Ресми

Аудан дамуында қарқын бар

Өткен аптада, Қарағанды облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Нұра ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы арнайы брифинг өткен болатын. Онда аудан әкімі Бақытжан Мұқанов өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.

Нұра ауданы облыстағы өндірісі, ауыл шаруашылығы мен басқада еңбек салалары дамыған өңір. Оның ішінде аудан экономикасын алға жылжытып отырған ірі сала – ауыл шаруашылығы. Мұндағы егіс көлемі биыл 305,6 гектардан асады деп күтілуде. Дәнді және майлы дақылдар, картоп алқаптары ұлғаймақ. Өсімдік саласын дамытуға 2,8 млрд. теңге субсидия бөлінді.   

2022 жылы ауыл шаруашылығында 555,3 млн. теңге сомасына алты жоба іске асырылып, 50 жаңа жұмыс орны құрылды.

Өсімдік шаруашылығындағы инвестициялық жобалар аясында: 1514 га суармалы егістік алқабы айналымға енгізілді. 12 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, инженерлік инфрақұрылым тартылды, құбырлар, сорғы станциясы және қосалқы бөлшектер сатып алынды.

Мал шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде қазақтың ақбас 75 бас асыл тұқымды ірі қара малы сатып алынды.

Ауылды дамыту бағдарламасына сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының пилоттық жобасы негізінде ауданда суармалы жерлерді пайдалануға беру, сондай-ақ, сүт-тауар фермаларын ашу жоспарлары қолға алынуда. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі Жамбыл облысымен бірлескен пилоттық жоба аясына ауданымыздың төрт ауылы енді, оларға жеңілдетілген несие беру жұмыстары қарастырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нұра ауданы бойынша мемлекет қорына 37,3 мың га. жер қайтарылды. 2023 жылы 69 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отыр.

Ауылдық елді мекендерге мамандар тарту мақсатында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіліп 2022 жылы барлығы 55 маманға 17 млн. теңге сомасында көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 30 маманға 137 млн. теңге бюджеттік несие берілді.

Ауданда өнеркәсіп саласы дамып келеді. Өңірдегі «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның өнеркәсіптік үлесі 78% құрайды. Өткен жылы мұндағы көмір өндіру көлемі 15,8 млн. тоннаны құраған.

Жыл басынан бері аудан экономикасына 43 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйылды. Олардың 96% – дан астамы жеке инвестициялар.

Ауданға қарасты Шұбаркөл кентінде «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның «Арнайы кокс өндіру зауытының құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Қуаты – 400 мың тонна, жоба құны – 39,9 млрд. теңге.

Ауданда 1,5 мың шағын және орта бизнес өкілдері өз істерін жүргізуде. Олар өткен жылы 29 млрд. теңгенің өнімін шығарды. 2023 жылы оның көлемін 2%-ға арттыру көзделуде. Сала өз кезегінде аудан тұрғындарының 30%-ын жұмыспен қамтып отыр. 2022 жылы Ұлттық жоба негізінде мұнда 899 жұмыс орны белгіленді.

Ауданда жұмыссыздар саны 2,9% құрады. Алдағы жұмыс бұл санды азайтуға бағытталатын болады.

Өңір халқының әл-ауқатын арттыру мақсатында 2021-2022 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға 154 млн. теңге және бизнес-жоспарларды қолдауға 63 млн. теңге бөлінді. Жас кәсіпкерлерге аудан әкімінің 7,3 млн. теңге арнайы гранты берілді.

2022 жылы 9,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдан 19,2 % -ға артық.

Көп балалы отбасыларға 19 пәтер, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 3 пәтер, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 24 пәтер жалға берілді.

Ауданның 108 шақырымға жуық автомобиль жолдары жөнделген, оның ішіндегі 59 шақырым республикалық маңызы бар, 43,5 шақырым облыстық маңызы бар және 5,5 шақырым кентішілік пен ауылішілік жолдар.

Шұбаркөл, Нұра кенттерінің, Ахмет ауылының ішкі жолдарын 148,8 млн. теңгеге орташа, Нұра кентіндегі кентішілік жолдар мен тротуарларды ағымдағы жөндеу бойынша 27,9 млн. теңгенің жұмысы жүргізілді.

Республикалық маңызы бар Астана-Теміртау – автожолының 2 учаскесінің 59 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ұзындығы 23,5 шақырым және 20 шақырым облыстық маңызы бар «Нұра – Байтуған – Шахтерское – Мұзбел» жолының екі учаскесі жаңартылды. Сонымен қатар, ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында алдағы жылы Егінді, Байтуған, Ахмет, Көбетей, Заречное, Тассуат, Мыңбаев және Алғабас ауылдарының ішкі жолдарына орташа жөндеу жүргізілмек.

Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы маңызды міндет болып табылады. 2022 жылы орталықтан су жеткізу 94,6%-ды құрады. Оны 2025 жылға дейін 98%- ға арттыру жоспарлануда. Биыл Жараспай және Құланөтпес ауылдарында су құбыры желілері салынады. Сондай-ақ, Изенді ауылында да су құбырын тарту мәселесі шешілетін болады.

Ауданның білім беру саласында да ілгерілушілік бар. 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа 379 оқушы барды. Балаларға қауіпсіз және жайлы жағдай жасау мақсатында барлық білім беру орындарында дабыл түймелері мен ескерту жүйесі орнатылған. Бейнебақылау камералары барлық 36 білім беру объектісінде орнатылды. Нұра кентіндегі үш мектеп пен екі балабақшаның бақылау жүйелері полиция бөліміне шығарылды.

Мәдениет, денсаулық салаларының жұмысы ерекше назарда. Бірнеше мәдениет нысандары жөнделді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы негізінде Байтуған және Заречное ауылдарында жалпы сомасы 333 млн. теңге болатын, 25 адамды қабылдайтын екі фельдшерлік-амбулаториялық пункт құрылысы басталды.

Көктемгі су тасқынына байланысты қауіпсіздік шаралары үнемі жүргізілуде. Су басу қаупі бар 19 елді мекен мен 465 аула ерекше бақылауға алынған. Жалпы су тасқынының алдын алу үшін 20 мың құм толтырылған қап, 32 тасымалдау сорғылары мен 29 мотопомпылар әзірленіп қойылған.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button