АймақТеміртау

Ауаның ластануы алаңдатады

Қарағанды – Қазақстандағы ауасы ең лас қала. Себебі, «Қазақмыс» корпорациясы, Qarmet өндірістік нысандары және басқа да ірі кәсіпорындар шоғырланған, өнеркәсіптік өңір. Ал, атмосфералық ауаның ластануына дәл осы кәсіпорындардың ауаны лас­тайтын қалдықтарымен қатар, жылыту секторларынан шығатын түтін әсер етуде. Мәселен, өткен жылы дәл осындай шығарындылар көлемі облыс орталығында – 37,6 мың тонна, Теміртау қаласы бойынша – 230,7 мың тонна және Балқаш қаласы бойынша – 80,7 мың тоннаны құраған. Одан бөлек, облыстың Қарағанды, Теміртау және Балқаш сияқты ірі қалаларында атмосфералық ауаның сапасы бойынша бірқатар экологиялық проблемалар бар екенін айту керек.

Суретті түсірген М.Морозов

Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бақтияр Көлебаевтың айтуынша, Теміртау қаласының атмосфералық ауасын негізгі лас­таушы – «Qarmet» АҚ. Кәсіпорынның атмосфералық ауаны ластау үлесі – 87%.

– Бұл ретте, бұрынғы инвестор «АрселорМиттал» 2024 жылға қарай эмиссияларды 30%-ға немесе 60 мың тоннаға төмендету жөніндегі жасалған Меморандум шеңберінде өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. 2019-2023 жылдар аралығында 23 іс-шараның ішінде шаң-газ тазарту жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеу, түтін құбырларын бөлшектеу және монтаждау сияқты жергілікті сипаттағы және қоршаған ортаны жақсартуға айтарлықтай әсер етпейтін 7 іс-шара ғана орындалды. – дейді Бақтияр Көлебаев.

Бұл ретте жоспарланған мерзімде 10 іс-шара орындалмаған. Мысалы, электр сүзгілерін, аспирациялық қондырғыларды реконструкциялау жүргізілген жоқ. Егер шығарындыларды 8 мың тоннаға төмендетіп, қаланың ауа бассейнінің сапасын айтарлықтай жақсартуы мүмкін еді.

Бірақ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ орнын басқан «Qarmet» АҚ өзіне бірқатар міндеттеме алды. «Qarmet» АҚ жаңа инвесторы экологияны жақсарту жөніндегі іс-шаралар көзделетін компанияны дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуде.

Теміртаудан кейін, негізгі техногендік жүктеме – Қарағанды қаласына тиесілі.

Қаланың негізгі экологиялық проблемасы – 26 мыңнан астам жер үйдің мұржасынан шығатын түтін.

Аталған мәселені шешу мақсатында әкімдік жеке секторды газдандыру бойынша жұмыс жүргізуде. 2024 жылға бұл мәселеге бюджеттен 4 млрд. теңге бөлініп, қазірдің өзінде 3256 үй газбен жабдықтауға қосылды. Газ тарату желілері 8530 жеке тұрғын үйге жеткізілді.

Бірақ, Бақтияр Төлеуғазыұлы аталған көрсеткіштер әлі де төмен екенін, бұл қаланың ауа бассейнінің сапасын жақсартуды тежеп отырғанын айтады.

– Келесі мәселе – «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты жабдықтарының технологиялық тозуынан туындаған Балқаш қаласының атмосфералық ауасының ластануы. Мыс кенін балқыту кезінде шаң тазарту жабдықтары мен сору жүйелерінің тозуына байланысты шаң түріндегі газ қоршаған ортаға еніп, атмосфералық ауаны ластайды. Осыған байланысты мыс балқыту цехтарындағы түтін газдарын ұстау және тазарту жүйелерін толығымен жаңғырту және ауыс­тыру қажет, – дейді Бақтияр Көлебаев.

Профилактикалық бақылау шеңберінде 2024 жылдың соңына дейін «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты цехтарында түтін газдарын ұстау мен тазартудың қолданыстағы жүйелерін толығымен жаңғырту және ауыстыру қажеттігі туралы нұсқама берілген. Кәсіпорын шығарындыларды азайту және Балқаш қаласының атмосфералық ауасының сапасын жақсарту мақсатында іс-шаралар жоспары шеңберінде 2025 жылы күкірт-қышқыл цехының екінші желісін салуды көздейді. Бұл күкірт шығарындыларын 50% немесе 31 мың тоннаға дейін төмендетуге алып келмек.

Кәсіпорын шығарындыларымен қатар, атмосфералық ауаны коммуналдық қалдықтар да лас­тайтынын айту керек. Мәселен, ауылдық жерлердегі қатты тұрмыс­тық қалдықтардың заңдастырылмаған полигондары бар. Облыс аумағында, қалдықтарды орналастыратын 168 полигон болса, оның 51-і ғана заңдастырылған, ал 117-і – заңдастырылмаған және рұқсат құжаттары жоқ.

– Табиғи ресурстар басқармасының 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Қарқаралы, Балқаш, Абай қалаларында және Ботақара, Нұра, Ақадыр кенттерінде полигон салу сияқты іс-шаралар көзделген, – дейді Бақтияр Көлебаев.

Сондай-ақ, елдімекендер аумағында жыл сайын рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болу проблемасы бар. Бұл жер ресурстарының сапасына теріс әсер етеді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ космомониторингі аясында облыста 11 стихиялық қоқыс үйінділері бар екенін көрсеткен.

Бақтияр Төлеуғазыұлы көрсеткен тағы бір мәселе – ластанған суды тазарту қондырғыларының мүшкіл халі. Ал, бірқатар жерлерде ол мүлдем жоқ. Бұл бағытта жұмыстар қолға алынуда.

– Облыс әкімдігінің 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Ақтоғай ауылында, Қарағайлы кентінде, Ақсу-Аюлы ауылында және Новодолинский кентінде кәріз желілерін және тазарту құрылыстарын салу сияқты іс-шаралар көзделгенін атап өту қажет, – дейді Бақтияр Төлеуғазыұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button