Ресми

Ауданда ауқымды жобалар бар

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданына барды. Аймақ басшысымен кездесуге ауданның шалғай ауылдарынан да тұрғындар арнайы келген. Олар өздерін мазалап жүрген сұрағын қойып, жауап алды. Облыстық басқарма басшылары да қажетті ақпараттарды ұсынды. Облыс әкімі «Қарағанды-Қарқаралы» тас жолын жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.

Кездесуде аудан тұрғындары өзекті мәселелерін ортаға салды. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолдардың жағдайы, денсаулық сақтау салаларындағы проблемалар өздерін ерекше толғандыратынын байқатып, шешу жолдарын қарастыруды айтты.

Нұрлан Ақсөре кездесуде Томар ауылы тұрғындарының өтініш-тілегін аманат етіп ала келіпті.

– Әкімге үш сұрақ қойдым. Бәрі – маңызды. Бізге Мәдениет үйі мен мектепті жөндеп берсе екен дейміз. Бүркітті ауылы мен Кентөбе арасындағы жол біраздан бері жөндеуді қажет етіп тұр. Облыс әкімі бұл мәселелерді шешуге көмектесетінін айтып отыр. Солай болады деп үміттенемін, – дейді Нұрлан Ақсөре.

Аймақ басшысымен кездесуде ауылдарда интернеттің болмауы да маңызды сұрақтардың бірі болды.

– Абыз ауылында байланыс бар, бірақ интернет жоқ. Алайда, ауыл аудан орталығынан небәрі 100 шақырым жерде тұр. Ауылда 300-ден астам тұрғын, «Қазақмыс» корпорациясының 500-ден астам қызметкері тұрады. Интернет желісі – ауадай қажет, – деді осы ауылдың тұрғыны Ермек Нұржанұлы.

Ал, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі аудан аумағында сатылап шешіліп жатыр. Томар, Теректі, Бүркітті ауылдарында сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылуда. Қарағайлы кентіндегі құбырлар толығымен ауыстырылған. «Жарлы-Қарқаралы» су құбырының құрылысы басталды. Жоба бойынша 40 шақырым құбыр салынбақ.

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары жайылым тапшылығына шағымданып отыр. Мал жаю үшін жерді қайтару жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Ауданда тозған жайылымдарды қалпына келтіру жобасы да жүзеге асырылуда.

Кездесуге қатысқан тұрғындардың басым бөлігі аймақ басшысы һәм басқарма басшыларымен осындай форматта кездесудің өте ыңғайлы екенін айтады. Үйреншікті есептер жоқ, барлығы жылдам және нақты. Кезек күтіп, шаршамайсыз, жүйкеңіз жұқармайды.

Ермағанбет Бөлекпаев аудан тұрғындарының барлық өтінішін жазып, жауапты сала басшыларына әрбір сауалға нақты жауап беруді тапсырды.

Бүгінгі таңда аталған жол кезеңкезеңімен ретке келтірілуде. Жөндеу жобасы өткен жылы басталды. Биыл жоспарланған 44 шақырымның 39-ы жөнделген.

Асфальт жабынын ауыстырудан бөлек, төрт автобус павильоны орнатылып, су өткізу құбырлары жабдықталыпты. Орташа жөндеумен қатар шұңқырларды қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Жоспарланған 44 шақырым жол қазан айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Жөндеу жұмыстары келесі жылы жалғасады. Жоспарда тағы 58 шақырым жолды қалыпқа келтіру қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жол бойында биодәретханалар орнатылып, санитарлық-гигиеналық тораптар да жабдықталады.

Ермағанбет Қабдулаұлы жөндеу жұмысына жауапты мердігерге жолдың аса қауіпті жерлеріндегі шұңқырларды тегістеу қажеттігін атап өтті. Төселген асфальттың сапасын қатаң қадағалауды мұқият тапсырды.

Қарқаралы ауданында тұрғын үй мәселесін шешу жұмысы да жалғасуда.

Аймақ басшысы 18 пәтерлі екі үйдің құрылыс алаңына арнайы барып, аралап көрді. Жұмыстар аяқталып, жыл соңына қарай әлеуметтік тұрғыда қорғалатын кезекте тұрғандар пәтер алады. Қазір Қарқаралы бойынша тұрғын үй кезегінде 461 адам тұр.

Аймақ басшысы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарға ат басын тіреді. Орталық стадионда футбол алаңы, жүгіру жолы және көрермендерге арналған трибуналар жаңартылмақ. Ермағанбет Қабдулаұлы мердігерге бірқатар ескерту жасады. Құрылыс қарқыны мен жұмыс сапасы бойынша наразылықтардың бар екенін айтты. Жергілікті билік органдарына жұмысты бақылауды күшейту, толық орындалмаса және ақаулар болған жағдайда заң аясында шаралар қабылдауды тапсырды.

Тағы бір айта кетері, биыл Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйі жөнделе бастады. Аталған жұмыстар келесі жылы жалғасады. 

Жәлел ШАЛҚАР,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button