Бұқар жырау ауданында Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың биылғы 180 жылдық мерейтойына орай әдеби аялдамалар желісі кеңейіп келеді.

Аталмыш аялдамалардың алғашқысы Көкпекті аулында ашылған еді. Ол жай ғана көлік күту орны емес, заманауи мәдени-ағарту алаңы болып табылады. Онда арнайы QR-код орнатылған. Оны сканерлер арқылы көкпектіліктер мен ауыл қонақтары, жолаушылар Ұлы Абайдың өлеңдерін оқып, оның шығармаларының аудио нұсқаларын тыңдап, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректермен таныса алады.
Дәл осындай аялдамалар ауданның Ботақара кенті мен Доскей аулында да пайда болды. Олар мәдени-ағартушылық үлгіде безендіріліп, стендтерінде Абайдың өмірбаяны, өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер, ақынның өмір сүрген дәуірін бейнелейтін фотосуреттер мен иллюстрациялар орналастырылған. Конструкция ұлттық ою-өрнектермен және қанық түстермен әшекейленіп, елді мекендерге ерекше көрік беріп тұр.
– Абайдың әдеби аялдамалары абаттандыру нысаны ғана емес, өскелең ұрпаққа Ұлы Абайдың соңында қалдырған мәңгілік мұрасын еске салудың бір жолы, – дейді осы жобаның бастамашылары.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы