Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов облыстық коммуникациялар қызметі алаңында өз аймағының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

Сөзінің басында Сәбит Темешұлы аудан өнеркәсібінің өсу қарқынына тоқталды. Атап айтқанда, мұнда өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 95 миллиард теңгеге өскен. Топар Бас энергия тарату орталығында қуаттылығы 130 мегаватт болатын жаңа турбина іске қосылып, электр энергиясын өндіру 12 пайыз артыпты. Сондай-ақ, «Абай» шахтасы мен «Восточная» орталық байыту фабрикасында көмір мен оның концентратын өндіру көлемі ұлғайған. Өткен жылы «Караганданеруд» кәсіпорнында негізгі өндіріс жабдықтары ауыстырылған екен. Ал, «Деметра-2005» ЖШС жаңа цех құрылысын аяқтап, газгольдерді пайдалануға беріп, жылжымалы балқыту пешін іске қосқан көрінеді.
Есепті кезеңде ауданның негізгі капиталына шамамен 67 миллиард теңге инвестиция тартылса, соның 90 пайызы жекеменшіктің үлесінде. Осы жылы жалпы инвестиция көлемі 7 миллиард 300 миллион теңгені құрап, 140 жаңа жұмыс орнын құратын 3 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Солардың бірі – Абай қаласындағы «Alisha Group» ЖШС құны 800 миллион теңгелік мал сою цехы бар толық циклды ет өңдеу кәсіпорнының құрылысы. Биыл іске қосылатын бұл кәсіпорын жылына экспортқа шығаруға 2 мың тоннадан астам ет өңдейтін болады.
Қазірде шетелдік инвесторларды тарту барысында аудан аумағында 2 жаңа өндірісті ашуға дайындық жүргізілуде.
Абай ауданында 2025 жылы ауыл шаруашылық өндірісінің көлемі 54 миллиард теңге болса, ол өткен жылғы деңгейден 10 пайызға жоғары.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Сол мақсатта Шерубай-Нұра су қоймасының оң жағалауы бойында 4 шақырым жол жөнделіп, енді биыл сол жағалауға баратын 7 шақырым жол жөнделмек. Осы демалыс аймағына электр тогын беретін 18 мың метр желілер тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы даярланып, сараптамадан өткен.
Қызмет көрсету саласын кеңейте отырып, жаңа туризм нысандарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау бойынша 6 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды.
Ауданның құрылыс саласында да оң нәтижелер аңдалады. Мәселен, «Тұрғын үйге қолжетімділік» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Абай қаласында 80 пәтерлі көпқабатты үй салынып бітіп, содан ауданның 47 отбасы жаңа пәтерге ие болды.
Жыл қорытындысы бойынша Абай ауданында барлығы 9 200 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл былтырғы көрсеткіштен 14 пайызға асып түсті.
Абай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталып, онда қалдық сұрыптау желісі орнатылды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын мыңнан аса контейнерлер сатып алынып, рұқсат етілмеген 52 қоқыс үйіндісі жойылды.
Есепті мезгілде ауданда 42 шақырым жолға орташа жөндеу жасалып, соның ішінде Қызыл ауылына кіретін 5 шақырым жолға, Дубовка, Көксу, Мичурин ауылдық округтерінің жолдарына жөндеу жүргізілді. Енді биыл ол жұмыстар жалғасып, Абай қаласында жол жабындысын күрделі жөндеу жоспарда. Сонымен бір мезгілде суағар кәріз жүйелеріне тазалау мен қызмет көрсету жүргізілмек.
Өткен жылы Дубовка ауылында ағын суды айыру құбырлары төселіп, биыл Абай қаласында ағын су тораптарын тазалау шаралары жалғасады.
Абай ауданында спорт инфрақұрылымы да даму үстінде. Бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін Абай қаласының 3-шағын ауданындағы жөнделген ғимараттарда 12 спорт секциясы ашылып, жұмыс істеп, оларда 600-дей адам жаттығады.
Өткен жылы ауданда Ұлы Абайдың 180 жылдығына байланысты республикалық ақындар айтысы өтіп, Абай ақынның онкүндігіне 30 мыңнан астам адам қатысты.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құрметіне ауданның соғыс және тыл ардагерлері туралы кітап жарық көріп, кітапханалар мен сол адамдардың отбасыларына таратылды.
Былтырғы «Жұмысшы мамандықтарының жылында» аудан мектептерінің оқушылары облыс колледждері ұсынған 13 мамандықпен танысу форумына қатысып, кәсіптік бағдар алды.
Енді биыл абайлықтар Қарағанды облысы құрылуының 90 жылдық және Абай қаласының 65 жылдығын атап өтпекші.
– Осы айтулы оқиғаларды лайықты түрде атап өту үшін көптеген іс-шараларды жоспарлап отырмыз, – деп сөзін қорытындылаған Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов брифинг соңынан журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы



