенде тілімізді неге тістей береміз? Қазақ даласында тұңғыш саяси қудаланып, абақтыға қамалғандар солар. Барлық қуғын-сүргіннің басында тұрғандар да. Әлихан, Жақып атылды, Әлімхан айдалды, басқасы қарауылға ілінді… Қарап отырса, ХХ ғасыр басында Қазақ ұлтының еркіндігі мен теңдігі үшін күрес бастаған серкелерінің дені осы Қарағанды топырағынан. Алда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні келе жатыр. Қарағанды басында Михаилов мөлтек ауданындағы Перзентхана аялдамасы тұсында саяси қуғындалып, атылғандарға арналған ескерткіш тас бар. Ешкім білмейді бірақ оны. Білмеген соң бара бермейді. Ашаршылық құрбандары туралы атамаса да болады. Ашаршылық құрбандарына еліміздің астанасында, Алматы қаласында бар ескерткіш. Бізде жоқ. Біз бұл күні қайда барамыз сонда? Әкімі бар, қарасы бар қала сыртындағы Спасск мемориалдық кешеніне тартады жылда. Білетіндер онымыз дұрыс емес деп жүр. Саяси қуғын-сүргін дегенде менің есіме бірден кезінде Қарағандыда жүрген Әлімхан Ермеков түседі. Нығмет Нұрмақов түседі! Небір сұмдық азап пен қияметті бастан кешірсе де, сынбай, тік келіп, тік кеткен ғой Алаш арыстары. Тіпті, айдау мен абақтыда зорлық пен зомбылықтың шектен шыққан түріне төзіп, атар алдында тұрғандағы суреттерінде еңселері түспеген. Асқақ айбындары құламаған. Зұлмат жылдар зобалаңының бәрін басынан өткеріп, Алла сақтап аман қалған Әлімхан ата бертінге дейін осы Қарағандыда жүрген. Зираты да осындағы ДСК қорымында. Совет үкіметінен көрмегені жоқ. Бірақ, кез келген суретіне үңіл, қасқайып тұрады қайран арыс. Спассктағы бауырластар зираты емес, бізді жігерлендіретін осындай айбынды рух керек. Түрме мен абақты тізесінде ғана қалып, алтын басы азаттыққа бастап бара жатқан асқақ бейне, айбынды кейіп керек. Алашты жау қолына бермейтін ұрпақ сонда өседі. Тәу ету өз алдына, тегеурінді рух керек! Бұл бір деп қойыңыз.

АЛАШ АЛЛЕЯСЫ КЕРЕК…

Екінші, осыдан біраз жыл бұрын ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға ескерткіш Семей қаласында тұрғызылды. Ол игі үрдіс іле-шала біздің Қарқаралы топырағына көшті. Құнанбай қажы мен бала Абайдың бейнесінен соң Алаш арыстары қалыпталды мұнда. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермек кеңес құрып отырғандағы сәті. Негізі Алаш идеясы Семейге Қарқаралыдан барған. Қазақ даласында тұңғыш қазақ демократтары ту тіккен жер – Қарқаралы. Бұл жерде «аналар бірінші салып қойды, біз кейін қалдық» деген әңгіме жоқ. Бәрі – бір Қазақстан, бір Отан. Әйтпесе, Қарқаралы мен Семейден бұрын Алаш арыстары ескерткіші Ақтоғай ауданының орталығында бой көтерген. Қарағандының екі бірдей ауданында тұр. Алаш арыстарының ескерткіші, облыс орталығында жоқ, бірақ! Не деуге болады! Аудандар тұрғызып қойған ескерткіштерден де зорын орнатуға Қарағандының қауқары жетпейді дегенге кім сенеді? Қателеспесек, Қарқаралыдағы «Алаш арыстары» ескерткішіне аудан бюджетінен қарастырылды қаржы. Ақтоғайдағы ескерткіш, тіпті, сонау 1997 жылдары бой көтерген. Қазақстан көлемінде Алаш арыстарына қойылған тұңғыш ескерткіш болса керек-ті. Енді, екі бірдей ауданында мұндай мүсіндер тұрғанда, Қарағандының бүйтіп қол қусырып қарап отырғаны тіпті, ақылға сыймайды. Оның үстіне қаланың Майқұдықпен жалғасар жағы жаңаша салынып жатыр. Болашақта ол жақтар сәулетті Қарағандының орталығына айналмақшы. Республика даңғылы бойындағы алып тутұғырдан Майқұдыққа қарайғы аумақты айтам. Сәулет құрылыстары жаңаратын сол араға Алаш аллеясы қоса салынуы керек, біздіңше. Мұны есі түзу қазақтың қай-қайсы болсын қолдауы тиіс. Алдағы уақытқа жоспарланған қаланың жаңа келбетінің басты нысандарының бірі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының аллеясы болса, қандай ғажап! Оның композициясы асықпай ойластырыла жатар. Біздікі баспасөз бетінде ұсыныс айтып, қоғамдық пікір тудыру. Ойды ой түртіп, басқалар дамыта түссе, тіптен керемет! Айтарыңыз болса, мархабат!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button